Бесік жыры невроздан сақтайды

Ана мен баланың ең алғашқы байланысы бесік жырынан басталады. Алғашқы рухани нәр сәби жүрегіне осы әлди жырымен сіңеді. Нәресте үшін ана сүтінің маңызы қаншалықты маңызды болса, бесік жыры да сондай құнды. Сәби миындағы нейрондар даму үшін, бесік жырынан артық дәрумен таппайсыз. Мұны әлем ғалымдары да дәлелдеп отыр. 1916 жылы психоневрология институтының негізін қалаған академик Владимир Бехтерев: «Балалардағы невроз ауруының алдын алу үшін бесік жырын тыңдату керек» деген тұжырым айтқан.
Нәресте барлық ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын ескерсек, оған бесік жыры арқылы ұлттық төл тәрбие қаланады. Бар мейірім, махаббатын осы жыр арқылы жеткізе білген дана халқымыз оны айтпай сәбиін ұйықтатпаған. Ол баланың көкірек көзін ашады, сезімін сергітеді, көңілін көтереді. Әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі іспетті. Қазір күйбең тірлікпен жүріп әйел-аналар бесік жыры түгілі, баланы бесікке бөлеуден қол үзіп қалып жатыр.
Қазіргі таңда кейбір жас ата-аналар бесік жырын айтуды қаламайды. Есесіне, қазіргі заманауи музыканы бала санасына сіңіреді. Соның кесірінен болар, жасөспірім тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінде жастардың қазақы салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан алыстап, көбінесе батысқа еліктеп бара жатқаны ел алаңдаушылығын тудырады.
Жасыратыны жоқ, қазір жас аналар балаларын ұйықтату үшін бесіктің бас жағына ұялы телефонды қойып, шетел музыкасымен қосып тербетеді. Бүгінде келіндерге ұлттық өнегені үйретіп, тәрбие беретін енелер қатары да азайды, бесік жырын айтататын әже, апаларымыз сирек деп айтуға болады.
«Бесік жырын немереңізге айтып бересіз бе?» деп қала тұрғыны, көп балалы ана Бағилаш апамызды әңгімеге тартқан едік. Ол: «Қазір бесік жырын айтып отырған келінді кездестірмедім. Сәбиіне мағынасы жоқ әуенді телефоннан қосып қояды. Бұл бір жағынан үлкендердің де кінәсі деп ойлаймын. Өзіміз жастау кезімізде бесік жырын енелерімізден естіп, балаларымызға да айтып беретінбіз. Аллаға шүкір, қазір егемен елміз, әдет-ғұрпымыз қайта жаңғыруда. Немерелерімді бесікке өзім салып, бесік жырымен ұйықтатамын. Келініме: «баланы бесікке салсаң таза әрі ұйқысы да тыныш болады, ал бесік жыры барлық қазақы болмысты бойына дарытады» деп айтып отырамын,– деді ағынан жарыла.
Бесік жыры – әрбір ананың сәбиіне деген үлкен махаббатының жырмен өрнектелген көрінісі. Баланы тербетіп отырып айтылатын осынау ғажайып жырдың тәрбиелік әрі тағылымдық мағынасы зор. Осы бір әдемі әуеннің астарында жас баланың дені сау, адамгершілігі мол, өнерлі, еңбекқор, еліне қорған болатындай азамат болып өссе екен деген ізгі ниет жатыр.
К. МАХСҰТ