Теңіз тағдырлы жан еді...
Теңіз тағдырын арқалаған, балықшы мұңын жүрегіне байлаған, елдің сөзін сөйлеген тағы бір ардақты азамат бақиға аттанды.Құдайберген Саржанұлы Саржанов… Бұл есімді Аралдың тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Ол кісі Аралдың жайын сырттай бақылаған адам емес, оның тағдырын өз тағдырына айналдырған азамат еді.
Балықшының отбасында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесімен есейді. Бала күнінен еңбекке араласты. Теңізде жүзді, кеме басқарды. Балық шаруашылығының қара қазанында шыңдалды. Қарапайым маманнан министрлікке дейін көтерілді. Бірақ биіктеген сайын тамырын Аралдан үзген жоқ. Керісінше, Аралға бұрынғыдан бетер жақындай түсті.
Министр болған жылдарында да, қызметтен кеткеннен кейін де туған жерінің мұңын арқалап өтті. Аралдың балығын қорғады, қаязын көбейтуге күш салды, балық шаруашылығының тарихын жинады. Елдің ертеңі үшін кешегі күннің өнегесін сақтауға тырысты.
Бүгін ел ағалары, зиялы қауым, азаматтар, жақындары және ағаны сыйлаған қалың ел бір дәуірмен біте қайнасқан ерекше тұлғамен қош айтысты. Бәрінің жүзінен бір өкініш оқылды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасарынан бастап, министрлердің, облыс әкімі мен қоғам зиялыларының көңіл айту жеделхаттарының келуі де Құдайберген ағаның ел алдындағы еңбегінің қаншалықты бағаланғанын аңғартты.
Құдайберген аға тірісінде ешкімді алаламады. Байға да, кедейге де, бастыққа да, қарапайым еңбек адамына да бірдей сыйластықпен қарады. Адамның дәрежесіне емес, адамдығына мән берді. Сондықтан да өзі де елдің сыйына бөленді.
Кеше ғана төрде отырып, өткенді айтып, бүгінді бағамдап, ертеңді ойлайтын ағамыз енді жоқ. Бәрі де жақсы жанның бұл өмірден өткенін өкінішпен қабылдады. Біз де бұл қазаның салмағын сезінеміз. Халқы жоқтаған қадірлі жанды іздейміз. Бірақ тағдырдың өзгертуге келмейтін жазуы пенденің пешенесіне байланған.
Мәңгілік мекеніңіз жұмақ төрінде болсын, аға!
Аманжол ОҢҒАРБАЕВ








