Бекіренің бел кеспесін жемеген…

Қазіргі Кіші Аралдың да тазалық жағынан кенде емесін білеміз. Ал балығы ше?! Теңіз балықтан кенде болмаған. Мысалы, салыстырмалы түрде қарасақ, бір гектар суды алалық. Бұл өлшеммен балықтың шығуы Жерорта теңізінде 0,5, Қара теңізде 2, Балқашта 9, Солтүстік Каспийде 30 келіден келетін болса, Арал теңізінде 10 келіден келген. Тіпті, ертеректе тыран аулау жөнінде Арал теңізі үшінші орын алыпты.
Тыран демекші, басқаға қарағанда Аралдың балығы дәмді де жұғымды екенін жұрт әлі айтады. Кезінде осындағы балық комбинаты сыртқы экспортқа ақбалықтың төсі мен қаязды, шөмейкені, т.б. шығарғанын айтсақ та жеткілікті. Теңіздің ихтиофаунасы 20 түрден 34 түрге (жерсіндірілгендері бар) дейін жеткен. Уақыт өте келе кейбір балықтар жойылып, кейбірі едәуір азайған. Мұнда көбіне тұқы тұқымдас балықтар басым. Ең жаманы Аралдың бекіресі таза жойылды десек те болады.
Айтпақшы, мақаламыздың осы бөлімінің тақырыбындағы сөздің әу бастағы шығу төркініне оралсақ. Сырдарияның төменгі бөлігінде отырған ел Қыр және Сыр Шектісі деп бөлінетін. Бұл аңызды жергілікті жұрт қысқаша былай тарқатады.
Теңіз маңайында қоныстанған, үй-іші балық аулаумен күнелтетін Сыр Шектісінің бір қызы Қырды жайлайтын осы елдің бір аталығына келін болып түссе керек. Жас келінге баяғы қыз күніндегі жағдай қайда? Мұндағы Шектілер теңізден тысқары өмір сүрген, балық етін менсінбейді. Мал мен қымыздан басқасына мойын бұрмайтын елдің жайы – тек көшіп-қону. Ал Қырға жаңадан түскен жас келін күнделікті ағарған мен қой етіне көндіге алмайды. Сонда: «Бекіренің бел кеспесін жемеген сорлы басым, қойдың құйқалы етіне тап болдым-ау» депті ғой. Бала күннен таңдайына сіңген балық етінің құдіреті еді бұл. Балықшы елдің қызы айтқан осы сөз сол төңірекке мәтелдей болып тарап кеткелі қашан…
Рас. Бекіренің еті өте бағалы. Оның тәттілігі мен пайдасы жағынан теңесетін балық аз. «Қызыл кітапқа» енген оның уылдырығы алтыннан кем бағаланбайды десек, артық айтпаспыз. Жоғарыда айтқандай, теңізде 25 түрлі балық бар дедік қой. Өкініштісі, бекіре тұқымы Аралда түгесілді. Жоқ! Шындығы осы.
Ержан ҚОЖАС
syrboyi.kz