"Аралқұмдағы ақырғы аялдама"
Өткен жылғы «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауында топ жарған жеті-сегіз сүбелі туындының бірі де бірегейі осы аттас роман болатын. Авторы – жерлесіміз, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай.Әуелі кітап атын таңсық көріп «Е, мына кітап Арал ауданындағы Аралқұм елді мекені туралы болды ғой» деп шолақтау ойлағанымыз рас. Бірақ бұл туындының ішек-қарынын түгел сүзіп, көз майымызды тауысып оқып шыққанда басқа әлемге тап болғандаймыз. Себебі, жүлдегер жазушы жерлесіміздің мен білердегі басты тақырыбы – экологиялық апат аузындағы Арал теңізі, оның жағалауын жайлаған жерлестері. Тіпті ол сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») басылымында тұңғыш рет жарық көрген «Біздің Аралдың адамдары» әңгімесінен бастап жоғарыдағы тақырыпты қаузап келген еді.
Жазушы Қ.Жиенбайдың жоғарыда аталған бәйгеде бағын сынап, ат оздырған романын осы жолы қарапайым оқырман ретінде қолға алдық. Байқағанымыз, роман үлкенді-кішілі он сегіз тараудан тұрады екен. Әрқайсысына ат қойылып, айдар тағылған осы тараулардың «Ұтыс пен ұтылыс» атты алғашқы тарауы төмендегіше басталып баяндалады.
«Бетбақтың түйе өркеш құм төбелерінің қайдан басталып, қайдан аяқталатындығын «мен білемін» дейтін пендені кезіктірсе, көздері шықсын! Құдай-ау, бұл неткен айдын-шалқар кеңістік?! Әлдебір құрлықтар мен ендіктерді мекендеген халықтарды жердің тарлығынан бір-біріне алакөздендіріп қояды да, табиғат жарықтық бұларға келгенде алақанын аямай ашып тастап, керек пе, керек емес пе, о жағына бас ауыртпай, лақ еткізіп бәрін бере салады».
Жазушының ә дегеннен романын бүйтіп бастауы қазақ даласының байтақтығын, қазақ баласының көңіл кеңдігін көрсетуге қадам жасауы болса керек. Ал сол ұлан-ғайыр даланы мекендеген адамдар тағдыры, алуан мінезі, ішкі-сыртқы жан дүниесі қайшылыққа толы екенін көреміз. Байтақ даланы таспадай тіліп, ұзыннан ұзақ ащы ішектей созылған ұлан-ғайыр кеңістіктің бір нүктесінде жатқан Аралқұм болат жол бекетіндегі адамдар тағдыры жазушы қаламының ұшында қалай, қайтіп бейнеленді? Оны кітапты оқып, ой-санасының сүзгісінен өткізген оқырман ғана біледі. Біз тек өзіміздің азғантай білгенімізді, миымызға ілгенімізді ғана рет-ретімен баян етуге бел буған жайымыз бар.
Біріншіден, бұл роман қарапайым ауыл адамдарының қазіргі тағдыр-талайын шынайы, нақты суреттеуімен құнды. Неге дейсіздер ғой. Жоғарыда айтқан «Ұтыс пен ұтылыс» атты алғашқы тарауда Бетбақдала, онда тіршілік еткен аң-құс, оның ішінде құмға із салған кесірткелер бейнесі бар емес пе? Екіншіден, талай ұрпаққа несібе-ырзық болған Арал теңізі тартылып, амалдың жоқтығынан Аралқұм бекетіне қоныс аударған Өтеміс пен Теңізбай есімді жас жігіттердің тағдырлары кесірткелерге ұқсас. Кесірткелер де, әлгі екі жігіт те тіршілік үшін байыз таппай жүр. Бірі Бетбақдаланың бұта-түзгінді жазықтарын кезіп, нәпақа іздеп жүрсе, екіншісі де Байқоңыр ғарыш айлағының іргесіндегі Төретам кентіне туу теңіз түкпіріндегі атақоныстарынан бала-шағасын шұбыртып кеп несібе-ризық теріп жүрген жоқ па? Бәрі тіршілік үшін, «қара қазан, сары қарын бала» қамы үшін.
Романда қанша кейіпкер болса, сонша тағдыр бар. Солардың бәрін жазушы қиыннан қиюластырып, өз стилімен өрнектей білгенін байқаймыз. Соның айқын айғағы, кітаптағы Сұлутам депосының бастығы Аспандияр, әлгіндегі Өтеміс пен Теңізбай, Мөңкебай, Жарылқасын, Тұрсынбай және басқа көптеген кейіпкердің әрқайсысы – бір-біріне ұқсамайтын дара тұлғалар. Ішкі жан дүниелері де бөлек бір әлем. Олардың баршасын біріктірген несібе-ырзығы болса, қызметі өрілген, болат жол бекеттерінің үлкен-кішісін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған депо бастығы Аспандиярдың үстел басындағы үстемдігі. Бірақ қызмет қолдың кірі екенін ноқтадан басы босанғанда ұққан ол өз қателігін кеш түсінді. Сөйтіп баяғы Аралқұм бекетіне көшуге бел байлайды. Ақыры Сұлутам сияқты көрікті шаһардан кішкентай ауылға қоныс аударуға мәжбүр болады.
Жазушы кеше ғана дүрілдеген депо бастығының қызметтен қол үзген сәтін мына бір қарапайым сөйлеммен білдіреді. Сұлутам депосының директоры Аспандияр Нұрмақов екінші қабаттағы кең кабинетіне енді баяғыдай алшаңдап кіре алмайды: қолы қалт еткенде терезенің алдында таза ауа жұтып тұрғансып, айналасы атшаптырым ауладағы қыз-қыз қайнаған тірлікті алыстан бақылауды басы бүтін ұмытады: ұмытпайды, уақыттың зыр-зыр еткен диірмені ұмыттырады: қақпадан кіріп келе жатқанда күзетшіден бастап, сапардан оралған машинистерге дейін генералға «шест» берген солдаттардай жандарынан бұл өтіп кеткенше… сымдай тартылып тұратын-ды, енді тұрмайды. Есеп-қисап бөліміндегі қыз-келіншектер бастықтың алдында олпы-солпы көрінуді ұятсынып, емен есіктен ары аттарда айнаға қарап сыланып-сипанбайды…
Е, кеше патша едің, бүгін пақыр болдың деген осы да. Дүние кезек. Аспандияр Сұлутам депосының директоры боп дүрілдеп, айтқаны болып, айдағаны жүріп тұрғанда ан-оу Арал теңізі жағалауынан күнкөріс қамымен Төретамға амалсыз қоныс аударған Өтеміс пен Теңізбайдан теріс айналған еді. Енді міне… Ең ақырында қызметтен қол үзер шағында тәубесіне келді. Өзінен жоғары қызметтегі бұрынғы басшысына өтініш жасап, кезінде өзі әуре-сарсаңға салған Өтеміс пен Теңізбайды жұмысқа қабылдауды, кезінде өзі елеусіз деп санаған тағы біраз істерді тапсырып, өтініш жасады. Онымен де тұрмай, ең аяғында Аралқұмға көшіп келгені ше… Баяны жоқ бақтың ақыры осы да.
Романда о басында айтқанымыздай өзіміз бастан кешіп жатқан қазіргі заман тынысы анық байқалады. Мысалы, автордың бүгінде бірте-бірте қолданысқа кеңінен енген технологиялық жетістіктерімізді орынды қолдана білгенін айта кетсек артық болмас.
Осы романда қазіргі заманға сай пысық, пісентті, қара судан қаймақ сүзген Жарылқасын есімді кейіпкер бар. Жаңағы біз айтқалы отырған, өркениет жетістігінің бірі – дрон аппаратын ауылда алғашқы пайдаланған адам. Әрине, Жарылқасын бұрын адамдардың ойы түгіл түсіне кірмеген әлгі дронды қаншама ақшасын рәсуа қылып босқа сатып алған жоқ. Бас пайдасына жарату үшін сатып алды. Енді соның мүмкіндігін ауыл аспанында ұшырып, төрт түлік малын, жеке меншік жерін түгендеп жүрген жайы бар.
Міне, базарлы нарықтың тұсындағы байшыкеш адамдардың оқта-текте көзге көрінетін көңілге қонымсыз бейнелері. Сол Жарылқасынның көзінің қарашығындай сақтап, дронмен дүркін-дүркін бақылап, қызғыштай қорып жүрген жиырма гектар жерін ақыры аукцион арқылы ресейлік кәсіпкерлерге сатуға бел байлады. Оның сыртында Аралқұмның іргесіндегі кварц құмы да көз құртына айналғалы қашан.
Жазушы мұның бәрін қазіргі өмірдің нақты мысалынан алып отырғаны белгілі. Себебі, қазір Аралқұм бекетінің іргесіндегі Шөміш елді мекенінің тұсынан Қызылорда қаласындағы зауытқа кварц құмы тасымалданып, осы бір табиғат байлығынан сапалы шыны шығарылып жатқаны белгілі.
Аталған романдағы жер-су атаулары да, Арал тұрғындарының көздеріне жылыұшырай көрінеді. Мысалы, Аяқөткел, Алты құдық, Шөмішкөл, Аралқұм, Шөміш және басқа жер, елді мекен аттары жүректі елжіретеді. Жазушының туған жерге деген жан сүйіспеншілігінен, сартап сағынышынан туса керек. Оны жүлдегер шығарманың әр тұсынан шолуға болады. Осыған байланысты көңілден кетпейтін, ойдан өшпейтін жоғарыда аттары аталған кейіпкерлердің бірі – Өтеміс. Ол – ұлы теңіз шалқып жатқан кезеңде балықшы кемесінде білікті механик қызметін мінсіз атқарған жан. Теңіздің сырын да, жырын да бір адамдай білетін. Оны айтасың-ау, ауа райын алдын ала болжайтын көріпкелдік қасиеті де бар. Сол Өтемістің қоныс аударып, темір-терсек тергіштеп кетуі тағдыр талқысына түскен теңіз-анамыздың бүгінгі ауыр халінен аумайтынын қайтерсің. Осыдан-ақ жазушы Қ.Жиенбайдың алуан тағдырлы адамдар психологиясын жетік танып, келісті көркем шығармаға айналдырған шеберлігіне тәнті боласың.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, белгілі жазушы жерлесіміз Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты жүлдегер романы оқырман оясынан шығатын нағыз көркем туынды екеніне әбден көз жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт руханияты үшін аса маңызды құжат – «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осыған орай ел-елдегі, жер-жердегі руханият бесігі – ауыл, қала кітапханаларында кітап оқу мәдениетін дамыту шаралары жаппай қолға алынуда. Міне, осы кезеңде қалың оқырман белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Аралқұмдағы ақырғы аялдама» атты жүлдегер романын оқыса, одан біраз рухани азық алары сөзсіз.
Толыбай АБЫЛАЕВ
syrboyi.kz








