Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Беделі биік білім ордасы

Беделі биік білім ордасы

Тарихы сонау өткен ғасырдың басынан басталатын Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектепке тура 100 жыл толып отыр. Талай ұлттың жанашырлары мен қоғам белсенділерінің, саңлақ теміржолшылардың киелі шаңырағына айналған білім ошағы талай буын түлектің балалық шағына куә болды.
Тоғыз жолдың торабы түйіскен Сексеуілдегі алғашқы қасиетті қара шаңырақтың бірі – алтын ұя мектебіміздің ғасырлық тойы кенттің ғана емес, ауданның да торқалы тойы.
Сексеуіл бекетінде әуелі бастауыш, кейін сегіз жылдық, одан соң №48 орта мектеп болып, 1940 жылы ашылып, оның алғашқы директоры Бұлқайыр Айқынов болды. Қазақ мектебін бітірген балалардың жоғары оқу орнына түсерде орыс тілі мен әдебиетінен шығарма емес, диктант жазуына ықпал еткен дарынды мұғалім де Бұлқайыр Айқынов еді. Мектепті 17 жыл басқарған Бұлқайыр ағай туралы «Толқын» және «Егемен Қазақстан» газеттерінде мақалалар жазылған.
Осы ағамыздан кейін мектеп басшысы тізгінін Нәжмадин Күнқожаев, Мұса Сәдібеков ұстады. 1969 жылы Сексеуіл қыстағындағы №423 қазақ орта мектебін 1977 жылға дейін мектеп директоры болған Әкімжан Мусин аға туралы да «Жұртым деп соққан жүрегі...» атты мақала жарық көрді.
Қара шаңырақтың білікті басшылары қатарында Әбдіразақ Досмырзаев, Кеулімқош Бейсенбеков, Жоламан Жолдасов, Шолпан Әйтешова, Сайдулла Шүйіншібаев, Сәкен Төрешов, Мирон Тұрымбетов, Қасқырбек Күзембаев, Бектұрған Таласбаев болды.
Ал Алтынбек Киікбаев – бүгінгі таңда №87 орта мектептің директоры, информатика пәнінің мұғалімі. Екі университетті тәмамдаған, педагогика ғылымдарының магистрі, кәсіби және шығармашылық жетістіктері мол ұстаз.
Тұтас бір дәуірдің шежіресі іспетті бұл мектепте ұстаздар әулеті көп. «Ерлі-зайыпты ұстаздар» атты мақалада Б.Айқынов, Қ.Қазмағанбетова, Ә.Досмырзаев, А.Исаев, Қ.Асаева, О.Демеуов, Р.Ілекерова, М.Мешітбаев, Р.Жүнісбаева, Д.Тұрсырмаханбетов, Ш.Қалымбетова, Ж.Ерімбетова, Ш.Ерімбетов, Б.Шаңқұлов, Р.Сүлейменова, Ж.Баспақбаев, А.Шоқпаров, А.Текебаев, Қ.Ырзағазиева, А.Мұздыбаева сынды ұстаздар аталады.
Олар соғыс жылдарының қиындығын көріп, елге еңбегін сіңірген мұғалімдер әулеті еді. Бүгінде олардың ұрпақтары ұстаздық жолды жалғастырып келеді.
Жүгініс Баспақбаев 1958 жылдан зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін мектеп директорының орынбасары болып 45 жыл қызмет атқарды. Ағыбай Текебаев, Айымкүл Ниетбаева, Жаңыл Баспақбаева тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар болса, Оразбай Демеуов оқу ісін басқарды. Мектеп жанындағы интернатты Амандық Исаев басқарды.
Мұхабдин Ахметов, Жалғас Нұрманов, Қоңырша Исаева, Темірболат Танабаев, Камал Өтешов, Шыңғыс Айбосынов, Нұртуған Елебаев, В.В.Гуливатый, Л.И.Егорова, Қалампыр Қазмағанбетова, Ақзила Исмағұлова, Еңсеп Жақсыбай сынды мықты ұстаздардан алған білім талай шәкірттің өмірлік азығына айналды.
Мақтаныш түлектер
Қара шаңырақтан ұлттың намысын қорғап, елге қызмет еткен айтулы азаматтар шықты. Парламент Мәжілісінің депутаты болған Геннадий Шиповских, Тимур Манашов, Сақыпжамал Дәріқұлова, Раушан Бейімбетова, Қасым Әйменов, Аралбай Қозбақов, Жангелді Төрединов, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Әбілсейіт Дәуітов, Күлайша Сүлейменова – мектеп мақтаныштары.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Құрмет белгісі» ордені мен Тәуелсіздіктің 10, 20, 30 жылдық медальдарының иегері Шыңғыс Айбосынов, ағалы-інілі Шыңғыс, Кішкене Айбосыновтар және қаламгер-журналист Жақау Дәуренбековпен де мақтанамыз.
Қоғамдық-саяси жұмыстарда шыңдалған, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитетінің қызметкері, ұзақ жыл аудандық мәслихат депутаты, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Кішкене Айбосынов – осы мектептің түлегі әрі өзі оқыған мектепте математика пәнінен дәріс берген азамат.
Ағайынды Бақберген, Өмірзақ, Қымбат Жолымбет үшеуі де осы мектептің озат оқушылары болды.
Бақберген Жолымбет 1960 жылы №423 мектептің бірінші медалисі атанып, Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және телемеханика факультетін бітірді. 1966 жылы Мәскеудің Бауман атындағы техникалық училищесінде диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты атағын алған алғашқы қазақ болды. Кейін Қ.И.Сәтбаев атындағы политехникалық университетте ұстаздық етті, Англияның Манчестер университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Өмірзақ Жолымбетов – жазушы, журналист, спортшы, палуан. Нұрмағанбет ақынның «Сартай батыр» дастанын іздестіріп, кітап етіп шығарды. Спорт тарихына байланысты жиырмадан астам кітап жазып, тарихи тұлғалар туралы еңбектер қалдырды. 1995 жылдың үздік журналисі атанып, ЮНЕСКО-ның «Алтын жұлдыз» халықаралық сыйлығының лауреаты болды.
Қымбат Жолымбет 1971 жылы Сәтбаев атындағы Политехникалық институтты бітіріп, мемлекеттік қызмет атқарды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі мен Парламент аппаратында қызмет етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы маңызды саяси-құқықтық шараларға қатысты.
Мектебіміздің түлегі Жантеке Жарымбетов Хақназар ханға Созақ жерінде кесене салдырып, Бүкірек батырды тарихта қалдыруға үлес қосты.
Елімізге белгілі ғалымдар Алданыш Нұрымов, Мықтыбек Сембиев, Жүзбай Тұрсынмағанбетов, Зәуреш Керимова, Кенжебек Ахметов, Жақсылық Абатов – осы мектептің атын шығарған алдыңғы қатарлы оқушылар.
Еділ Мақашев Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінде декан болып еңбек етеді.
Шампиковтер отбасындағы Жеткерген, Қалдыбек, Қайыржан да мектептің үздік түлектері болды. Жеткерген Шампиков инженер-энергетик болып, Қазақстандағы ірі энергетикалық мекемелерде басшылық қызмет атқарды. Қалдыбек Шампиков инженер-механик мамандығын алып, өндіріс орындарында еңбек етті. Қайыржан Шампиков тау-кен инженері болып, ірі өндірістерде қызмет атқарып, «Ең үздік тау-кен шебері», «Кенші даңқы» ордендерімен марапатталды.
Теміржолшылар
Сексеуілдің тарихы теміржолмен тығыз байланысты. «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы 1901 жылы басталып, 1906 жылы толық аяқталды. 1905 жылы Құмсай шеберханасы салынып, 1911 жылы локомотивтердің айналым депосы пайда болды.
1933 жылдары Сексеуіл паровоз депосының алғашқы паровоз машинистері ағайынды Петр, Илья, Виктор Афанасьевтер болса, қазақтар арасынан Мәулім Рзағазиев, Мыңжан Бектұрғанов, Қалы Есеев, Жанияз Рзағазиев, Қуантқан Жандәулетов алғашқылардың бірі болып паровозбен жүк пойызын тасымалдаған.
Қызылорда теміржол бөлімшесін 1977–1990 жылдары басқарған «Құрметті теміржолшы» Орынбай Жанәділов, «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Бөлекбай Бектұрғанов, еңбек және соғыс ардагері Махан Жүгінісов, «Құрметті теміржолшылар» Ермекбай Ерманов, Мәжит Құрманбаев, Уәлихан Жұмағұлов, Әлихан Қошқаров – мектебіміздің мақтаныш түлектері.
Теміржол саласында 48 жыл еңбек еткен Жаңғана Тілесов, Жақсат Ибрагимов та салаға абыройлы қызмет етті. «Еңбек Қызыл Ту» орденді Мешітбай Ерімбетовтің ұлы Қадим – үздік машинист-нұсқаушы, кейін депо бастығының орынбасары болды.
Әлидулла Тұрмантаев – теміржолдың абыз ақсақалдарының бірі. Әбдінағи Шампиков Сексеуіл депосында паровоз машинисінің көмекшісі болып еңбек етіп, соғыс жылдарында майданға қажетті жүктерді тасыған машинистер қатарында болды. Соғыстан кейін Қазалыдағы теміржол техникумын бітіріп, депода нұсқаушы-машинист, техника қауіпсіздігі инженері қызметтерін атқарды.
40 жыл үздік машинист болған Тайғожа Хангелдиев, сондай-ақ сала саңлақтары С.Жанғазиев, С.Керуенбаев, Ж.Ибрагимов, депо басшылары Бөрі Санкубаев пен Мұхтар Кеулімжаев, ұзақ жыл бас инженер болған Сейтен Көптілеуов, құрметті теміржолшылар А.Серыбаев, Ж.Қаниев, А.Сариев, У.Көшекбаев, А.Жүгінісов те – мектептің мақтаныштары.
Жөндеу депосының шебері Әбжәми Бекмұрзаев, облыс әкімінің стипендианты Ақтілек Есеев, «Адал еңбегі үшін» медалінің иегері Бақберген Наурызалиев, «Жол шебері» Ғани Құрманбаев, инженер-метролог Зәуре Исаева теміржол саласында абыройлы еңбек етті.
Теміржол саласының ардагері, локомотив депосының бастығы болған Өмірсерік Жанұзақов та осы мектептің түлегі. Әсем Шампикова 1969 жылы мектепті үздік тәмамдап, Сексеуіл депосында лаборатория басшысы болып ұзақ жыл еңбек етті.
«Қыз Жібек» клубы, «Локомотив» педотряды
Осы жолдардың авторы да 1975 жылы мектеп бітіріп, 1982–1985 жылдары өз ұстаздарымен бірге еңбек етті. Мектепте ер мұғалімдер көп болып, тәртіпке, білімге, қоғамдық жұмыстарға ерекше мән берілді.
Босатылған комсомол-жастар комитетінің хатшысы болып үш жыл еңбек етіп, мектепте «Қыз Жібек» эстетикалық клубын құрдық. Оның мақсаты – жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адалдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеу еді. Кеш-кездесулер, пікірталастар, диспуттар мен жастар сайыстары ұйымдастырылды. Мектеп директоры Әбдіразақ Досмырзаев пен тәрбие ісін ұйымдастырушы Ағыбай Текебаев шараларға үнемі қатысып отырды.
Клубқа №64 мектептен Бақытжан Жұмаев, №13 мектептен Эльмира Жанабергенова, №83 мектептен Гүлнар Суханберлиева, №62 мектептен Рақымжан Жұлдызбаев, №220 мектептен Бектібай Қожекеев пен Гүлмира Жанназарова секілді өнерлі, озат оқушылар шақырылды. Кейін олардың арасынан елге белгілі жырау, полковник, елші және мемлекеттік қызметкерлер шықты.
«Қыз Жібек» клубымен қатар «Локомотив» педагогикалық отряды құрылып, мектеп түлектері оқушыларға мамандық таңдау, еңбек, тәртіп туралы әңгімелер өткізіп отырды. Бұл жұмыстар жастардың болашаққа дұрыс бағыт таңдауына ықпал етті.
Клуб мүшелерінің қатарында мектепті «Алтын медальмен» тәмамдаған дәрігер Алмажан Ералиева, жоғары санатты кардиолог, «Иман жүрек» клиникасының негізін қалаушы, 2024 жылы Гиппократ медалімен марапатталған маман бар.
Светлана Тәңірбенова Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын тәмамдап, дәрігер болып еңбек етті. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі төсбелгісіне ие болды.
Асылкүл Шаранова мектепті «Алтын белгіге» тәмамдап, медицина саласында еңбек жолын бастап, бүгінде Ақтөбе бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы қызметін атқарады.
С.Бектұрғанова Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, жоғары санатты акушер-гинеколог атанды. 1991 жылдан бері Жаңақорған аудандық ауруханасында еңбек етіп, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды.
Қайырымдылық – асыл іс
Мектеп түлегі Марал Есекешова – Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты. Ол 2008 жылдан бастап туған кентіндегі №87, №231, №177 мектептердегі дарынды балаларды қолдап, жыл сайын шәкіртақы тағайындап, көмекке мұқтаж балаларға сый-сияпат жасап келеді. Әкім шыршасында балаларға киім-кешек пен сыйлықтар табыстап, мешіт құрылысына, ардагерлер ұйымына, табиғи апаттан зардап шеккен ауылдарға және Арыс тұрғындарына да көмек көрсетті.
Мектеп түлегі Құндыз Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, 1985 жылдан мемлекеттік нотариус, 1999 жылдан Ақтөбе нотариалдық аймақтық округінің жеке нотариусы болып еңбек етті. Кенттегі мешіт құрылысына да қолдау көрсетті.
Профессор, жоғары математикадан оқулықтар шығарған Алданышбай Тілеубенов те мектеп оқушыларына бірнеше мәрте ақшалай ынталандыру сыйлығын берді.
Тұңғыш прокурор қыз
Мектеп түлегі, «Қыз Жібек» эстетикалық клубының белді мүшесі Ләззат Жанысова 1985 жылы мектепті бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1990 жылы үздік тәмамдады.
Сонан соң 28 жыл прокуратура органдарында қызмет етіп, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бөлімдері мен басқармаларын басқарды. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Бас көлік прокурорының орынбасары лауазымынан зейнетке шықты. Аға әділет кеңесшісі, полковник шенін иеленді. Прокуратура органдарының Құрметті қызметкері.
Ләззат Жанысова өз ұстазы құрған «Қыз Жібек» клубының өмірлік жолына үлкен әсер еткенін айтып, көпшілік алдында сөйлеуді, пікірталас жүргізуді, өз ойын ашық жеткізуді сол ортадан үйренгенін атап өтті.
Ғасырлық тойда мектеп түлектерінің сағынышқа толы жүздерін көру – үлкен қуаныш. Ұстаз бен шәкірттің қасиетті қара шаңырақта қайта жүздесуі – мектеп тарихының жалғастығы мен ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісі.
Құндыз Дәуітова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
10 қазан 2026 ж. 76 0