Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » САН ТҮЛЕКТІ САМҒАТҚАН АЛТЫН ҰЯ немесе директорлар ұстаханасы

САН ТҮЛЕКТІ САМҒАТҚАН АЛТЫН ҰЯ немесе директорлар ұстаханасы

Ақиректің баурайында орналасқан Ақбай ауылындағы №63 орта мектебінің 90 жылдық мерейтойы өтті. Бұл – ел болашағы үшін білім мен тәрбие беруде талмай еңбек етіп келе жатқан алтын ұяның жарқын жетістіктерін атап өтетін ерекше күн. Білім ордасындағы маңызы бөлек мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері мен ата-аналар, ауыл тұрғындары мен білім беру саласының өкілдері қатысты.Шара аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлының жылы лебізімен ашылды.
– Талай түлекті қанаттандырып, елдің мақтанышына айналған Ақбай мектебінің 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл білім ордасы – ауылдың абыройы, ел болашағы үшін еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың ордасы. Мектептің тарихы тереңде, тағылымы мол. Осы орданың қабырғасынан түлеп ұшқан мыңдаған түлектер елге елеулі, жерге қалаулы азаматтар атанып, туған жердің даңқын асқақтатуда. Мектеп ұжымына алдағы уақытта да білім көшін өрге сүйреп, ел игілігі үшін аянбай еңбек ете беруіне тілектеспін! – деді.
Мұнан соң, аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова мен мектеп түлектері де жүрекжарды тілектерін білдіріп, ұстаздардың еңбегіне ерекше тоқталды.
Мерейтой аясында арнайы шығарылған 90 жылдық тарихтың куәсі «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта мектептің қалыптасу тарихы, танымал түлектері мен ұстаздарының жетістіктері баяндалған. Кітап тұсаукесеріне ауылдың абыз ақсақалдары мен ардагер ұстаздар қатысып, естеліктерімен бөлісті.
Салтанатты кеште білім мен тәрбие беру саласында еңбегімен еленген бірқатар ұстаздар қауымы облыстық білім басқарамасының және аудандық білім бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Мерекелік кеш барысында мектеп оқушылары мен түлектері өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ақындар жыры мен күмбірлеген күй кештің көркін аша түсті.
Киелі оқу ордасының мерейтойында шағын футболдан ауданға қарасты елді мекендер командалар арасында жарыс өткізілді. Сондай-ақ, жиналған көпшілік гір тасын көтеру, арқан тарту сынды спорттық ойындардан сайысқа түсті. Алтын ұя мектептің 90 жылдығы аудан және ауыл өнерпаздарының қатысуымен өтетін мерекелік гала-концертпен жалғасады.
Атап өтейік, бүгінгі күні мектептің 43 педагогы жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. 90 жылдық тарихы бар бұл білім ордасы ауылдың ғана емес, ауданның мақтанышына айналып отыр.
Иә, алдағы он жылдығын ғасырлық мерейтойға арнайтын білім білім ошағы 1933 жылы ВКП (б) орталық комитетінің селолық жерлерде білім беру туралы қаулысынан кейін, ауылдық жерлерде халқының санына байланысты бастауыш және жеті жылдық мектептер ашыла бастаған уақытта қалыптасты. Осы қаулының негізіне сәйкес біздің ауыл тұрғын орында 1934 жылы Ақбай серіктестігінде бастауыш төрт жылдық мектеп ашылып, Айтжан Санаев мұғалім болып келді. 1935-1937 жылдары бұл серіктестік артель, 1938 жылы «ХХ жылдық Қазақстан» колхозы болып құрылды. 1938-1941 жылдары Көптілеу Сексенов оқытушы болса, 1940 жылы Айтжан Санаевтың орнына Бегали Сүгірәлиев мұғалім болды. 1948-1949 оқу жылында Шүкірла Саржанбеков оқытушы болып қызмет жасаған.
 1949 жылы колхоздардың ірілендіру туралы қаулысына сәйкес бұл колхоз «ХХХ жылдық Қазақстан» болып өзгерді. Мәстат, Ақбай мектептері бірігіп, жеті жылдық мектеп болып оның директоры Әлима Жұмағалиева болды. Жеті жылдық бұл мектепте Әубәкір Сенбеков, Бахрадин Бәйімбетов, Қарлығаш Айнашова, Әбдікәрім Құрманбаев, өзге де ұстаздар еңбек етті.
1951 жылдан бастап Зәйтен Ділмағанбетов, Жақсыбай Еңсепов, Сахи Бекетов мектеп директоры болып қызмет атқарған жеті жылдық мектеп 1957 жылы «Қарақұм» совхозының №8 фермасы орталығы болып 1958-1959 оқу жылында бала санының азаюына байланысты бастауыш мектеп болып қалды. 1959-1971 жылдары бастауыш мектепке Әбдікәрім Құрманбаев директор болды.
1971 жылы 22 шілдеден бастап сегіз жылдық мектеп болып қайта ашылды. 1971-1973 жылдары Үргенішбай Жүсіпов басшылық етсе, бұрынғы ізімен №63 мектебі Мәстат сегіз жылдық мектебі болып аталды. Ал 1992-1993 оқу жылы мектеп өмірінде тарихи жыл болып қалды. Себебі №63 Ақбай орта мектебі болып ұлғайтылды. Жиырма жылдын астам мектеп директоры болған Қайролла Аманжолов 1973-1997 жылдар аралығында осы аталмыш мектепте директор болып қызмет артқарды. Ал 1997-2016 оқу жылдары аралығында Рамазан Сексенов, 2016-2017 оқу жылдарында №63 орта мектебінің директоры болып Рахан Қалиев 1 жылдай қызмет жасады.
Бүгінде орта мектептің басшысы болып келе жатқан Жақсымұрат Баймағанбетов 2017 жылдан бері білім ордасын өрге сүйреп келеді. Ғылым мен технологияның соңғы жетістігімен бой көтерген 200 орындық жаңа типтегі білім ордасында  бой көтеріп, 43 педагог шәкіртке білім беру ісімен айналысып келе жатыр. Ұстаздардың көпшілігі «Жаңартылған білім беру» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін жетілдірген.
Осы жылдар аралығында Жазира Ақбиманова, Санира Бөкешова, Гүлжайна Көбеген, Нұрайлым Нұрқабылова, Жайнагүл Жақсылықова, Арайлым Кеңесова, Жансұлтан Дәулетов, Иманғали Алмасовтар «Алтын белгі» иегерлері атанса, «Үздік аттестат» иеленген де шәкірттер жетерлік.
Тағы бір қызық дерек айта кетейік. Аталған білім ордасынан қанаттанған  19 түлек мектеп директоры болып, білім саласының қарыштап дамуына үлес қосқан. Олардың бірқатары тарихта атын қалдырса, бір тобы бүгінде қазыналы қартқа айналды. Ал Роза Сексенова қазіргі таңда Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында, Жаңаберген Аманжолов 2023 жылдың 15 мамыр айынан бастап №67 орта мектепте, Ақабил Сейтов 2018 жылдың 14 тамыздан бастап Арал аудандық жалпы білім беретін кешкі мектепте, Жасұлан Айтжанов 2017 жылдың 03 қарашасынан бастап Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейінде, Жақсымұрат Баймағанбетов 2017 жылдың 27 қазанынан бастап №63 орта мектебінде мектепте, Аманқос Алиев 2017 жылдың  11 желтоқсанынан бастап №69 орта мектепте, Ержан Маханбетұлы 2019 жылдың 26 желтоқсаннан бастап №263 орта мектепте  директор болып келе жатса, Жеңіскүл Нұралиева  Ақбай ауылынан алғаш  рет ашылған  «Қызғалдақ» балабақшасының  меңгерушісі қызметін атқарса, Жадырагүл Сексенова Қызылорда қаласындағы «Нұр-Адина» балабақша меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Ал Жұмабай Мирманов 2019 жылдың қараша айынан бастап аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы болып абыройлы қызмет етіп келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
02 желтоқсан 2024 ж. 4 0