Қызылордада «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» тақырыбында рухани – танымдық кеш өтті
Бүгін мектебімізде «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» тақырыбында мектептің 70 жылдығына арналған рухани – танымдық кеш болып өтті. Рухани-танымдық кештің мақсаты: Сыр елі білім саласының дамуы мен өркендеуінде өзіндік қолтаңбасы бар, іргетасы сонау 1952 жылы қаланған білім ордасының 70 жылдағы қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін жұртшылықпен бөлісу. Оқу орны тарихының жарқын беттерін насихаттау арқылы жас ұрпақ бойында өздері білім алып жатқан мектебі үшін мақтаныш сезімдерін қалыптастыру. Әр кезеңдерде мектепке еңбегі сіңген ардагер ұстаздарға, табысты түлектерге құрмет көрсету. Аймақ тарихымен сабақтас шежірелі білім шаңырағы - №112 орта мектебінің алғашқы іргетасының қалануы ертеректен бастау алған. 1950 жылы - Оқу бөлімінің қаулысына сәйкес Ташкент темір жол мектебі Қызылорда қаласындағы білім ошағы ретінде пайдалануға ұсынылады. Екі жыл уақытты артқа қалдырып 1952 жылдың 2 желтоқсанында 520 оқушы қабылданып, оларға 24 мұғалім білім берген. Осы кезеңде білім ордасының жандануына қызмет қылған Нағима Абдулқызы өмір жолының 26 жылында мектепке басшылық етті.
Мерекелік шара бағдарламасы үш блокты қамтыды. І Блок: Жылдармен жаңаланған білім мекені.
«Жылдармен жаңаланған мектеп» - мектептің тарихына, жетістіктеріне арналған фотоальманах,танымдық көрме ұйымдастырылып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Білімнің бәрі кітапта» атты оқырмандар сағаты; «Дебат клубы» жобасы бойынша ашық алаң: «Жеке меншік мектептің болғаны дұрыс па?»; «Мектеп театры» жобасы негізінде оқушылар театры қойылымы: «Ертегілер еліне саяхат»; «Мектеп парламентарийі» жобасы аясындағы «Aqyl-battle» мектеп тарихына негізделген интеллектуалдық сайыс жүргізілді.
Әрі қарай «Сан түлекті самғатқан алтын ұя» тақырыбындағы мерекелік бағдарламамен іс -шара жалғасын тапты. Іс -шараны Қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлімбетова Орынша Міржақыпқызы ашып беріп, мектеп ұжымына арнайы Құттықтау хатын табыстады. Мерекелік бағдарламада алтын ұя мектебіне арнаған әсерлі шәкірттер арнауы, мектеп тарихынан сыр шертетін бейнеролик, шабытты билер, әндер шырқалды. Арнайы шақырылған мектептің ардагер ұстаздары, қонақтар, әр жылдағы мектеп түлектерінің құттықтауы мен естеліктері мерекеге ерекше сипат берді. Бірнеше табысты ұстаздар қатары марапатқа ие болды. Жаңа Қазақстанның жаңа буынын тәрбиелеудегі ұжым еңбегіне толағай табыстар тілегімен мерекелік бағдарлама өз мәресіне жетті.