Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарты ғасыр белесіндегі білім ордасы

Жарты ғасыр белесіндегі білім ордасы

Қаладағы іргелі білім ордаларының бірі – №220 орта мектебіне биыл 50 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов арнайы қатысып, пән бірлестіктері бойынша ұйымдастырылған арнайы көрмені көрді. Сондай-ақ мектептің жарты ғасырлық белесіне орай шығарылған «Білімнің шамшырағы» кітабының тұсаукесерінде болды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

Жарық пен безендірілген сахна. Сол сахнада үйлесім тапқан ұстаз бен шәкірттердің көңіл толқытатын көрінісі. Бұл – мерекелік шараның бастауы. Көрсетілген қойылым шараға жиналған ардагер ұстаздар мен түлектердің, оқушылар мен мұғалімдердің көңілін толқытты.
Шарада аудан басшысының орынбасары Б.Жұмағұлов:
– Биыл талай қыранды қанаттандырып, талай ұланды ұясынан ұшырған ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі де бірегейі, №220 білім ошағына 50 жыл толып отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аталып жатқан білім ошағының осынау айтулы жарты ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң өз ортасынан орын алуға, білімнің шыңына шығуға, елінің тұғырын биіктетуге, үлес қосуға кімнің де таласы бар емес пе?! Ұлы Абай: «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, әр кірпіштің дұрыс әрі орынды қалануында білім ордасының алар орны ұшан-теңіз. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» дегендей 50 жылдық мерейлі мерейтойда мектеп тарихына үлесі бар барлық ұжым мүшелеріне зерек те алғыр ойлы, ХХІ ғасырдың бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін, – деп құттықтау тілегін айтып, мектеп басшысы Әліби Әбілбаевқа аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың құттықтауын табыстады.
Одан кейін бірқатар ардагер мұғалімдер мен мектеп түлектеріне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондайақ №220 орта мектебінің мұғалімі Дархан Аманжолұлының сөзіне жазылған «Қазанғап» ұлт аспаптар оркестрінің мүшесі, сазгер Октябрь Ізбановтың «Алтын ұям» әнінің тұсауы кесілді.
Шара одан әрі өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
05 қараша 2021 ж. 703 0