Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қасқақұлан-Эверест. Шынтемір шыңы

Қасқақұлан-Эверест. Шынтемір шыңы

«Пәс тұлғаңды кеп мысқал биіктеткім,
Жүрегімді төбеңе іліп кеттім...»
Шынтемір Әмишаұлы

Тағдырың бар естіген егілердей,
Бірақ, асқақ үміт пен сенім өлмей.
Көңілімнің дүрбісін сала бердім,
Шын шайырдың жүрегі көрінердей.
Үлкентаудың түскендей асқарынан,
Ертегідей жыр жазсам қоспа күмән.
Қасиетіңді қасірет қалқаламай,
Қасқайып жатырсың-ау, Қасқақұлан?.
Теңіз барда жайнаған жұмақ кешкен,
Асан абыз іздеген тұрақ дескен.
Қимастарын қалдырып қыр басына,
Бұл ауылдан қайран ел жылап көшкен.
Түсінер ме Аралдың назын ғалам,
Елестейді керімсал жазың маған.
Қасқыртүбек азуын ақситады,
Тағдыр салған жарасы жазылмаған.
Теңізді іздеп жоғалған ізім-қайым,
Сыбызғысын жүректің сызылтайын.
Екінші рет келмес деп ойхой дәурен,
Жетімсіреп Жыңғылтүп, Ұзынқайыр...
Ақ айдында аққулар таранатын,
Бастан кешкен айтады ғаламатын.
Жоқтаушысыз емеспіз дейді және,
Болып шықты түлеткен балам ақын.
Суға жазған өлеңін қайыр жаттап,
Алматыны ісі жоқ мойындатпақ.
Шалғайдағы аралда жүрді сол ер,
Бойын сақтап жаманнан, ойын баптап.
Иек артып керуен жыр көне көшке,
Тағдырымен түспей-ақ ерегеске.
Туған жерден ұқтырған биік жоғын,
Үлкен тауын теңей сап Эверестке.
Айдынына өлеңнің қайық салып,
Кеме десе кетердей тайып шабыт.
Қысыларын Абайдан ашық айтты ол,
Ақ қағаздай жүрегін жайып салып.
От шалдырмай ұят пен ар қанатын,
Жалғыз жиде түбінде толғанатын.
Құлазыған ескі жұрт кереметін,
Жүрегіне таспалап алған ақын.
Биіктігі, байқалар тереңдігі,
Ел есінде қашанда ер ерлігі.
Талайларға самала нұрын төккен,
Ұстаздығы бөлек сөз ол ендігі.
Қаратерең, сенде өскен сан данышпан,
Даңқыңды естіп сырттағы ел таңданысқан.
Жюль Вернді оқытқан көп шәкірті,
Қиял көк пен қияда самғап ұшқан.
Әлемге ортақ десек те Арал мұңы,
Толқында өспей түсінбес адам мұны.
Шынтемірдің шыңының биіктігі,
Туған жер мен өлеңге адалдығы.
Аз бақыттан мән ұғып, тояттанып,
Пенде ғұмыр қалса да аяқталып.
Ізгілікке шақырар Үлкентаудан,
Елді сүйген жүрегің маяк болып.

Ұлықбек Бекұзақұлы,
Қызылорда қаласы
03 қараша 2026 ж. 61 0