Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Екі жасар "Мұқағали"

Екі жасар "Мұқағали"

Жетпiсiншi жылдар поэзиясына зер салатын болсақ, сол таланттарымыздың санаулысының бiрi де бiрегейi, лирикалық асыл сезiмнiң жыршысы болған Мұқағали Мақатаев едi. “Мен өз дәуiрiмнiң жаңғырығымын” деп Виктор Гюго айтқандай, Мұқағали да 60-70-жылдардағы жыр әлемiнiң жаңалық жаңғырығы болды. Тек сол өзі ғұмыр кешкен уақытта ғана емес, "Бұл ғасырдан емеспін" деп өзі айтып кеткендей, бүгінгі ұрпақ оның жырларын сүйсініп жатқа оқиды. Ақынын сүйген халықтың қандай екенін біз осыдан-ақ анық аңғарамыз.
Шындығында Мұзбалақ ақынды білмейтін қазақ жоқ шығар. "Сүйікті ақыныңыз кім?" деп сұрай қалсаңыз, екінің бірі поэзия өкілдерінің қатарынан бірінші болып Мұқағалиді атайды. Тіпті бұл талғампаздық жас та талғамайды. "Бесіктегі баладан, еңкейген қартқа" дейін деген теңеу дәл осы тұсқа тура келетіндей. Өйткені біздің айтқалы отырған кейіпкеріміз небары екі жаста десек, сенесіз бе?!
Рас. Екі жастағы Назмейір Жексембай қазақтың мұзбалақ ақынының бірнеше өлеңін жатқа біледі. Қылығы мен тілі тәтті балақайдың бұл қабілеті қазірде ағайын-туыс, әке-анасымен, ата-әжесімен қатарлас жандардың қызығына айналған.
Назмейірдің анасы Әдемі:
– Тілі ерте шықты. Қатарлас бауырлары болғандықтан болар, анық сөйлеп, солармен ойнап жүретін. Бірақ біз арнайылап өлең жаттатқан емеспіз. Бірде 1-сынып оқитын қызым мектепте Мұқағали оқуларына қатысатын болып, ақынның "Шеше, сен бақыттысың" өлеңін жаттады. Байқауға қатысу үшін бейнеролик әзірлеу қажет болып, соны дайындап жатқанбыз. Бейнежазбаға түсіріп болған соң Назмейір келіп "анашым, мені де түсірші" деп сол өлеңді жатқа айтып бергенде, таңқалғанымыз рас. Міне, осыдан кейін зер сала бастадық, – дейді.
Мұнан бөлек өзі естіген кез келген әннің мәтінін мінсіз етіп жаттап алатын Назмейір бала да болса білімге, өнерге құштар екенін көрсетіп келеді.
"Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын.
Жай түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын!

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.." деп өлеңдеткен балақайдың өзі де болашақта көптеген өлеңдердің авторы болады деген үміт пен сеніміміз мол.
О. ЖОЛДАСОВ
01 маусым 2024 ж. 684 0