Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұқағали: «Бұл ғасырдан емеспін...»

Мұқағали: «Бұл ғасырдан емеспін...»

«...Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас өлеңді, алайда, ешкім!» деп жырлаған ақынның тақырыбы поэзияны бағалап, жаны сүйетін оқырман үшін өшпес тақырып. Қазақ өлеңіне өшпес леп әкелген ақиық ақын: «Ей, безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, бізді әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туы¬сымын да...» дейді. Шынымен де қазақ әдебиетінде қанша ақын бар десек те, Мұқағалидың орны ерекше.
ХХІ ғасырды өз ғасырына балаған ақын осы заманның өзіне қанша қымбат, бағалы екенін жыр етеді. Ғасырын жүрегі мен тынысына балаған Мұқаң өз уақытында басынан сипайтын аялы алақанды ананың сүтін іздеген сәбидей аңсап, Алладан ме¬дет, адамнан мейірім, ертеңнен үміт күтті, өз өнерінің ХХІ ғасыр жастарынан бағаланатынына сенді.
Өмірінде өлеңімен сырласқан ақын поэзия шамшырағын мәңгілік жағуды арман етті. Ақ жауын болып нөсерін төге жырлаған ақынның арманы орындалып, жастарға ой салып, қиялына қанат бітірді.
«Біздің ұрпақ сол шақты көрер ме екен? Келер-кетер, ғасырлар келер-кетер.Өзім жырлап қалайын ғасырымды,Келер ұрпақ өзінше өлеңдетер…» деп, ертеңгі ұрпаққа үміт артқан Мұқағалидың дәуірі әдебиет әлемінің төрінен орын алды.
Поэзия адамның ең жақын сырласы, көңіл жұбанышы десек, сол әлемнің төріне шыққан ақын Мұқағали Мақатаев мәңгі жасамақ. Қазақтың ұлы ақыны Абайдай енді Мұқағалидың да «адамзат ақынына» айналар ғасыры басталды.
Гүлмарал САҚТАПОВА

Фото: massaget.kz
09 ақпан 2024 ж. 414 0