Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айдынын аңсап өткен ақын

Айдынын аңсап өткен ақын

Шынтемір көкеміз жайында білгенімнен білмегенім көп екен. Оған Қызылорда қаласында Шынтемір Әмишаұлының 80 жылдығына арналған шығармашылық кеште көзім жетті. Баласындай болдым. Таныстығымыз журналистік жолдағы іссапарларда басталды. Атқарушы билік халыққа есеп беретін жиындардың бірінде осынау өлмес өлеңімен дараланған жайсаң жанмен кездестім. Ойы да, танымы да бөлек ғибратты ғұмыр иесі айдынын аңсап өтті. «Қайдасың, қасқа құланым?» деп кеше мен бүгінді қаузады. Қысқасы, жоқты іздеді. Кенезесі кепкен теңіздің қайта оралуын көкседі.
Саналы ғұмырын алақандай ауылда өткізсе де, Алатаудай тұлғаға айналған сөнбес сәуленің жарығы алысқа түскенін ел көрді, жұрт білді. Көксиядан көктеңізді іздеп, жандыдан да, жансыздан да сыр баққан ақын жүрегі мәңгілік тоқтағанымен, оның артында қалған мол мұралары үлкен-кішінің жүрегін әлі де теңіздей толқытып жатты. Міне, Алаштың анасына баланған Сырдың бас қаласындағы мазмұнды шарада соның куәсіне айналдық.
Арал тағдыры – адам тағдыры. Ақын – адалдықтың айнасы. Содан да шығар, оның аузына сөзді Алла салады. Шынтемір көкеміздің шымыр шумақтары теңіздей терең, аспандай асқақ еді. Танымы бөлек әсерлі кеште белгілі жырау Демеубай Жолымбетов Шынтемір Әмишаұлының «Әке» туралы әпсана дастанын жиналғандар назарына алғаш рет ұсынды. Сондай-ақ Ақтөбеден келген ақын Талғат Тілеулес ақын сөзіне жазылған «Қайдасың, қасқа құланым» атты әнді шарықтата шырқады. Көкеміздің көзін көрген жандар жүрекжарды лебізін білдіріп, әке еңбегін ұлықтаған ұрпақтарына риясыз пейілі мен алғыстарын жаудырды. Зиялы қауым өкілдері ақынның жырларын оң бағалап, «Айтарым бар еді...» кітабының тұсаукесерін жасады. Шуақты шарада журналист Н.Соңғыбайұлы ақжарма тілектің тиегін ағытса, сыныптас досы Т.Жұмағалиев қайталанбас өмір белестерінен сыр шертті. Мақалаларымен өлеңдер жинақталған аталмыш кітапта адамгершілік құндылықтар, өмір мен тағдыр, сағыныш пен азаматтық ұстаным тақырыпқа жан-жақты арқау етілген. Жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіпов бейнеқұттықтауын жолдап, ақынның немерелері аталары жазған өлеңдерді сахна төрінде жатқа оқыды. «Тума талант, арда азамат» атты кітап көрмесінде көпшілік қайталанбас тұлғаның жарқын бейнесіне қайта қаныққандай болды.
Жерлестер атынан ақын Толыбай Абылаев, Жазушылар одағының мүшесі Ерғали Абдулла, Журналистер одағының мүшесі Абай Елеш қатысып, өнегелі ғұмыр иесінің тың туындысы арқылы екінші өмірі басталғанын алға тартты.
Рухани шара 1 қарашада ақынның туған жері Қаратереңде жалғасып, жазба ақындар мүшәйрасына ұласты. Таңдаулы ақындар топқа түскен додада Қызылорда қаласынан келген Ұлықбек Бекұзақұлы бас бәйгені еншіледі.

А. Жайшылық
03 қараша 2026 ж. 95 0