Арал ақынын ардақтады
Үстіміздегі жылы Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері , ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы. Осыған орай Қамыстыбас ауылдық округінде ақын мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды кеш өтті. Осынау мазмұнды шараға сөнбес сәулеге айналған біртуар тұлғаның жары арнайы келді. Алдымен ауылдағы ~21 мектепте ұйымдастырылған әдеби - сазды шара өлең сүйер қауымды рухани сусындатты.Жас шәкірттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, талайлардың жүрек кестесінде жатталған сазды әуендерін орындады. Сондай - ақ, талант иесінің жүріп өткен жолдарынан естеліктер шертіліп, бейне роликтер көрсетілді. Мектеп жанындағы мұражайды аралаған көпшілік ақын мұрасымен етене танысты. Кеш барысында ақынның жұбайы Жұмагүл Сариева өмірлік серігінің азаматтық болмысы жайлы сыр шертті. Ол өз кезегінде саналы ғұмырын өлеңге арнаған жанның әрбір шығармасы жас ұрпақ үшін алар орны ерекше екеніне тоқталды. Бұдан бөлек ақынның өзіндей әрі көзіндей болған ізбасарлары да берері мол кештің куәсі болып, аралдықтардың ақынға деген сүйіспеншілігіне зор ризашылықтарын білдірді. Тәрбиелік мәні зор шарада ауданның өсіп-өркендегені сөз болды.
Абай ЕЛЕШ











