Жүз жыл соққан жүрек

«Аралым–айдын шалқарым, құт-береке қонған жер» деген өлең жолдарын санада жаттап өскен ақындар теңіздей толқып өлең оқығанда зал сілтідей тынды. Зейнолла Шүкіровтің, Мешітбай Құттықовтың, Серік Сейітмағамбетовтің, Мұрат Сыдықовтың, Жарасқан Әбдірашевтің, Жұмабай Жақыптың, Толыбай Абылаевтың, Ерғали Абдулланың, Оңталап Жолдасовтың өлеңдері үлкен-кішіге ой салып, жас буынның Отанға, туған жерге деген махаббатын маздатты. Шарада бұдан бөлек, «Қан мен тер» трилогиясы және басқа да шығармалары 30-дан астам шет тілінен аударылған қаламгердің ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегі онан әрі айшықталып, Мұхтар Әуезов «Абай жолымен» қазақы тірлікті паш еткені, ал Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен терімен» күллі Аралдың тағдырын әлемге танытқаны айтылды.
Ұлт тағдырын айна-қатесіз көрсете білген «Қан мен терде» қазақтың мәдениеті мен рухани деңгейі жаһанға жайылып, Алтай мен Атырауды алып жатқан ұлан-ғайыр даланы мекендеген қазақтың атын танытты. Соның ішінде адамзат тағдырына баланған Аралдың келбеті айдай айқындалды.
Құрманғазының көзіндей күй күмбірлететін Мұраттың төкпесі көпшілікке тіпті керемет әсер сыйлап, бишілер тобы ерекше қабілеттерімен көрген көзді тамсантты. Кеш соңы онан әрі жергілікті өнерпаздардың ән-жырымен әрленді.
Ақын мен жазушы үшін туған мәңгілік шабыт көзі екені баршаға аян. Арал деп соққан жүрек қай кезде де жағалау жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтыны рас. Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен өткен шарада соған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Шөмішбай Сариевтей, Жарасқан Әбдірашевтай туған жер перзенттерінің рухы сөнбес сәуледей залды шарлап кеткендей әсер алған көрермендер әлем мойындаған Әбенің құдіретіне кезекті рет қанығып, тамаша көңіл күймен тарады.
А.Жайшылық