Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕҢІЗ ТУРАЛЫ ТУЫНДЫ

ТЕҢІЗ ТУРАЛЫ ТУЫНДЫ

Бірі – менің түсімде,бірі – өңімде,
Бірін қидық неліктен тірі өлімге?!
(Екеуі де Адамзат тілегінде).
Кіші Арал нұр боп жатыр жанарымда,
Ұлы Арал мұң боп жатыр жүрегімде.
 
Бірі – сәби қаз басқан кеше ғана,
(Өмірін шепік дария... шешеді арна).
Екіншісі қария қалжыраған,
Тағдыры тұр қолында деседі Алла.
 
Бірі – шаттық сияқты,
Бірі – мұңлық,
Ұйқастырмас ешқашан ұлы тірлік.
Шарасына сыймайды шаранасы,
Тағдырына ұрады бірі құлдық...
 
Бірі – шындық,
құр елес... бірі – ертегі,
Ертегіңе сенеді бұл ел тегі.
Ертегі мен Шындықты егіз еміп,
Бір қауым ел жағада күнелтеді...
Міне, дәл осылай туған даланы, теңіз ананы жырлау "қай перзентінің бағына бұйырды екен?" деп ойланып қаласың. Шебер өрілген өткір ойларға, ұтымды ұйқас пен тапқыр теңеуге толы жырлар... Қандай көркем десеңші?! Иә, осындай туындыларды әлдилеу, әуелету теңіз – ананы аңсаған, сол бұйра толқынның жағасында өсіп, бұлдыр елеске айналған балалығын сағынған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Толыбай Абылаевтың ғана туатыны анық.
Иә, теңізді жоқтап жырлаған, аңсап ән, сағынып саз қалдырған аралдықтар аз емес. Алайда тебіренісі мен толғанысы бөлек Толыбай ақынның өлеңдегі өрнегі өзгеше. Бейне бір өмірді көз алдыңда боямасыз бейнелеп, сәтті сюжет жасай алатын ақынның қай өлеңін оқысаңыз да терең ойға шомып кетесің.
Міне, поэзияны жаны сүйетін ойлы оқырманған тағы да дәл осындай бақыт бұйырып отыр. Таяуда ғана ақын ағамыздың "Айнамкөз" атты Арал жырлары кітабы жарық көрді.
Сөз басындағы теңіз жайлы өлеңінен бастау алатын кітапта теңіздің, Аралдың тағдыры, балықшылардың өмірі, аралдық тұлғаларға арнау мен өзге де мәнді туындылары басылған.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
22 қараша 2025 ж. 11 0