Құндылығы жоғары қос кітап
Бүгінгі уақытта оқырмандардың қатары азайды дейміз ғой. Бірақ талғампаз оқырманның таңдауынан табылатын туындылардың, кітаптардың да азайғанын мойындауға да тура келеді. Тартымды дүниеден кім бас тартсын. Олай болса, оқырманнан сүйінші сұрай берсек те болады. Жақында ғана Арал ауданындағы Ескібөген елді мекенінің тумасы, бірнеше жинақтың авторы, Қазақстан Журналистер және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері, ақын Толыбай Абылаевтың қос бірдей кітабы оқырманға жол тартты.
"Алақанымда Арал" жыр жинағы "Теңіз жырлары", "Ағаларға ақ тілек", "Балладалар", "Поэмалар" атты төрт бөлімнен тұрады. Теңіз жырлары топтамасы мен Арал маңынан шыққан белгілі тұлғалар туралы өлеңдердің қатарында "Алтын балық" және "Топан су" атты поэмалары да бар. Сондай-ақ өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аштыққа ұшыраған Ресейдің Еділ мен Волга бойындағы 8 миллион қарттар мен 7 миллион балаларға 14 вагон балық жөнелткен Арал балықшыларының ерлікке пара-пар еңбектері поэзия тілінде көркем баяндалады.
Ал бүгінгі таңда кенже қалған балалар шығармашылығына да дем берген екінші кітап "Кішкентай балық туралы ертегі" атты жыр жинағы. Ақынның балаларға арналған 1986 жылғы тұңғыш жинағы "Шағала" атымен жарық көрген. Бұл кітапта автор кішкентай оқырмандарға арналған мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың қызықты, өнегелі істерін тапқыр уәжді тақпақтарына, езу тартқызар шырайлы шумақтарына қосса, сонымен қатар "Аралдағы айдаһар", "Балықтар патшалығы" және кітаптың аты айтып тұрғандай "Кішкентай балық туралы ертегі" тақырыбындағы оқиғалы ертегілері балалардың көңілінен шығып, үлкен тәрбие құралы болатыны даусыз.
Сонымен қатар архаизмге айналған, бала тіліне лайықтап жазылған этнографиялық өлеңдер де кішкентай оқырманның зейінін ашуға таптырмас құрал.
Міне, осындай құндылығы жоғары қос кітап қаншама еңбектің арқасында жарық көрді. Автордың шығармашылық шабытынан бөлек, басылым оқырман қауымға ұсынылуына көмек көрсетіп, демеушілік жасаған облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Мейрамбек Жұмашевтың да еңбегі ерекше.
"Толқын" ақпарат