Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тілші кітабының тұсаукесері

Тілші кітабының тұсаукесері

Тоқсан бір жылға таяу тарихы бар аудандық «Толқын» газетінің әр жылдардағы белсенді тілшілері, белгілі авторлары болғаны аян. Солардың бірі – бұрынғы Көкарал елді мекенінің түлегі, өмірінің соңғы жылдарында Ақбасты ауылында барша жастық шағын өткізген, осы газеттің штаттан тыс тілшісі атанған марқұм Айдос Құлманов болатын. Небәрі 44 жасында өмірден өткен ол ауыр науқаспен алыса жүріп, ғұмырының соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамаған талантты қаламгер еді. Оның есімі газеттің жетпісінші-сексенінші жылдарғы аға буын оқырмандарының жадында сақтаулы екендігіне ешқандай шүбәміз жоқ.
Жуырда шалғайдағы Ақбасты ауылдық клубында ауыл тілшісі, марқұм Айдос Құлмановтың «Өмір күнделіктері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Бұл шараны немере қызы Назия Темірғалиева жүргізіп, қаламгер атасының өмірі мен шығармашылық жолдары туралы кеңінен баяндады. Мұнан соң осы кітапты құрастырған алматылық ғалым інісі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікбай Қосанов ауылдастары қолына тигелі отырған кітапқа А.Құлмановтың осыдан қырық-елу жыл бұрынғы басылым беттерінде жарық көрген әртүрлі тақырыптағы мазмұнды мақалалары, ойлы очерктері, сырлы суреттемелері, отты өлеңдері, ой-толғамдары топтастырылып, «Университет» баспасынан жарық көргенін жеткізді.
«Дәулетэнерго» ЖШС мекемесінің директоры, ауылдасы Қуанышбай  Ердіхалықов, қарындасы Бұрыш, құрдасы, ардагер ұстаз Дәмеш, медицина саласының ардагері Луиза Қалабаева, ардагер ұстаз Октябрь Қалабаев, белгілі жырау Демеубай Жолымбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев  атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Толыбай Абылаев кітап авторы туралы көрген-білгендерін ортаға сала келе, соңғы жазған «Жаужүрек Жақайымдар» атты жырын оқып берді. Ал жерлес інісі, белгілі сазгер, ардагер ұстаз Бекболат Сәдуақасов Айдос Құлмановтың сөздеріне жазылған бір топ әндерін тамылжыта орындап, көрермендер ықыласына бөленді.
Шара соңында А.Құлмановтың інісі, ауыл-аймаққа белгілі кәсіпкер, осы кітаптың демеушісі Досым Құлманов қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Ауыл ақсақалы Өтеген Сұлтанов жиналандарға ақ батасын бағыштады.
«Толқын» ақпарат  
17 шілде 2021 ж. 586 0