Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Әйелді Арал мен Қазалыдан алу керек..."

"Әйелді Арал мен Қазалыдан алу керек..."

    ..."Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Әнес Сарай өз естелігінде былай деп жазды. «Ғабит Мүсіреповпен кезінде араласқаным бар. Бір-екі әңгімесі оқырман үшін ғибратты болады ғой деп ойлаймын. Өмірден өтерінен алты-жеті ай бұрын Совмин ауруханасының алдында күншуақта отыр екен. Сол жерде бір үлкен кісіге тамақ апарып жүргенмін. Мен Ғабеңнің қасында отырып қалдым. Сонда ол маған әңгіме айтып берген.   – Әнес! Осы Кіші жүз бен Орта жүздің шекарасы қай жер деп ойлайсың? – деп сұрады Ғабең.
   – Ойбай, Кіші жүз бен Орта жүздің арасында шекара бар ма? Қазақ жүздерінің арасында шекара
жоқ қой, – дедім.
   Сонда ол миығын тартып:
   – Мен рухани шекараны айтып отырмын, – деді.
Мен біршама ойланып, жауап бере алмадым.
   – Аралдан өте бергенде Саксаульная (Сексеуіл) деген бекет бар. Сол бекеттен бері Ғарифолланың, ары Жүсіпбектің әні өткен жоқ. Осы екі орта маған Кіші жүз бен Орта жүздің рухани шекарасы сияқты көрінеді. Бұған қалай қарайсың? – деді.
   Күлісіп қойдық. Кейіннен ойлап қарасам, осы жерде шындық бар екен.
   Бірде Ғабең маған:
   – Сен Парфильев деген кісіні білесің бе? Ол Атыраудан келген. Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істейді, – деді.
   –Иә, сырттай білемін,– дедім.
   – Сол орыс досыммен аңға бірге шығатынбыз. Ол маған: «Осы сені Горькийдің ізбасары санайды.
   Бізде әйел образын жасап жүрген қаламгерсің ғой. Бірақ сен осыншама кітап жазғаныңмен, әйелдерді танымайды екенсің. Сен танысаң, мұндай әйел алмас едің. Әйелді Арал мен Қазалының екі ортасынан алу керек еді ғой» деді. «Неге болады?» деп сұрадым.
   – Орыстың баспаған жері қалған жоқ қой. Бірақ осы екі ортаға орыстың аяғы жетпеген еді. Сен осы жерден әйел алғаныңда, бағың жанатын еді, соны ескермегенсің, – деді орыс досым. Осыған сен қалай қарайсың? – деп сұрады.
   Осы әңгімелер кейінгі ұрпаққа сабақ болар деп ойлаймын...» Жазушы Әнес Сарайдың әдебиеттегі ағасы Ғабит Мүсірепов айтты деген сөздері Арал өңірінде тұратын қай-қай адамға да ерекше әсер ететіні анық. Мұндағы ғибраты мол, тәлімді жайларды ойы жүйрік, сезімі сергек шынайы шығармашылық адамдары ғана ерекше сұңғылалықпен, өмірден ойып алғандай қылып айта алатыны хақ.
   Ерғали Аблулланың "Аралдың алма мойын, қара көзі..." мақаласынан алынды
13 тамыз 2019 ж. 4 403 0