Тәуелсіздік, Абай, Елбасы. Алматылық студент Рубик кубигінен картина жасады


Асан Айбар Нұрқұланұлы. Жасы – жиырмада. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің маркетолог мамандығы бойынша 2-курс студенті. Ол Тәуелсіздік мерекесіне арнап "Барыс" картинасын, Абайдың 175 жылдығына орай "Абай" және Тұңғыш Президент күніне "Елбасы" портреттерін Рубик кубигінен жасап шықты. Спидкубинг спорты жайлы. "Бәрі былай басталды" 2012 жылдың жазынан бастап Рубик кубигін құрауға қызыға бастадым. Бәрі былай басталды. Ойыншықтарымның арасында түрлі түсті Рубик кубигі жататын. Бірақ оны мүлде қолға алмайтынмын. Бір күні осы ойыншыққа қарап, неге екені белгісіз құрап көргім келді. Алғашында өзім құрауға тырысып көрдім, кейін Youtube-тің көмегімен құрау тәсілдерін көрсететін видеолар қарап, ақыры меңгердім. Алғашында бір кубикті 5 минут құрайтынмын. Қызығушылықтың арқасында бұл көрсеткішті жарты жылда 30 секундқа дейін қысқарттым. Қазіргі уақытта жеке рекордым – 11,72 секунд.

Мен бұл салаға қызыға бастағанда, маған кубикті құрау тәсілдерін нақты, қысқа-нұсқа түсіндіріп беретін адам немесе видео табылмады. Ал қазіргі уақытта бұл олқылықтың орны толды деп айта аламын. Youtube видеохостингінде Максим Чечнев деген ресейлік блогер бар. Осы азаматтың контентіне көңілім толады. 25 сабаққа бөлінген оның видеоларынан кубикті құраудың қыр-сырын, құпияларын толық меңгеруге болады. Дегенмен, бұл материалдардың барлығы орыс тілінде. Өкінішке қарай, Рубик кубигін құрастыру техникаларын қазақы тілмен түсіндірген бір де бір видео көрген жоқпын.
Спидкубинг саласында қазақ балалары саусақпен санарлық. Тіпті, бар дегеннің өзінде олар орыстілді қазақтар немесе қазақша ежіктеп сөйлегенімен бәрібір орысша ойланатын адамдар. Біздің қоғам кубикті тек ойыншық ретінде көретін сияқты. Ой өрісі, ойлау жүйесі енді қалыптасып келе жатқан балаға бұл құралдың тигізетін пайдасы көл-көсір екенін білмейтін болар, мүмкін.
Спидкубингте түрлі дисциплина бойынша жарыс өтеді. Ең негізгісі 3*3 кубигін құрау. Бұл дисциплина бойынша әлем рекорды (3,47 секунд) қытайлық Yusheng Du есімді азаматқа тиесілі. Ал Қазақстандық рекорд – 6,44. Маусым айында өткен Cubing Semey Open 2019 байқауында бұл рекордты небәрі 10 жастағы Абылай Оразалин орнатты.

Алматылық спидкуберлер өте ұйымшыл. Біз айына 1-2 рет міндетті түрде бас қосып, осы салаға қатысты әңгімелесіп, ортаны кеңейтіп, бұл салаға енді қызығып жүрген жастарды өзімізге тартуға тырысамыз. Мұнда көбіне танымал спидкуберлер өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, керек ақпараттар айтады.
Спидкуберингте жас мөлшеріне шектеу жоқ. Дегенмен, байқасаңыз, бұл салада көбіне мектеп оқушыларының мерейі үстем. Себебі, ересек адамға қарағанда кішкентай баланың миы жылдам жұмыс істейді. Олар көргенін бірден қағып алып, есте сақтап қалуға қабілетті. Рубик кубигінен картина жасау. "Алғашқы туындым анама арналады"
2015 жылы Максим Чечнев атты ресейлік спидкубер Украинада өтетін "Україна має талант" бағдарламасына қатысып, финалдық сайыста Рубик кубигінен жюри мүшесінің портретін жасап шықты. Таңқаларлығы, оның көзі байлаулы болды.
Максимнің бұл өнері маған ерекше әсер берді. Осы сәттен бастап оны әлеуметтік желіде бақылай бастадым. 2015 жылдың аяғында ол Алматыға арнайы шақыртумен келе жатқанын өз парақшасында хабарлады. Бұл хабарды естіп, бірден досым Нұркенге айттым. Екеуіміз ретін тауып, Алматыда онымен кездесіп қалудың жоспарын құрдық. Жоспар жүзеге асты. Алматының белгілі қонақүйлерінің біріне жайғасқан Максимге Skype арқылы қоңырау шалып, танысып, көріссек деп ниет білдірдік. Ол ұсынысты қуана-қуана қабыл алды. Алматыға қазақстандық кәсіпкердің шақыртуымен кубиктен портрет жасауға келген екен. Максимнің қолқа салуымен бұл жұмысқа біз де араласып, оған қолғабыс қылдық. Осы уақытта ол бізге бұл өнердің қыр-сырын, түрлі амал-тәсілдерін, құпияларын үйретті.

