Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Баланың қателігі» дегеннің өзі – қате ұғым

«Баланың қателігі» дегеннің өзі – қате ұғым

Байқасаңыз, бүгінде балалардың даму ерекшелігі, қабілет-қарымы, тіпті ойлау жүйесі бөлек. Кейде өзіңді  таңғалдыратын тың ойлар айтып, идеялар ұсынады. Жалпы бала тәрбиесі тақырыбы өзекті. Бұл сала терең зерттелген оқулықтар мен методикаларға толы болуы қажет. Заман сұранысына сай ол түрленіп тұрғаны дұрыс. Біз осы ретте «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабының авторы, «Бақытты отбасы» кеңес орталығын  құрушы, «Empathy.akademy» тұлға дамыту орталығының жетекшісі Елжас Ертайұлымен әңгімелескен едік.
– Елжас Ертайұлы, бала тәрбиесі жөнінде эксперт мамансыз. Бұл салада бес бірдей кітап жазып, зерттеп жүрсіз. Әлеуметтік желі арқылы тақырыпты көтеріп, оның шешімін табу жолында, әсіресе жас ата-аналарға беріп жүрген кеңесіңіз көп.  Аталған мәселені қолға алуыңыздың себебі неде?
– Менің бұл бағытқа келуіме жеке қызығушылығым мен қоғамдағы қажеттілік себеп болды. Ең алғаш 2015 жылы  осы тақырыпқа қызығып, зерттей бастаған кезде әлеуметтік желіде арнайы «Бақытты отбасы» деген топ ашып, ақпараттарымды бөлісе бастадым.  Whatsapp желісі арқылы таныстарыма жіберіп отырдым. Сол уақытта адамдардың қызығушылығын байқап, кеңейте түсуді қолға алдым. Instagram, Facebook арқылы әлеуметтік желіде белсенді болдым. Одан кейін 2016 жылдан ата-аналарға семинар-тренингтер жүргізіп, бетпе-бет жүздесу басталды.
– Ата-бабамыз бұрын «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деп тәрбиелейтін еді. Қазіргі ұрпақ «тәк-тәк» емес, «тик-ток» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Тәрбие мәселесінде ата-аналар қандай қателіктер жібереді?
– Иә, бұл үш тіркестің  мағынасы өте зор. Өкінішке қарай, бізде бұл нәрселер қатты қолданыста емес. Себебі қазір ата-ананың балаға әсер ете алу күші азайған секілді.  Біздің айтқан сөзіміз 100 процент дұрыс болуы мүмкін. Бірақ  балаға әсер ете алу  күшінен айырылып қалған болсақ, онда бұл дұрыстарды бала қабылдамайды. Менің  ойымша, ата-аналар балаларымен мықты байланыс, қарым-қатынас орнату арқылы  әсер ету күшіне ие болуы керек. Сол кезде ғана біздің ақыл-кеңестеріміз әсер етеді. Ата-ананың басты қателігі не десек, баламен уақыт өткізбеу,  алтын көпір орнатуға талпынбау, көбіне материалдық жағдайлардың айналасында  жүріп қалу деп ойлаймын.
– «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабының авторысыз. Баланы өз қателігі үшін жазалау сіздіңше дұрыс емес пе?
–    Жалпы алғанда, баланы қателігі үшін жазалау дегеннің өзі – қате түсінік деп ойлаймын. Өйткені, баланың қателігі деген  қаншалықты қателік категориясына кіреді?  Осы мәселені нақтылап қарап алған жөн. Әсіресе  аналитикалық ойлау дағдысы қалыптаспаған, яғни балиғат жасына толмаған 10-12 жастан төмен бала  өз ісіне толыққанды жауап бере алатын, талдау жасай алатын жағдайда емес. Сондықтан олардың іс-әрекетін қателік деп қараудың өзі дұрыс емес. Бұларды қателіктен гөрі тәжірибенің  жетіспеушілігі, әлі талдау жасай алмауы деген секілді категориямен қарау керек. Алла тағаланың өзі осы жастағы балалардың істерін жауапкершілікке тартпайды. Бұның өзі белгілі бір деңгейде бізге ой салуы керек. Менің ойымша, сіз қаншалықты жазалап ұрысқанымен, бала істеп жүрген қателігінің өзін дұрыс түсініп, сабақ ала алмайды. Ол үшін жазалаудың орнына баламен дұрыс қарым-қатынас орнатып, қатесіне фокус жасап, назар аудара алатындай орта  қалыптастыру керек. Жазалау оның сабақ алуына,  тәжірибе жинауына  кедергі келтіреді деп ойлаймын.
– Сіздерден ата-аналар қандай көмек сұрайды ?
– Бізге хабарласатын ата-ана көп жағдайда болар іс болып, тығырыққа тірелгеннен кейін ғана шешім іздей бастайды. Ауырмаудың жолын іздеп ертерек, алдын алу мақсатында хабарласатындар сирек. Бала өзіне сенімсіз болып тумайды.  Қате қарым-қатынасымыз, ұстанымдарымыз арқылы туындатамыз. Одан кейін «балам неге өзіне сенімсіз?» деп шешімін іздеп қиналамыз. Осы секілді балада агрессия туындатып, кейін оның ашушаңдығына шағым айтамыз. Менің ойымша, алдымен болдырмаудың жолын  іздеу керек.  Кез келген балада туабітті қабілет-қарымы болады. Соны дер кезінде дамыта білетін ата-анаға кезіге ме, кезікпей ме? Мәселе сонда. Сондықтан ата-аналар өз ұстанымдарымызды қолға алған дұрыс.
– Бүгінде балабақша, мектеп, тіпті өзінің отбасында бала құқы аяқасты болып, тапталып жатады. Оларды үлкендердің әлімжеттігінен қалай қорғаймыз?
– Өкінішке қарай,  балаларға деген әлімжеттік – белгілі бір деңгейде буллинг. Қоғамда  кең етек алған мәселе. Алдын алу үшін ересектердің бала тәрбиесіндегі ойын дұрыс қалыптастыру керек. Біздің қоғамда «баланы ұрып-соғып тәрбиелеу керек, бетімен жіберсең, ие бола алмай қаласың» деген секілді ойдағы адамдар өте көп. Баланы жазалауды қалыпты деп есептейтіндер баршылық. Сол кісілердің қате ойларымен жұмыс істеліп, олардың саналы түрде әрекет етуіне себепкер болу керек секілді. Мен бәрін ересектерден, ата-аналардан бастауды ұсынамын. Ата-ана дұрыс ұстанымда болса, менің ойымша бала тәрбиесінде көп мәселе шешімін табар еді деп ойлаймын. Бұл қоғамдағы буллингтің, әлімжеттіктің шешім табуы үшін, бірінші ересектермен жұмыс істеліп, олардың сауатын, сана деңгейін көтеру керек деп есептеймін.
– Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай қандай мәселе мемлекет деңгейінде шешіліп, жүзеге асырылуы тиіс деп ойлайсыз? Өз тарапыңыздан ұсыныстарыңыз бар ма?
– Мен маман ретінде  ұсынарым – ата-аналардың сана деңгейін арттыратын әртүрлі семинар-тренинг, білім алу форматындағы іс-шаралар көбейсе екен. Өйткені қазір бала тәрбиесіне қатысты ата-аналар білімінің таяздығы алаңдатады. Осы мәселе қолға алынса қоғамдағы әлімжеттік болсын, әртүрлі жағымсыз жағдайлар шешімін табар еді. Жастар отбасын құрарда «ата-ана бола алады» деген куәлік алса ғой деген арманым бар. Мәселен, біз көлік жүргізу  үшін оқу оқып, сынақ тапсырамыз. Содан кейін барып, куәлік аламыз. Балалы боларда да осы секілді дайындығымыз болуы керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Әңгімелескен
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz

19 ақпан 2022 ж. 8 272 0