Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Батыржан Ұзақов: Қалада атқарылар іс ауқымды

Батыржан Ұзақов: Қалада атқарылар іс ауқымды

Ғасырға жуық белесті бағындырған Арал қаласы күн сайын қарқынды дамып келеді. Қаланың ажары айшықталып, сәулеті сән берген келбетінің қалыптасуы жолында айтарлықтай жұмыс істелуде. Бүгінде 40 мыңға жуық халық қоныс тепкен қаланың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы туралы Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақовпен сұхбаттасқан едік.
– Соңғы жылдары қалада кәсіпкерлік айтарлықтай дамып келеді. Бұл қала халқының әл-ахуалының көтерілгенін білдіре ме?
– Дұрыс айтасыз. Қазір жастардың басым көпшілігі өздерінің сүйікті істерін кәсіпке айналдырып, халық қажетін өтеп отыр. Түрлі сән - сәулеті келіскен кәсіпкерлік нысан бой көтеріп қаланың көркеюіне үлес қосуда. Біздегі бар мәліметке сүйенсек, өткен жылы 3469 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың ішінде, тамақтану орындары, көлік жуу, балалар ойын-сауық орталығы, шағын маркеттер бар. Жалпы алғанда, қаржылық несие ұйымдары арқылы қала кәсіпкерлері тарапынан 154 жоба бойынша несие алуға қол жеткізді. Мемлекеттің қолдауы арқасында кәсіпкерлер өз кәсіптерін дамытуға мүмкіндік алып отыр.
– Қала тұрғындарының жұмыссыздық мәселесі қалай оңтайлы шешім тауып отыр?
– Өткен жылы қаланың санитарлық тазалау жұмыстарына 99 адам қоғамдық жұмысқа алынды. Жылдың қорытындысымен 99 адамның 60-ы тұрақты жұмысқа орналасқан болатын. Биыл көше тазалығына 99 қоғамдық жұмысшыларды қамтуға тапсырыс берілді. Ал жаңа жұмыс орындарына меже бойынша 507 адамды жұмысқа орналастыру қажет болса, бұл көрсеткіш 592 болып артық орындалды.
– Қалада жер учаскесін беру жұмыстары баяулап қалған жоқ па? Және жаңа жерлерге барлық инфрақұрылым тартылған ба?
– Арал қаласы бойынша жер учаскесін алу үшін 7823 азаматтың өтініші арнайы есепке алынды. ҚР Жер кодексінің 41-1-бабына сәйкес азаматтарға қолжетімді болу мақсатында жер кезектілігінің тізімі біздің әкімдік ғимаратының 1- қабатында орналасқан. 2008-2009 жылдары жер кезектілігіне 730 өтініш алынған болса, 2022 жылы 230 өтініш иесіне жер учаскесі табысталды. 2023 жылдың тамыз айында Арал қаласының су және электр желісі жүргізілген аймақтарынан дайын болған жер учаскелерінің санына қарай 500 өтініштің тізімі жасақталып, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жолданды. Ағымдағы жылдың соңғы төрт ай мерзімінде, дайын болған алаңдардан 262 өтініш иесіне жер учаскесі табысталса, 24 өтініш мерзімі бойынша қаралуда. Қалған жер алуға өтініш түсірмеген 214 азамат үшін аудан әкімдігін белгілей отырып, Арал қаласының «фейсбук» әлеуметтік желі парақшасына бірнеше рет «хабарландыру» берілді. Бұдан бөлек, аталған жұмыстар Арал қаласының №6 және №8 мөлтек аудандарында жалғасын табуда. Аймақтар бойынша электр және су желісін жүргізуге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл аймақтардан қосымша 661 азаматқа жер учаскесін беру жоспарланып отыр. Аталған аймақтардан жер учаскесін бөліп беру схемасының дайын болуына орай ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізілуде.
– Қаладағы тазалық және көктемгі көркейту-көгалдандыру жұмыстарына тоқталып өтсеңіз...
– Арал қаласындағы 228 көшенің 131 көшесі түнгі жарық шамдарымен қамтылған. 2023 жылы 46 көше жарықтандырылған болатын. Атап өту керек, 15 көшеге күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдар орнатылған. Сонымен қатар ұзындығы 0,6 шақырым әскери қалашыққа барар қиыршық тасты автомобиль жолын тегістеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қалада барлығы 31 сквер, саябақ, балалар және шағын спорт алаңдары бар. Өткен жылы «Рәміздер алаңының» артқы бетін периметрі бойынша үрінді құм мен қардан қорғау, абаттандыру мақсатында аудандық бюджеттен бөлінген 6,2 млн теңгеге бұрынғы қоршаулары да жөнделіп, жаңадан қоршаулар орнатылды. Сондай-ақ саябақтар мен скверлер, аллеялардағы көгалдандыру нысандарына тамшылатып суару әдісін қолдану үшін су құбырлары жүргізілді. Бұған дейін қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына ғана бюджеттен қаржы сұралатын болса, биылдан бастап барлық сквер, саябақ, парктер мен алаңдарды абаттандыру мен күтіп ұстау үшін қомақты қаржы бөлінуде. Ал қала көшелерінің санитарлық тазалық жұмыстарын өткен жылы «Қуанышбек» ЖШС мен «Қуаныш» жеке кәсіпкерлік субъектісі қамтамасыз еткен болатын. Және мердігер мекеме «Н.Мырзагулова» шеткі аймақтардағы қоқыстарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, қаланың оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан полигондағы қатты тұрмыстық қалдықтарды көму, тегістеу, нығыздау және сұрыптау жұмыстарын «Қуанышбек» ЖШС жүргізді. 2013-2017 жылдар аралығында қала көшелеріне барлығы 32 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Қазіргі таңда оның 25 данасы істен шығып, жарамсыз күйге жеткен. Қалған 7 камераның аздық етуіне байланысты 2022 жылы 6 дана және 2023 жылы 11 дана бейнебақылау камералары орнатылды.
– Депутат Батыржан Жансерікұлы қайырымды ісімен көптің ықыласына бөленген еді. Әкімдік қызметке келген соң қайырымдылық шараларға атсалысып жүрсіз бе?
– Әрине қайырымдылық жасау менің қандай қызмет атқарғаныма байланысты емес. Мен тіпті жәй кәсіпкер болып жүргенде де мұқтаж жанға қол ұшын беруді әдетке айналдырғанмын. Осы жылдың ақпан айында боранда, далада қалған жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылды. Арал қаласы Қаюпов көшесінде пәтерде тұратын тұрғынына 2 тонна көмір алуға қаржылай көмек берілді. Арал қаласында тұратын тұрмысы төмен отбасына қаржылай көмек берілді. Аудан әкімінің жетім балаларға және толық емес отбасы балаларына арналған жаңажылдық шыршаға қатысушы балаларға сыйлықтар мен қыстық киім берілді. Арал қаласының тұрғынына қоқыс жәшігі алынып берілді. Арал қаласының тұрғынына қала әкімшілігінің теңгеріміндегі қызметтік үй берілді. Сондай-ақ көптеген аз қамтылған отбасыларға қаржылық көмекте, қыс мезгілінде газ ақысы мен көмірін алып беруге жәрдем жасап келемін. Жастардың руханиятын ояту мақсатындағы мәдени-танымдық шараларды да қолдауға тырысамын.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
–Биылғы жылға Арал қаласының әлеуетін көтеріп, қаланы көркейте түсу мақсатында халықтың ұсыныс - пікірін тыңдай отырып, алға көптеген жоспар құрып отырмыз. Соның ішінде, қала көшелеріне видеокамералар орнату, «Алаш ауылы» мөлтек ауданы аумағындағы ескі «Тас мола» қорымын қоршау, Ж.Әбдірашев көшесіне ағаш көшеттерін отырғызуға арналған қоршаулар орналастыру, Абай көшесінің кіреберісіндегі ағаш көшеттерінің қоршауларын қайта жөндеуден өткізу, Жарықтандырылмаған 18 көшеге түнгі жарықшам орнату жоспарлануда. Және демеушілер есебінен екі балалар ойын алаңын салу да назарға алынып отыр. Және негізгі проблема жалпы аумағы 76,5 гектарды құрайтын жерде орналасқан 5 ірі сор көлдерді көму және қала тұрғындарын қоқыс жинайтын жәшіктермен қамтамасыз етуді биылғы жылы шешімін табуды қарастыратын боламыз.
– Батыржан Жансерікұлы, сұхбатыңыз үшін рахмет, абырой тілеймін!
Әңгімелескен Назерке БАҚЫРАН
05 мамыр 2024 ж. 2 956 0