Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сібір жарасы ауруынан сақтаныңыз!

Сібір жарасы ауруынан сақтаныңыз!

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысының м.а А.Балшамбаевамен «Сібір жарасы ауруынан сақтаныңыз!» тақырыбында болмақ.
– Сібір жарасы туралы оқырманның біреуі білсе,біреуі білмеуі мүмкін. Бұл жалпы қандай ауру, қандай жолдармен жұғады, сол жөнінде ақпарат берсеңіз?
– Сібір жарасы - жанасу механизмі арқылы берілетін,жануарлардан адамға жұғатын, тері қабатына ойық жара шығуымен,ауқымды ісікпен, ауыр интоксикациямен сепсис дамуымен сипатталатын жіті түрде өтетін  зоонозды,   аса қауіпті жұқпалы ауру.Ауру 95 пайыздан астам жағдайда жанасу арқылы, адамға ауру қоздырғышы негізінен  жанасу механизмі арқылы,яғни ауру малды күту, малды сою, тері, жүнді өңдеу, қоздырғыш спораларымен ластанған зақымдалған тері арқылы беріледі, 5 пайызда ауа-шаңды жолмен беріледі, яғни споралары бар ластанған шаңды, сүйек ұнтағын жұту арқылы. Алиментарлық (ауру малдың шикі/термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген етін жегенде). Аурудың бір ерекшелігі бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. 
– Кез-келген  жұқпалы аурудың ауру тудыратын  қоздырғыштары  болатынын білеміз.Сібір жарасының қоздырғышы туралы, оның тарату  көзі туралы айтып өтсеңіз.
– Аурудың  қоздырғышы  споралар болып табылады.Олар  жер қыртысында өсіп-өнеді және арнайы қорғаныс қабықша түзіп, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойына өз тіршілігін жоймайды. Олар суда бірнеше жыл,топырақта бірнеше ондаған жылдар бойына сақталады. Бұл қоздырғыштар қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін ,қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, жоғары пайыздық залалсыздандыру ерітінділерінде 2 сағатқа дейін өз тіршілігін жоймайды. Ол тұздалған теріде тіршілік ете береді.
Ауру көзіне келетін болсақ ,бұл аурумен  сиыр, жылқы, түйе, қой, ешкі, шошқа секілді шөп қоректі жануарлар ауырады. Қоздырғыш ауру малдың зәрімен және нәжісімен,сілекейімен бөлінеді,ауру мал қауіптілігін  жазылғанша немесе өлгенше сақтайды. Өлген жануарлар эпидемиологиялық талаптарға сай көмілмесе үлкен қауіп төндіреді. Өлген малдың денесі 7 күнге дейін қауіпті. Ауру малдан алынған өнімдер - жүні, терісі, мүйізі  көп жылдарға дейін қауіптілігін жоймайды.
– Аурудың белгілеріне тоқтала өтсеңіз,адам ауырған жағдайда қандай белгілерге аса назар аударуы керек?
– Аурудың негізі үш түрі  болады,олар:Тері (көбінесе кездеседі),өкпе(сирек) ,асқазан-ішек (өте сирек) түрлері.
Тері түрінде– алдымен теріде қызарған қышыма қызыл дақ пайда болады, кейін ол қан аралас көпіршіктерге, содан кейін стропқа/сібір жарасының карбункулына айналады (ортасында қара түсті, шеттері сары, білігі қою-қызыл) .Өкпе түрінде дене қызуының көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы, ентігу, қан қысымының төмендеуі, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, қанды жөтел (жара/строп лимфа түйіндерінде пайда болады).Өте сирек кездесетін асқазан-ішек түрінде – қызба, іштің ауыруы, қанды диарея, құсу (жара/строп асқазанда пайда болады).
Осылардың ішінде қауіптісі біріншілік немесе екіншілік (сепсистік) өкпелік және асқазан-ішек түрлері.Аурудың жасырын кезеңі терілік түрінде 14 күнге дейін, сепсистік түрінде 6-8 күнге созылады. Терілік түрінде 80 % жағдайда жеңіл түрде, 20 % жағдайда ауыр түрде өтеді. Емделмеген,кеш емделген терілік формада өлім 5%-ға жетеді. Өкпелік ,ішектік түрлерінде өлім жағдайы 80-100% дейін  жетеді. Емдеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым тиімді нәтижеге жету мүмкіндігі жоғары болады!
– Аурудың алдын алу шаралары,қандай сақтану жолдары бар,сол жөнінде айтсаңыз?
– Аурудың алдын алу мақсатында барлық малдар сібір жарасына қарсы егу шараларымен қамтылуға тиіс. Ауру малдар уақытында анықталып, оқшаулануы керек.  Аулаларда мал союды тоқтату қажет, тек ветеринар маманның бақылауымен арнайы мал сою орындарында сойылуға тиіс. Ветеринариялық мөрі болмаса және сатушының ветеринариялық ілеспе құжаттары болмаса ет сатып алмаңыз. Шикі етпен жұмыс істегенде қолғап киіңіз. Тұтынбас бұрын етті жақсылап термиялық өңдеуден өткізіңіз. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, шикізаттарын тасымалдау, сақтау, өңдеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуі қажет. Елді мекендердің сыртындағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек, белгісіз аурудан өлген малдар сол жерге апарылып, талапқа сай көмілуге тиіс.
Арал ауданының аумағында бұрын адамдар мен малдар арасында сібір жарасы ауруы тіркеліп, бүгінгі таңда сібір жарасы ауруынан қолайсыз 14 стационарлық пункт  бар, олардың айналасы қоршалып, арнайы белгілер орнатылды, бұл аумақтарда мал жаюға, қазу жұмыстарын жүргізуге тиым салынған.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс!
– Сұхбатыңызға рахмет !
25 қараша 2024 ж. 132 0