Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Сібір жарасы ауруынан сақтаныңыз

Сібір жарасы ауруынан сақтаныңыз

Сібір жарасы – ауру қоздырғышы бактерия болып табылатын, жанасу механизмі арқылы берілетін,жануарлардан адамға жұғатын, тері қабатына ойық жара шығуымен,ауқымды ісікпен, ауыр интоксикациямен сепсис дамуымен сипатталатын жіті түрде өтетін  зоонозды,   аса қауіпті жұқпалы ауру..
Сібір жарасы ауруының қоздырғышы-споралар  жер қыртысында өсіп-өнеді және арнайы қорғаныс қабықша түзіп, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойына өз тіршілігін жоймайды. Олар суда бірнеше жыл,топырақта бірнеше ондаған жылдар бойына сақталады. Бұл қоздырғыштар қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін ,қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, жоғары пайыздық залалсыздандыру ерітінділерінде 2 сағатқа дейін өз тіршілігін жоймайды. Ол тұздалған теріде тіршілік ете береді.
Ауру көзі - сиыр, жылқы, түйе, қой, ешкі, шошқа секілді шөп қоректі жануарлар. Қоздырғыш ауру малдың ағзасынан зәрімен және нәжісімен бөлінеді, ауру мал қауіптілігін  жазылғанша немесе өлгенше сақтайды. Өлген малды сойған кезде  оттегінің әсерінен қоздырғыш арнайы қорғаныс қабықша түзетіндіктен мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады. Өлген жануарлар эпидемиологиялық талаптарға сай көмілмесе үлкен қауіп төндіреді. Өлген малдың денесі 7 күнге дейін қауіпті. Ауру малдан алынған өнімдер - жүні, терісі, мүйізі  көп жылдарға дейін қауіптілігін жоймайды.
Жұқтыру жолдары:
-95 пайыздан астам жағдайда жанасу арқылы, адамға ауру қоздырғышы негізінен  жанасу механизмі арқылы,яғни ауру малды күту, малды сою, тері, жүнді өңдеу, қоздырғыш спораларымен ластанған зақымдалған тері арқылы беріледі.
-5 пайызда ауа-шаңды жолмен беріледі, яғни споралары бар ластанған шаңды, сүйек ұнтағын жұту арқылы;
-Алиментарлық (ауру малдың шикі/термиялық өңдеуден дұрыс өтпеген етін жегенде);
-Адамнан адамға жұғуы байқалған жоқ.
Клиникалық формалары мен белгілері: Тері (көбінесе кездеседі) – алдымен теріде қызарған қышыма қызыл дақ пайда болады, кейін ол қан аралас көпіршіктерге, содан кейін стропқа/сібір жарасының карбункулына айналады (ортасында қара түсті, шеттері сары, білігі қою-қызыл) .Өкпе (сирек) – дене қызуының көтерілуі, кеуде қуысының ауыруы, ентігу, қан қысымының төмендеуі, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, қанды жөтел (жара/строп лимфа түйіндерінде пайда болады).Асқазан-ішек (өте сирек) – қызба, іштің ауыруы, қанды диареямен құсу (жара/строп асқазанда пайда болады).
Осылардың ішінде қауіптісі біріншілік немесе екіншілік (сепсистік) өкпелік және ішек формалары.Аурудың жасырын кезеңі терілік формада 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күнге созылады. Терілік форма 80 % жағдайда жеңіл түрде, 20 % жағдайда ауыр түрде өтеді. Емделмеген,кеш емделген терілік формада өлім 5%-ға жетеді. Өкпелік ,ішектік формаларында өлім 80-100% дейін  жетеді.
Емдеу неғұрлым ерте басталса, соғұрлым тиімді нәтижеге жету мүмкіндігі жоғары болады!
   Аурудың алдын алу мақсатында барлық малдар сібір жарасына қарсы егу шараларымен қамтылуға тиіс. Ауру малдар уақытында анықталып, оқшаулануы керек.  Аулаларда мал союды тоқтату қажет, тек ветеринар маманның бақылауымен арнайы мал сою орындарында сойылуға тиіс. Ветеринариялық мөрі болмаса және сатушының ветеринариялық ілеспе құжаттары болмаса ет сатып алмаңыз. Шикі етпен жұмыс істегенде қолғап киіңіз. Тұтынбас бұрын етті жақсылап термиялық өңдеуден өткізіңіз. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, шикізаттарын тасымалдау, сақтау, өңдеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуі қажет. Елді мекендердің сыртындағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек, белгісіз аурудан өлген малдар сол жерге апарылып, талапқа сай көмілуге тиіс.
        Арал ауданының аумағында бұрын адамдар мен малдар арасында сібір жарасы ауруы тіркеліп, бүгінгі таңда сібір жарасы ауруынан қолайсыз 14 стационарлық пункт  бар, олардың айналасы қоршалып, арнайы белгілер орнатылды, бұл аумақтарда мал жаюға, қазу жұмыстарын жүргізуге тиым салынған.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, әр адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс!
А.Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы 

Сурет: www.gov.kz/
---
23 қазан 2024 ж. 130 0