Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күйдіргі ауруынан сақтаныңыз!

Күйдіргі ауруынан сақтаныңыз!

Күйдіргі немесе түйнеме ауруы  – жіті түрде өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан «Сібір жарасы» атауына ие болып, орыс дәрігері Андреевский сібір жарасының адам мен жануарларға ортақ ауру екендігін және ол жануарлардан адамға жұғатынын дәлелдеп берді.
Сібір жарасы қойда –топалаң, ірі қарада -  қараталақ, түйеде – ақшелек немесе қарабез, жылқыда – жамандат  деп аталады. Сонымен қатар жабайы жануарлар да сібір жарасы ауруымен ауырады.
Сібір жарасы ауруының қоздырғышы  жер қыртысында өсіп-өнеді және арнайы қорғаныс қабықша түзіп, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойына өз тіршілігін жоймайды. Бұл қоздырғыштар қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін ,қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, жоғары пайыздық залалсыздандыру ерітінділерінде 2 сағатқа дейін өз тіршілігін жоймайды. Ол тұздалған теріде тіршілік ете береді.
Ауру көзі-сиыр, жылқы, түйе, қой, ешкі, шошқа секілді шөп қоректі жануарлар. Қоздырғыш ауру малдың ағзасынан зәрімен және нәжісімен бөлінеді, ауру мал залалдылығын жазылғанша немесе өлгенше сақтайды. Өлген малды сойған кезде  оттегінің әсерінен қоздырғыш арнайы қорғаныс қабықша түзетіндіктен мұндай малды жарып көруге қатаң тиым салынады.Өлген жануарлар эпидемиологиялық талаптарға сай көмілмесе үлкен қауіп төндіреді. Өлген малдың денесі 7 күнге дейін залалды. Ауру малдан алынған өнімдер - жүні, терісі, мүйізі  көп жылдарға дейін қауіптілігін жоймайды.
Арал ауданының аумағында бұрын адамдар мен малдар арасында сібір жарасы ауруы тіркеліп, бүгінгі таңда сібір жарасы ауруынан қолайсыз 14 стационарлық пункт  бар, олардың айналасы қоршалып, арнайы белгілер орнатылды, бұл аумақтарда мал жаюға, қазу жұмыстарын жүргізуге тиым салынған. Жыл сайын осы 14 қолайсыз аумақтан топырақ сынамалары облыстық аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына жолданып, нәтижесі бақылауда.
Адамға қоздырғыш негізінен жанасу арқылы, яғни ауру малды сою, жүндеу, терісін сыпыру немесе малдың зәрімен, нәжісімен ластанған шаруашылық құралдарын пайдалану  арқылы беріледі. Қоздырғыш зақымданған тері қабаты арқылы енген жағдайда аурудың терілік формасы дамиды, сол жерде қабыну ошағы пайда болып, айқын тері асты  шел майының ісігі дамиды. Іскен жерде ортасында қара түсті ноқат пайда болады. Осы ошақтан лимфа жолдары арқылы аймақтық лимфа түйіндеріне тарап, оның қабынуын туғызады. Қоздырғыш лимфа түйіндерінен қанға өтсе сепсиске, яғни қанның улануына ұласады.
Аурудың алдын алу мақсатында барлық малдар сібір жарасына қарсы егу шараларымен қамтылуға тиіс. Ауру малдар уақытында анықталып, оқшаулануы керек.  Аулаларда мал союды тоқтату қажет, тек ветеринар маманның бақылауымен арнайы мал сою орындарында сойылуға тиіс. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, шикізаттарын тасымалдау, сақтау, өңдеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуі қажет. Елді мекендердің сыртындағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек, белгісіз аурудан өлген малдар сол жерге апарылып, талапқа сай көмілуге тиіс.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық, ағайын !
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық  санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы
04 мамыр 2022 ж. 987 0