Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кәсіпкерлікті дамыту – өңір өркендеуінің тетігі

Кәсіпкерлікті дамыту – өңір өркендеуінің тетігі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет» деп кәсіпкерлік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлуді тапсырған еді. Осы орайда, Арал ауданының «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп» бөлімінің басшысы Ренат Жанаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ренат Қуанғанұлы, алдымен, бөлімнің негізгі міндеті мен функциясы туралы айтып өтсеңіз...
– Бөлімнің басты міндеті – аудандағы кәсіпкерлік қызметті жан-жақты қолдау және дамыту. Біз кәсіпкерліктің дамуын үйлестіру,  өнеркәсіп салалары қызметінің мониторингін жүргізіп, олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету,  шағын, орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу мен олардың орындалуын бақылау, сауда және қоғамдық тамақтану кәсіпорындарының қызметін үйлестіру сынды бағыттарда жұмыс істейміз. Оның барлығы – жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жергілікті деңгейде мемлекеттік қолдау көрсету. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге арналған инфрақұрылымдарды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің өзара тиімді байланысын орнату – біздің негізгі функцияларымыз.
– Соңғы жылдары жас кәсіпкерлер туралы көп естіп жүрміз. Жалпы кәсіпкерліктің аудандағы ахуалы қандай? Өзгерістер байқалды ма?
– Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Биылғы мәлімет бойынша, 5179 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 4993 бірлік, бұл жалпы тіркелгендердің 96,4%-ын құрайды.
Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 7744 адамға жетті. Ал осы секторда өндірілген өнім көлемі 13,4 миллиард теңгені құрап, 154,6% өсім көрсетті. Бұл аудан үшін жоғары деңгей.
Кәсіпкерлік салада көтерме, бөлшек сауда, орман, балық шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі жақсы дамуда.
– Президент шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауды әрдайым айтып келеді. Ол үшін арнайы мемлекеттік гранттар мен жобалар қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер қалай пайдаланып жатыр?
– Кәсіп ашып, оны дамытуға ниетті азаматтарға түрлі қолдау көмегі ұсынылады. Атап айтқанда, 1,476 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар, әлеуметтік кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейінгі гранттар мен жылдық мөлшерлемесі 2,5%, 6%, 8%, 10% болатын жеңілдетілген несие беріліп келеді.
Мысалы, жыл басынан бері жалпы қаржы ұйымдары арқылы 3,5 млрд теңгеден астам 154 жоба жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізсе,
146 жоба 1,476 млн теңгеден грант қаражатын алды. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкер ретінде тіркелген «Арал» мүгедектігі бар адамдарды қолдау бірлестігі және «Бір ауыл-Бір өнім» Республикалық конкурсының облыстық финалисті ДК «А.Кушжанова» 5 млн теңгеден грант қаражаттарын иеленді.
Сондай-ақ, бізде жаңадан аудан орталығында ашылған «Кәсіпкерлер үйі» орталығы жұмыс істейді. Ғимаратта аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлер палатасының филиалы және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мекемелері орналасып, кәсіпкерлер үшін жер телімдерін рәсімдеу, бизнес-жоспар дайындау, инфрақұрылымға қатысты техникалық шарттар алу, бухгалтерлік есеп-қисап мәселелерінде кеңес беру секілді қызметтер тегін көрсетеді.
– Қай істің де оңайы жоқ. «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес.Екі қолға бір күрек ұстаған жеке шаруа иелерінде жиі кездесетін қиындықтар қандай?
– Негізінен, ниеті түзу, білімді жанның жақсы жобасы болса, кәсіп ашуына кедергі жоқ. Дегенмен, несие алуға келгенде кейбір жандар кепіл мүлкінің құжаттары дұрыс рәсімделмеген немесе несие тарихы нашар деген мәселелермен бетпе-бет келеді. Мұндай жағдайда бөліміміз тиісті кеңес беріп, мәселені шешу жолдарын ұсынып, несие алуға жағдай жасалады.
– Аудандағы бизнес үшін инфрақұрылым қаншалықты дамыған? Жаңа жобалар бар ма?
– Ауданда инфрақұрылымды дамыту тұрақты жүргізіліп келеді. 2024-2028 жылдары аралығында жалпы құны 170,5 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобаБірыңғай индустрияландыру картасы, Жалпыұлттық жобалар Пулы және Өңдеу өнеркәсібі жобаларының Пулында орналасқан.
Бұл жобалардың ішінде ағымдағы жылы жалпы құны 820 млн теңгені құрайтын іске қосылғанда 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 2 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Оның бірі, Өңдеу өнеркәсібі жобаларының пулындағы дара кәсіпкер «Аманжолов Жұбаныштың» «Ылғал майлықтар өндіру цехын ашу» жобасы болса, Жалпыұлттық жобалар пулында «Sinooil» ЖШС-нің Батыс Қытай – Батыс Еуропа автодәлізінің бойынан «Жанар-жағармай бекетінің» құрылысының жобасы да іске аспақ.
Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі саласында 375,6 млн теңгенің жобасы іске қосылып, 28 адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.
Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы құны  892 млн теңгені құрайтын, іске қосылғанда 34 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 4 жоба іске асырылады деп күтілуде.
Ал алдағы жылы ауданда барлығы 12,8 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 104 адамды жұмыспен қамтитын 8 жоба жоспарлануда.
– Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша қандай қадамдар жасалуда?
– Әлеуметтік кәсіпкерлік те маңызды бағыт. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын үш кәсіпкер тіркелген. Солардың бірі – «Арал» мүгедектігі бар адамдарды қолдау» қоғамдық бірлестігі. Бұл кәсіпкерлікбүгінде 5 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда.
– Аудан экономикасындағы кәсіпкерліктің үлесі қандай?

– Жыл басынан бері аудандағы бөлшек сауданың көлемі 10,3 млрд теңгеге жетіп өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға артты.

Сонымен қатар, ауданымызда өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі өндірісінің оң динамикасы қалыптасты. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп орындары 27 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 104,8 пайызға артқан.Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 18,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп,  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,7 пайыз өсім көрсетті.
Сондай-ақ, 2023 жылдың қорытындысымен ауданның негізгі капиталына 24,4 млрд теңге инвестиция тапсырылған болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 28,5 млрд теңгеге дейін жеткізу бағытында тиісті жұмыстары жүргізілуде.
– Тұрғындар арасында кәсіпкерлікке қызығушылықты арттыру үшін қандай шаралар ұйымдастырылып жатыр?
– Кәсіпкерлікке деген қызығушылықты арттыру мақсатында ауданымызда түрлі шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, кәсіпкерлердің өнімдерін насихаттайтын көрмелер мен бизнес форумдар дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Сондай-ақ, барлық қолдау құралдары мен бағдарламалар туралы ақпарат аудан әкімдігінің ресми сайтында және бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.
Ел экономикасының негізін құрайтын шағын және орта кәсіпкерлік саласы дамыған сайын, өңірлердің де әлеуеті артып, халықтың өмір сүру сапасы жақсаратыны анық. Аудандағы игі бастамалардың жүзеге асуы – осының жарқын дәлелі.
Гүлмарал САҚТАПОВА
02 желтоқсан 2024 ж. 56 0