Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қай іс те оңтайлы шешілуі қажет

Қай іс те оңтайлы шешілуі қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үстіміздегі жылғы «Әділетті Қазақстан заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимиз» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында біраз нәрсе қамтылғанын көзі қарақты, көкірегі ояу кез келген жан біледі. Ел дамуын еселейтін бағдаршам іспетті осы бір стратегиялық құжат мемлекеттің ертеңіне даңғыл жол ашқаны мәлім Соның ішінде әлеуметтің әлеуетін көтеріп, халықытң қамын күйттейтін бастамалар айтылған.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі талап уақытпен үндесу болып табылады. Әрбір тарауда осы мәселені астын сызып айтқан Президент ақша-несие саясаты мен  фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екенін тапсырды. Нақтырақ тоқталсақ, ел басшысы өз сөзін былайша  сабақтады:
–Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн,–деп Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиістігін айтты.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қатысты да ойын салмақтап шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақытылы қабылданған шешім болғанын атап өтті. Рас, қазіргі таңда кәсіпкерлік еліміз бойынша әлдеқайда алға азған. Соның негізінде қаншама адамның тұрмыс деңгейі көтеріліп, шаруасын шалқытқандардың саны артқан. Оған дәлелді алысан іздемей-ақ, өз ауданымыздан аңғара аламыз. Атап өтер болсақ, ағымдағы жылдың бірінші қарашасына дейінгі мәліметте ауданымызда, жалпы, шағын және орта кәсіпкерлік субектілерінің саны еселеп артқан. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субектілері 5 мыңға жуықтаған. Кәсіпкерлікті дамытуға жасалған үкіметтің қолдауын сезініп, шағын және орта кәскерлікте жұмыспен қамтылғандардың көбейгені көңіл марқайтады. Қысқасы, кәсіпкерлік саласының асығы алшасынан түсіп тұр. Не керек бәрі бар. Әсіресе, бәсекелестік ә дегеннен байқалады. Істің көзін тауып, қарекет қылғандар алға озған. Ерінбегеннің еңсесі биік қоғамда кәсіпкерлерді қолдау бірінші кезекте. Соның нәтижесі шығар ауданда кәсіпкерлік субектілері мен өндірілген өнімде де өсім сезіледі. «Елу жылда ел жаңа» деген сөзді осыдан кейін мойындамай көр. Адамның түсінігі де заманның ағымы да өзгерген.  
«Елде болса ерінге тиеді» деген тәмсіл бар. Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекеттің қаржысына сүйену жеткіліксіз екені бесенеден белгілі. Ол жөнінде көптің көкейін дөп басқан, жүректерге жол тартқан Жолдауда да кеңінен қаузалған-ды.
–Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді. Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты деген Президент Үкімет пен Парламентке жаңа салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды.
Кәсіп–ел ырысы. Сол ырысты аттыру  бұлжымас міндет. Аудандық кірістер басқармасы ұжымы да аталған Жолдау аясында басқосу өткізіп, өздеріне жүктелген тапсырмаларды ұдайы назарға алып, қолданысқа енетін жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналатын жан-тәндерімен түсінген.  
Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдерді ойластыру қажеттігі жөніндеде айтылған Жолдауда Ұлттық қордың ролі де екшелген еді. Баспасөз саласының өкілі ретінде есімізде бар... Анау бір жылдары аудан орталығында кәсіпкерлер форумы шымылдық түріп, онда істің көзін танып, тыңнан түрен салған үлкен-кішілі іскер жандар бас қосқан болатын. Бұл дегеніміз, аудан көлемінде кәсіпкерлік саласының айрықша қарқын алғанын аңғартып, жаңалыққа жаны құмар азаматтар мен азаматшалар өзара тәжірбие алмасқан-тұғын.
Иә, Президент Жолдауындағы әр тараудың, әр міндеттің қалың бұқараға берері көп. Тәуелсіз еліміздің өркендеуіне әлемдік деңгейдегі тәжірибесін пайдаланып, жұртышлықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға жан-жақты мүмкіндікті қарастырған Қасым-Жомарт Кемелұлының ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою  төңірегіндегі тапсырмасы жүзеге асқан кезде жемісті жолымыз әр қарай жалғаса береріне ешкім шүбә келтірмейді.
Ендеше, жақсы күндерден үміті зор аралдықтардың да ырысы артып, кірісі көбейер күн жақын деп білейік!

А.Жайшылық
         
16 қараша 2024 ж. 58 0