Ернар АМАНДЫҚ, әнші: ТУҒАН ТОПЫРАҚ, ДАРХАН ДАЛА – ШАБЫТЫМНЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ

– Мен ән жазуды жеті жыл бұрын бастадым. Бастапқыда бұл мен үшін жай ғана қызығушылық, тіпті хобби деуге болатын іс еді. «Қолымнан келе ме екен?» деген күмән де болды. Ол кезде арнайы уақыт бөліп, адам тағдырынан немесе өмірлік оқиғалардан шабыт алған жоқпын. Барлығы ішкі құштарлық пен қарапайым талпыныстың нәтижесі.
Қазір сол алғашқы жазған әндерімді қайта тыңдасам, бір жағынан балалық шабыттың шынайылығын, екінші жағынан шығармашылыққа енді-енді қадам басқан сәттегі тазалықты сезінемін. Ән шығаруда көп нәрсені үйренуіме қазақстандық және шетелдік әншілердің шығармашылығын тыңдап, талдау жасағаным үлкен әсер етті. Солар арқылы тәжірибе жинап, өз жолымды табуға тырыстым.
Өзімді керемет композитормын деп айтудан аулақпын. Мен тек жанымның тереңінен шыққан, жүрегіме жақын дүниелерді ғана жазамын. Көптеген әнімде өзімнің де, айналамдағы адамдардың да бастан өткерген оқиғалары, әсіресе махаббат жайлы сырлары баяндалады. Көпшіліктің жүрегіне жол табуы да, бәлкім, осының арқасы шығар. Мен ешқашан «не нәрсе хит болады?» деп ойлап, бағыт таңдаған емеспін. Шығармаларымның халыққа ұнап жатқаны – олардың арнайы жоспармен емес, шын көңілмен туғанының нәтижесі деп білемін.
– Әншілерге «Қазақстан дауысы» – тек байқау емес, армандар орындалатын үлкен сахна. Сіз үшін бұл жобаның мәні неде болды? Қатысу арқылы қандай нәтижеге жеттіңіз?
– 2021 жылы «Қазақстан дауысы» жобасына шақырту алдым. Бұл мегажоба мен үшін үлкен арманның алғашқы баспалдағы болды. Жобаға қатысу арқылы өнер әлемінің түрлі қыр-сырын тереңірек түсініп, өзімді жаңадан таныдым.
Бұл жерде тек ән айту шеберлігімді шыңдап қана қоймай, сахна мәдениетін меңгеріп, көрерменмен жұмыс істеу, өз-өзіне сенімді болу сынды маңызды қасиеттерді бойыма сіңірдім. Жобада менің тәлімгерім – қазақ өнерінің қайраткері, ұстазым Майра Мұхамедқызы болды. Ол кісінің тәжірибесі мен бағыт-бағдарының арқасында мен көрмей тыңдау кезеңінен бастап финалға дейінгі ұзақ жолдан өттім.
Ол – үлкен жетістік әрі мәртебе. Әр қадамда тәлімгердің сенімі, команданың қолдауы және маңдай термен келген еңбек тұр. Сол үшін бұл жобаны шығармашылық жолымдағы аса маңызды белестердің бірі деп санаймын.
– «Сенен кейін» әніңіз TikTok-та танымалдылыққа ие болды. Бұл әннің шынайы оқиғаға негізделгенін айттыңыз. Сол оқиғаны бөлісе аласыз ба? Мүмкін, бұл сіз үшін шығармашылықтағы бетбұрыс сәті болған шығар?
– Ән 2023 жылы көктемде жазылды. Бірақ көпшілікке бірден ұсынған жоқпын. Әуелі өзіммен біраз алып-қаштым. Тек күзде ғана, көңілімнің толық піскен сәтінде әлеуметтік желіге жарияладым. Шыққан сәттен-ақ тыңдарман жылы қабылдады. Әсіресе TikTok-та көп адам пайдаланып, әртүрлі видеолар түсіріп жатты. Бұл тосын әрі қуанышты жағдай болды. Иә, ән шынайы оқиға негізінде жазылды. Бірақ оның толық тарихымен бөліскім келмейді. Тек мұнда жүрекке жақын бір сезім барын ғана айта аламын.
Менің шығармашылығымда ғашықтық, сағыныш, күту сияқты сезімдер жиі кездеседі. Осы күйлер менің жүрегіме етене жақын. Әндерімде эмоциялар табиғи түрде, еріксіз үйлесім тауып жатады. «Сенен кейін» де сондай туындылардың бірі.
– Бір әріптесіңіз: «Ернар сахнаға шыққанда – жай ғана ән айтып тұрған адам емес, жүрегін қоса жеткізетін әртіс» деп баға беріпті. Бұл сіздің актерлік тәжірибеңізбен байланысты ма? Жалпы, театр мен эстраданың қайсысы сізге жақынырақ?
– Мені өнер жолына жетелеген қос қанат – театр мен музыка. Екеуі менің өмірімде егіз ұғымдай үндесіп, бірін-бірі толықтырып келеді. Қазақ Ұлттық Өнер академиясында «Театр әртісі» мамандығын меңгеріп шыққаным да тегін емес. Сол кезден бастап сахнаға актер ретінде қадам басып, халық алдына әртіс бейнеммен шықтым. Бүгінде де спектакль кезінде жұрт мені әнші ретінде емес, театр әртісі ретінде қабылдағанын қалаймын. Себебі ол – бозбала күнімнен бері жүрегіме жақын, ерекше ыстық өнер.
Театр сахнасы – шыдам мен шеберлікті талап ететін биік мінбер. Кейде күндер бойы дайындықтан көз ашпайтын сәттер болады. Соның арасында ән жазу үшін студияға барып, уақытпен санасуға тура келеді. Бірақ мұның бәрі менің театрға деген сүйіспеншілігімді суыта алмайды. Қайта, оған деген сенімім мен ықыласымды еселей түседі. Болашағымды да осы жолмен, осы сахнамен байланыстырамын.
Әншілік – менің хоббиім, жүрекке жайлы ермек. Сахнада әнші ретінде де өз орнымды тапқым келеді. Көптеген әріптестерім менің қос өнерді қатар алып жүргенімді айтып жатады. Шынында, төрт жыл бойы алған актерлік білімім ән орындау барысында үлкен көмек көрсетті. Әр әнде образ жасап, тыңдарманға сол арқылы әсер ету – мен үшін бір ғанибет.
Қос өнердің қиылысында жүрсем де, әрқайсысының өз орны, қадірі бар. Бірақ, менің ең басты сүйікті сахнам – театр сахнасы. Сол арнадан алыстамай, өнердегі жолымды жалғастыра бергім келеді.
– Бейнебаяндарыңызда қарапайым сюжеттер мен эмоционалды көріністер көбірек кездеседі. Бұған өзіңіз тікелей араласасыз ба, әлде бұл режиссердің көзқарасы ма? Өзіңіздің де режиссер болсам деп ойлаған кезіңіз болды ма?
– Өзімді өнердің бір ғана қырымен шектегім келмейді. Режиссерлік – көкейімде көптен бері жүрген арман. Оқыған мамандығым да бұл салаға жақын болған соң, театр мен кино режиссурасына қызығушылығым арта түсті. Адам армандаудан жалықпауы керек қой. Мен де сол секілді, тек ән айту мен актерлік шеңберінде ғана қалып қоймай, өзімді басқа қырдан байқап көргім келеді.
Әлемнің озық кинотуындыларын үзбей тамашалаймын. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, режиссерлікке бет бұру – менің үлкен арманымның бірі. Әзірге бұл бағытта алғашқы қадамдарымды байқап көрудемін. Әсіресе, бейнебаян түсірілімдерінде шығармашылық ойларымды ұсынуға тырысамын. Режиссер ретінде өз көзқарасымды, ішкі сезімімді жеткізуге мүмкіндік табылған сәттерде ерекше шабыттанамын.
Дегенмен, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, кәсіби мамандардың еңбегіне әрқашан үлкен құрметпен қараймын. Шынайы режиссерлер – бұл істің бүге-шүгесін жетік білетін, шығармашылық әлемнің адамдары. Сондықтан көп жағдайда олардың ақыл-кеңесіне сүйеніп, бірлескен жұмыстың нәтижесінде сапалы дүниелер туады. Бастысы – әр жобаға жүрекпен қарап, ортақ ниетпен еңбек ету. Алдағы уақытта бұл салада да өзімді көрсетемін деп сенемін.
– Бір сұхбатта: «Шығармашылық – менің жан дүниеммен сөйлесетін тіл» депсіз. Бұл – жалғыздықтан туған сөз бе, әлде сіздің ішкі әлеміңізде үнемі сұхбат жүріп жата ма? Жеке өміріңізде осындай ішкі диалогты бөлісетін жан бар ма?
– Шығармашылық – адамның жан дүниесінен, ішкі әлемінен тамыр алатын терең құбылыс. Мен үшін де солай. Нағыз шабыт, тың ойлар мен ерекше идеялар жалғыз қалған кезде келеді. Көпшіліктің ортасында отырып, ән жазу немесе сөз ойлау маған оңай емес. Сол себепті көбіне тыныштық іздеймін.
Әсіресе, таңғы, түнгі уақытта көшеге шығып, табиғатпен үнсіз сырласатыным бар. Осындай сәтте жүрек те, сана да ашылады.
Жеке өміріме келсек, мен ішкі жан дүниемді көпке жария еткенді ұнатпаймын. Жоспарларымды алдын ала бөлісіп, бәрін ашып айтудан гөрі, ішімде пісіріп, бәріне өзім жеткенді жөн көремін. Өйткені әр шешімім ішкі арпалысым мен рухани күресімнің нәтижесі. Өзіме сеніп жасаған дүние ғана шынайы әрі мәнді болады.
– Халық арасында: «Ернар өте тәрбиелі, қарапайым отбасынан шыққан» деген пікір жиі айтылады. Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Сізге өнерге деген махаббатты кім дарытты? Ата-анаңыздың қандай сөзі есіңізде жиі жаңғырып тұрады?
– Мен әрдайым туған жерімді мақтанышпен айтып жүремін. Менің тамырым, түп негізім – қасиетті Аралдың топырағы, жыр қонған Қызылжар елдімекені. Сол ауылда балалық шағым өтті: қой бағып, сиыр қайырып, топырағында аунап өстім. Қалада жүріп шаршаған кезде ауылға тартып кеткім келіп тұрады. Өйткені туған жерге барсам, тынығып, өзіме келетіндей боламын. Туған топырақ, дархан дала – менің қуат алатын, сағынышпен оралатын мекенім, шабытымның шырақшысы!
Өнерге деген алғашқы құштарлығым да туған топырақта басталды. Әкем Амандық Жүгінісов – ауылдағы халық театрының режиссері әрі директоры болған. Бала кезімде оның үйде домбыра шертіп отырған бейнесі сақталыпты. Ең алғаш мені өнерге жетелеген, жол көрсеткен – сол кісі. Әкем менің үлкен сахнаға шығуымды армандап, өнер жолындағы алғашқы қадамдарыма демеу бола білді. Өзі өмірден өткенмен, ауылдастардың «Амандықтың баласы» деген сөзі маған үлкен мақтаныш. «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық» дейді ғой, осы сөздің мағынасын жылдар өте келе терең түсіне бастадым.
Анам Жадыра Байтөриева – №81 орта мектепте 30 жылдан аса ағылшын тілінен сабақ берді. Анам да өмірден өтті. Бірақ артында ұрпағына қалдырған тәрбиесі мен мейірімі мәңгі жүрегімізде қалды. Әкем мен анам – менің өмірлік ұстаздарым.
Өнерге келуіме себепші болған жандардың бірі – ауылымыздың қадірлісі Мұхтар Омаров ағай. Ол – вокалдан сабақ беріп, талай өнерпаздың қанатын қатайтқан ұстаз. Әкемнің досы, маған да жол сілтеген жан. Үлкендер ебімді байқаған соң, үйірмеге қатыстым. Концерттерге, байқауларға барып, тәжірибе жинадым. Мұхтар ағай баянмен сүйемелдеп, жеңсем қуанып, жеңілсем жігер беріп отыратын. Өзі қызылжарлық талай талантты өнерпаздың қалыптасуына атсалысқан жан. Ауылға барсақ, алдымен сәлем бере баратын, құрметті азамат. Өзімнің өнер жолымда Мұхтар ағайдың еңбегін ешқашан ұмытпаймын.
Нағашы жұртым да – өнер мен өлеңге жақын адамдар. Әкем үнемі айтып отыратын: «Нағашыларың Аманөткел ауылынан шыққан, Еспембет жырау, Нұртуған жырау, Мырзастан тараған шайырлар. Өнер қаныңда бар» деп.
Әрі әкемнің ағасы Дәулетбай Жүгінісов – аудан мен облысқа танымал ақын. Тағы бір үлкен ағамыз Дабыл Омаров – Аралда еңбек еткен балалар композиторы, ақын әрі күйші. Тілеген Халықов есімді суретші ағамыз да бар. Осындай өнер иелерінің арасында өсіп, бойыма дарынның дәні себілді деп ойлаймын.
– Сізге қарап, сабырлы да сыршыл адамды көреміз. Бірақ достарыңыздың айтуынша, сіз өмірде өте қалжыңбас, ашық адам екенсіз. Осы Ернар мен сахнадағы Ернар арасында айырмашылық бар ма? Жанкүйерлер көрмейтін қырыңыз туралы айтып өтсеңіз...
Болмысымда сабырлы адаммын. Асығып-аптықпай, әр нәрсеге байыппен қарауға тырысамын. Дегенмен, үйдің кенжесі болған соң, бойымда сәл еркелік бары да рас. Оны жоққа шығара алмаймын, мойындаймын. Басқалардың алдында еркелік танытпасам да, жақындарым мен туыстарым бұл мінезімді жақсы біледі.
Жалпы, көпшілік ортада өзімді бірден ашып, еркін әңгіме айтып кетуім сирек. Ал бала күннен араласып келе жатқан достарымның арасында мүлде басқамын. Ортада күліп-ойнап, қалжың айтып, шынайы болмысымды еркін көрсетемін. Адам жақынына ғана шынайы бола алады ғой. Мен үшін сондай сәттер ең жайлы кез.
– Жастар махаббатты TikTok арқылы іздейді, ал сіз махаббатты музыкамен жеткізесіз. Осы айырмашылыққа қалай қарайсыз? Қазіргі қоғамда өнердің миссиясы қандай?
– Әр адам өз ісінде бір миссияны ұстануы керек. Өмір жолының бағыты тек ақша мен атақ үшін емес, одан да биік – рухани мұратпен белгіленгені жөн. Мен үшін өнердегі басты мақсат – адамдардың жүрегіне жол табу, оларды сезімге бөлеп, жан дүниесіне әсер ету.
Соңғы уақытта жастар арасында махаббаттың қадірі көмескіленіп бара жатыр. Сезімін ашық жеткізе алмау, сүйгенін түсінбей, бағаламай ажырасып кету жиі кездесетін жайтқа айналды. Мен махаббатты қайта тірілткім келеді. Әндерім арқылы сезімді оятып, жүректегі шынайы махаббаттың бағасын ұғындырғым келеді.
Қазір депрессия, күйзеліс – жас буын арасында «тренд» секілді болып кеткені жасырын емес. Осындай сәтте менің әнім тыңдарманның көңіліне жұбаныш болып, жанына демеу болса екен деймін. Лирика толы әнмен тыңдарман жүрегіндегі сағынышын баса алсам, менің өнердегі миссиямның орындалғаны.
– Шығармашылығыңыздан қазақы мінез бен заманауи стильді қатар байқаймыз. Бұл – саналы түрде таңдалған бағыт па? Әлде болмысыңыз осындай тепе-теңдікте қалыптасқан ба?
– Ән шығарарда өзіме белгілі бір стиль таңдап, соны ұстануға тырыспаймын. Жүректен шыққан әуен қалай келсе, солай қағазға түседі. Негізі заманауи музыканы да назардан тыс қалдырмаймын, бірақ әндерімде қазақы болмыс пен дәстүрлі саздың табы байқалса – өнерімнің тамыры тереңде жатқанын білдірсе керек.
Жалпы ауылдан мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келгенде, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне түсіп, сол жерде Рамазан Стамғазиев ағайымыздың жол сілтеуімен дәстүрлі ән өнерін оқып-бітірдім. Кейін театр мамандығын игеріп, актерлікке бет бұрдым. Осы екі сала шығармашылық жолымда бір-бірін толықтырып келеді.
Көп адам «Сіздің өзіндік стиліңіз бар» деп айтып жатады. Ойланып қарасам, расында да дәстүр мен заманауи стильді ұштастыра отырып, өзіме тән өрнекпен ән айтатындаймын.
Бүгінде бойымдағы өнер үшін ешқашан өкінбеймін. Керісінше, әкем армандаған үлкен сахнаға аяқ басып, арманымның шындыққа айналып келе жатқанына шексіз қуаныштымын. Мақсатым – сол үмітті ақтау, өнер жолындағы аманатқа адал болу.
– Адам қайда барса да, туған жердің иісін, даланың үнін ұмытпайды дейді. Қызылжардағы балалық шақ, ауыл өмірі туралы не айтасыз? Ерекше ыстық естелігіңіз бар ма?
– Жоғарыда айтып өткендей, мен ауылды ерекше жақсы көремін. Оған сағыныштан туған бір әнім «Ауылға» деп аталады. Мен үшін жай ән емес, шын мәнінде жүрегімнің тереңінен шыққан, үлкен тебіреніс пен толғаныстан туған туынды. Әнде ата-анама, бауырларыма деген сағыныш, туған жерге деген іңкәрлік бар. «Қаладан кейде мен шаршаймын, ауылға баруды аңсаймын» деген жолдар арқылы қаланың қарбалас тіршілігінен алыстап, туған ауылдың тыныштығына асығуымды жеткізгім келді.
Шынымен де кейде күнделікті күйбең тірлік пен қаланың шуы қажытып жібереді. Сондай сәттерде Шымберген Сүлейменовтің «Қалада қаншасауық құрғанмен, ауылға кеткім келіп тұрады» дегені есіме түседі. Ол бар ауыл баласының жүрегіндегі ауылға деген бекзат махаббат.
Мен 18 жасқа дейін Қызылжар ауылында өстім. Қалаға тек отбасыммен бірге той-томалаққа, қыдыру үшін барып қайтқаным болмаса, көбіне елден шықпайтынмын. Қызылжардың әр көшесі – балалық шағымның куәсі. Бүгінгі жастардың көбі телефонға байланып, әлеуметтік желі ішінде өмір сүріп жатқанына кейде іштей қынжыламын. Ал біз далада асық атып, тығылыспақ ойнап, күн қызарып батқанша бір-бірімізді қуалап, еркін тыныстап өстік.
Бәлкім, солай ойнаған соңғы буын біз шығармыз. Қатты бейім болмасақ та, шөп шабу, егін ору, қора тазалау, қой бағу секілді ауыл тіршілігінің барлық жұмысын көрдік. Ол сәттерді еске алып, сағынышпен айтып отырып таңды атыруға болады.
– Алдағы 5 жылда өзіңізді қай жерде елестетесіз?
– Алдағы жоспарларыммен бөлісуді аса құп көрмеймін. Себебі кез келген ой толыққан кезде ғана жүзеге асатынына сенемін. Өзімше «осылай болса ғой», «осылай жасау керек» деген мақсаттар мен идеялар бар, әрине. Бірақ олардың бәрі бір сәттің емес, ұзақ еңбектің жемісі. Сол үшін қазір тынымсыз ізденіс үстіндемін, өзімді әрдайым дамытып, жаңартып отыруға тырысамын.
Бір анық нәрсе – өнер саласынан ешқайда бұрылмаймын. Жүрегім қалаған бағыт осы болған соң, болашағымды да өнермен байланыстырамын. Қандай да бір өзгеріс болса, ол шығармашылықтың өрісін кеңейту, биікке көтерілу жолындағы қадам болады. Оған үмітім зор, ниетім нық.
– Қазір сізді жаңа буын жұлдызы деп атайды. Бірақ бұл атақпен бірге үлкен жауапкершілік те келеді. Ернар Амандық – тек әнші емес, ел алдына шыққан азамат. Осы жауапкершілікті қалай сезінесіз?
– Иә, қазіргі таңда аудиторияма ерекше мән беремін. Байқауымша, менің тыңдармандарымның қатарында мектеп жасындағы балалардан бастап, 35-40 жас шамасындағы ересек жандар да бар. Сондықтан шығармашылығымда барынша мағынасы терең, тәрбиелік астары бар әндер жазуға тырысамын.
Өз ісімізге де, сөзімізге де үлкен жауапкершілікпен қарайтын уақыт келді деп есептеймін. Қазір ғаламтор кеңістігінде түрлі мазмұндағы, оның ішінде жағымсыз ақпараттар да көптеп кездесіп жатады. Мұндай жағдайда ешкімді нақты кінәлай алмаймыз, өйткені балалар мен жастар көбіне үлкендердің әрекетін қайталайды, көргенін жасайды.
Сол себепті үнемі бақылау жасап, әр қадамымды ойланып басуға тырысамын. Өнер адамына артылар жүк – тек сахнамен шектелмейді. Өмірлік ұстаныммен, қоғамға берер үлгімен өлшенеді. Осы жауапкершілікті әрдайым ойымда ұстаймын.
– Алдағы уақытта тыңдармандарыңызды қалай қуантпақсыз? Туған жерге келіп жеке ән кешін өткізу жоспарыңызда бар ма?
– Әрине, сәті түсіп, мүмкіндігі болып жатса, өз жұртыма ән кешін арнау жоспарда тұрған іс. Туған жердің төрінде қызылжарлық перзент ретінде ел алдында ән шырқағым келеді.
Әрбір жан үшін ол – зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Себебі тек өнер кеші емес, өзіңді тәрбиелеп өсірген елге есеп беру, алғыс айту, сағынышты ақтару сәті. Қазір бәрі уақыт еншісінде. Дегенмен сол күнге тынбай еңбектеніп келемін.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет! Өнер жолында табысты болып, халық ықыласына бөлене беріңіз!
Сұхбаттасқан Гүлмарал САҚТАПОВА