Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Айдос МАРАТҰЛЫ: «ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ»

Айдос МАРАТҰЛЫ: «ЖАС КӘСІПКЕРЛЕР – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ»

Болашағы жарқын елдің негізі – білімді, креативті және кәсіпке бейім жас буын. Осы ретте Арал ауданында жастар саясаты жүйелі түрде іске асырылып, жас кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің статисті, «Жас кәсіпкер» жобасының жетекшісі Айдос Маратұлымен әңгімелескен едік...
– Жастар саясаты – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Арал ауданында жас буынның қоғамдағы рөлін арттыру, олардың белсенділігін күшейту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Жалпы, жастардың кәсіпкерлікке бет бұруына қандай жағдай жасалып келеді?
– Расында, жастар – ел ертеңінің тірегі. Бүгінгі жас – ертеңгі маман, кәсіпкер, көшбасшы. Сондықтан ауданымызда жастар саясатын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар қолға алынып, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға ерекше басымдық берілуде.
Биылғы жылдың басынан бастап Арал ауданында 4 984 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді, оның 1 903-і – жастарға тиесілі. Бұл көрсеткіш жастардың бизнеске деген қызығушылығы жылдан жылға артып келе жатқанын айқын дәлелдейді.

– Жас кәсіпкерлерді қаржылық қолдау – олардың бизнес бастамаларын жүзеге асырудағы негізгі тетік. Сіздің сала тарапынан осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай нақты нәтижелер бар?
– Иә, қаржылық қолдау – жас кәсіпкерлер үшін үлкен демеу. 2025 жылдың басынан бері жастар кәсіпкерлігін дамыту бағытында мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы ұйымдары арқылы 2 375,0 млн теңгеге 94 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 31 жоба – жастардікі, жалпы сомасы 252,9 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар, 2025 жылы қайтарымсыз гранттар аясында 146 жоба қолдау тапты. Оның ішінде 62 жоба – жастарға тиесілі, жалпы сомасы 97 513 600 теңге. Бұл гранттар жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға үлкен серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік туғызды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық құзыреттілікті дамытуға ерекше мән берілгені белгілі. Осы бағытта аудан жастарын оқыту, цифрлық ортаға бейімдеу бойынша қандай шаралар жүзеге асырылуда? Бұл жұмыстар жас кәсіпкерлерге қалай әсер етуде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы басым бағыттарды негізге ала отырып, аудан жастарының цифрлық құзыреттілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Осы мақсатта жас кәсіпкерлерді жасанды интеллект негіздеріне оқытуға және заманауи технологияларды бизнесінде тиімді қолдануға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында «AI AIDOS» атты жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген, инновациялық бағыттағы цифрлық жоба іске қосылды. Жоба жастар арасында кәсіпкерлік мәдениетті кеңінен насихаттауға, инновациялық идеяларды қолдауға және цифрлық дамуға бейімдеуге бағытталған. Сонымен қатар, тәлімдік сұхбаттар мен бейнероликтер дайындалып, олар жас кәсіпкерлердің тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар қалыптастыруына және заманауи нарық талаптарына сай кәсіп жүргізуіне оң ықпал етуде.

– Соңғы жылдары онлайн сауда қарқынды дамуда. Аудан жастарын интернет-дүкендермен жұмыс істеуге үйрету бойынша нақты қандай оқыту шаралары өткізілді? Бұл тренингтердің жастарға берген мүмкіндігі қандай?
– Дәл солай, онлайн сауда – бүгінгі нарықтың негізгі бағыты. Сол себепті OZON, Kaspi.kz, Wildberries, Marketplace секілді платформаларда жұмыс істеуге арналған арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Бұл тренингтер барысында жастар тауарды орналастыру, клиентпен жұмыс, онлайн жарнама, логистика, төлем жүйелері жөнінде тәжірибелік білім алды. Нәтижесінде көптеген жас өнімдерін онлайн нарықта тиімді орналастырып, табыс көздерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

– «Жас кәсіпкер» жобасы аясында тәжірибе алмасу, мотивациялық кездесулер де өткізіліп келеді. Осындай іс-шаралардың жастарға берері қандай? Оларға қандай қолдау тетіктері ұсынылды?
– Бұл бағыттағы жұмыстар д
а тұрақты жүргізілуде. Жастарға кәсіп бастауға серпін беру мақсатында тәжірибе алмасу кездесулері, табысты «Үздік» жас кәсіпкерлермен сұхбаттар, мотивациялық тренингтер мен шеберлік сабақтары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жобалар жастардың бойында өз күшіне сенімділік ұялатты, нақты қадамдар жасауға ынталандырды және кәсіпкерлік ортада өзара байланыстар орнатуға жағдай жасады.
Аталған іс-шара нәтижесінде жастар кәсіпкерліктің негізгі бағыттарымен жан-жақты танысып, заманауи нарықта бәсекеге қабілетті болуға қажетті білім мен машықтарды меңгерді. Сонымен қатар, тәжірибелі кәсіпкерлермен тікелей байланыс орнатып, шабыт алып, болашақ бизнес идеяларын қалыптастыруға мүмкіндік алды. Және жыл көлемінде жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында аудан аумағындағы ауылдық округтер мен кенттерде жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып отырды. Атап айтқанда, «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында кенттер мен елді мекендердің жастары қатысқан кездесулер өткізіліп, оған тиісті сала мамандары тартылды.
Кездесулер барысында мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктері, тұрғын үй кезегіне тіркелу тәртібі, кәсіп ашуға және өз ісін дамытуға ниетті жастарға арналған қолдау тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге практикалық кеңестер беріліп, кәсіби бағыт-бағдар көрсетілді. Бұл кездесулер ауылдық және кент жастарының кәсіпкерлікке қызығушылығын арттырып, олардың нақты бизнес бастамаларын жүзеге асыруына ықпал етті.

– Осындай кең көлемді жұмыстың нәтижесінде жастар кәсіпкерлігі қалай өзгерді? Және алдағы уақытта бұл бағытта қандай жоспарлар бар?
– Нәтиже көз қуантады. Арал ауданында жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы айтарлықтай артып келеді. Бүгінде кәсіпкер жастар саны өсуде, жаңа бизнес жобалар жүзеге асуда, сонымен қатар жастардың цифрлық және нарықтық сауаттылығы айтарлықтай артты.
Алдағы уақытта біз жастарға арналған арнайы гранттық байқаулар, оқыту бағдарламалары, бизнес-жобалар көрмелерін ұйымдастыруды жалғастырамыз. Жастар кәсіпкерлігі – өңірдің экономикалық дамуының маңызды бөлігі. Сондықтан жас кәсіпкерлерге қаржылық, әдістемелік және мотивациялық қолдау көрсетуді тоқтатпаймыз.
Бұл бастамалар Арал жастарының әлеуетін толық ашуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Г.САҚТАПОВА
07 желтоқсан 2025 ж. 233 0