Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл жастарға қандай қолдау көрсетілді?

Биыл жастарға қандай қолдау көрсетілді?

Жастар жасампаз елдің ертеңі. Қазіргі күні жастар саясатын жүзеге асыру бағытында тың жобалар мен жарқын бастамалар қолға алынуда. Соның нәтижесінде өз болашағын қалыптастырамын деген өскелең ұрпақа мол мүмкіндік берілген. Арал ауданының жастары да биік белестерді бағындырып, өз идеяларын дамытып келеді. Бүгінде аудан атын шығарып жүрген жастар жетерлік.
Қазіргі таңда Арал ауданында 14-29 жас аралығында 18796 жас бар. Бұл жалпы тұрғындардың 24,2%-ын құрайды. Ал солардың 696-сы орта арнаулы оқу орындарында білім алып жүрген студент жастар.
Аудандағы жастармен тікелей жұмыс жасайтын «AILAQ» жастар ресурстық орталығы 2017 жылдан бастап қызмет көрсетуде. Мұнда жастарға қолдау көрсету және олардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылып келеді. Жастарға арналған 12 жоба бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атап айтар болсақ, «Жас маман» жобасы бойынша кездесулер, «Дін және жастар» жобасы бойынша басқосу жиындары, «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша мәдени-көпшілік шара, «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында  рейд жұмыстары, «Мен спортты таңдаймын» жобасы бойынша  спорттық шаралар және «Жас кеңесші» жобасы мен «Ашық есік» акциясы арқылы жастарды жұмысқа орналастыру қарастырылған.
Сонымен қатар цифрлық технологиялар арқылы жастардың әлеуетін жақсарту мақсатында жастар арасында бос жұмыс орындарының арнайы сайтына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы
QR- коды бар үнпарақтар таратылып, халық көп шоғырланатын орындарда орналастыру да ұдайы іске асырылып отыр.
Жазғы демалыс уақытында жастарды бір арнаға тоғыстыру мақсатында
«AILAQ ACOUSTIC» жастар кеші өтті. Маусым, тамыз айларында болған шараға аудан жастары ерекше белсенділікпен қатысты. Бұл көңілді кештерде Аралдан шыққан жас өнерпаздар өнерлерін көрсетіп, жиналған жандарды өздеріне тәнті етті.
Жақында «Ailaq Stand Up» жобасы жүзеге асырылып, жастар жаңашыл қырынан танылды және жоба орталықтың YouTube арнасында көрсетіле бастады. Сонымен қатар жыл басынан бері «NEET санатындағы жастарды анықтау жөнінде» аудан жастары арасында адрестік жұмыстар жүргізіп келеді. Жұмыстар онлайн және оффлайн форматта жастардан сауалнама алу негізінде жүзеге асырылды. Сауалнамаға аудан бойынша барлығы 7318 жас қамтылған. Оның ішінде NEET санатындағы 1346 жас (жұмыссыз, жоғары және орта арнаулы білімі жоқ, бала күтімімен айналысатын және үй шаруасындағы жастар) анықталған.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 1017 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 465-сы  жұмыспен қамтылған. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Ұлттық» жоба аясында жастар тәжірибесінен 87 жас өтіп, 13 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Қоғамдық жұмыс орындарына 394 жас және әлеуметтік жұмыс орындарына 43 жас жұмыспен қамтылған.
Жыл басынан бері жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант бойынша 15 адамға қаржы бөлініп, толығымен игерілді. Оның ішінде жастар санаты  8  адамды құрап отыр.  5  жас 1 миллион 225 мың  200 теңге көлемінде қайтарымсыз несие иеленген. Сонымен қатар жуырда аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Жас Толқын» еріктілер тобының белсенділері қаламыздағы білім ордаларының оқушыларымен, колледж студенттерімен бірге «Қосыл, Жас дос!» жобасын қолға алып, жастарды көшбасшылыққа баулу мақсатында арнайы семинар-тренинг шараларын өткізді.
Бұл бастаманың барлығы қаламыздағы жас буын өкілдерінің қарқынды даму үстінде екенін көрсетеді. Орталық белсенділігі осылай жалғаса беретін болса, ел сенім артқан жастар аудан дамуына өзіндік мол үлесін қосатынына сенімдіміз. 
25 қараша 2022 ж. 566 0