Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқын болашақ жастар қолында

Жарқын болашақ жастар қолында

Жастар – еліміздің ертеңі. Олардың бүгінгі қол жеткізген жетістіктері келешегіміздің жарқын екендігін айқындап тұрғандай. Заман ілгері жылжыған сайын тәуелсіз елдің ұрпақтары да жаңалыққа ұмтылып, елдің патриоты болып өсіп келеді. Статистикалық мәліметке сәйкес, аудан халқының 23,3 пайызын жастар құрайды. Аудан орталығындағы  арнаулы оқу орындарында 714 студент жастар білім алуда. Ал 14 пен 18 жас аралығындағы  оқушылар саны 17 мың 445 болып отыр.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Аудан жастарымен тікелей жұмыс жасайтын Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де 17 маман жұмыс жасайды. Сонымен бірге аудан орталығынан кейінгі Сексеуіл кентінде орталыққа қарасты 1 маман, Жақсықылыш кентінде 1 маманымыз бар болса, басқа ауылдық округтерде жастар саясатын жүзеге асыру арнайы мамандарға жүктелген. Олар жергілікті жердегі жастар саясатын жүзеге асырудағы өздерінің мәселесін құзырлы орындарға жеткізіп, ауыл жастарымен жұмыс жасауда.   
Сонымен қатар қоғамдық-мәдени орындарда ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алу және тәрбиелеу мақсатында жоба аясында жыл басынан бері 10-ға жуық кездесулер, рейд жұмыстары, дөңгелек үстелдер өткізілді. Осы ретте «Жастар ресурстық орталығының» жанынан құрылған «Жас толқын» еріктілер тобы жұмыс жасап келеді. Аудан еріктілері барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысуда.
Жыл басынан бері аудан жастарының қатысуымен 64-тенастам шара ұйымдастырылып, оған 1325 жас қатыстырылды. Үстіміздегі жылы орталықпен «Жас кеңесші», «Жастар қоғам назарында», «Жас отау», «Эрудит», «Жүрек жылуы», «Жас маман» сынды 12 бағыттан тұратын жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы, аудан жастары қандай игі істің болса да жанынан табылады. Елдің басына қиындық түскен шақта да жұмылып жұдырық болып ерікті жастар елге көмек көрсетті. Әсіресе қазіргі коронавирус жағдайында халықты сақтануға шақырған болса, қуаңшылықтан малы қырылған ауылдастарға шөп жеткізуге жәрдемдесті.
Мен аудан жастарымен тікелей жұмыс жасай отырып, олардың өмірге құштар, елге жанашыр, жаңалыққа ұмтылған жандар екендігіне көзім жетті. Осындай жомарт жүректі жастарымыз барда, ауданның алар асуы да әлі алда деп ойлаймын.
Нұржан МҰРАТБАЕВ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы
13 тамыз 2021 ж. 553 0