Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Жастар күніне орай мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің Жастар күніне орай мерекелік құттықтауы

Құрметті жалынды жастар!
Баршаңызды бүгінгі 12 тамыз - Халықаралық жастар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жастар – қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз.
Туған өлкеміздің тарихы мен мәдениеті, оның өркендеуі, бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты.
Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Жастарымыздың жаңа белестерге деген ұмтылыстары - тың идеялардың туындауына себепші болады.
Қазірде жас буын өкілдерінің алдына айқын мақсаттар мен міндеттер қойылып, жарқын болашақ жолында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл жолда өскелең ұрпаққа деген көмек те қомақты. Мемлекетімізде білімі мен біліктілігі артқан, еңбек пен оқуда дараланып жүрген жастардың өркендеп өсуі үшін мол мүмкіндік бар. Әрбір жас еркін білім алып, адами құндылығын арттыру үшін жолдың бәрі ашық.
Бүгінгі таңда аудан жастарының саны 19606 болып, жалпы халық санының 24,2 пайызын құрап отыр. Жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіру жолындағы маңызы зор шаралар, спорт және өнер үйірмелері тұрақты жұмыс жасауда. Бұл ретте, аудандық «Ailaq» жастар ресурстық орталығы тарапынан жасалынып жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, жастарға кеңес беру шаралары сынды нәтижелі жұмыстарды айтуға болады. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар да өңірімізде тиісті деңгейде жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, «Арал-АС» шығармашылық тобы, «Арал мейірімі», «Жас Арал Өрендері» және «Сексеуіл жастары» сынды қоғамдық бірлестіктер мен «Жас Толқын» еріктілер тобының да үлесі ерекше. Ауданымыздың алғыр жастары биыл ерекше тың идеялар және креативті жобаларымен ерекшеленуде. Атап өту қажет, жастарды бір арнаға тоғыстырып, әсерлікөңіл сыйлаған «AILAQ ACOUSTIC» жастар кеші. Сондай ақ, алғаш рет ауданда «Ailaq Stand Up» жобасы жүзеге асырылып, «Youtube» әлемдік арнасында көрсетіле бастады.
Жыл басынан бері «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен 34 жас маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы төленіп, 12 маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие рәсімделді.
Сондай-ақ, 2022 жылдың 7 ай қорытындысымен 123 маманға жастар тәжірибесін өтуге жолдама берілсе, оның ішінде 8 жас маман тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Жасыл Ел» жобасы бойынша биылғы маусымда 171 жас сарбаз көркейту-көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысып, еңбек етуде. Жастар арасында «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында кәсіптік оқытулар мен «Бастау бизнес» оқу курстары жүргізіліп келеді.
Құрметті жас өрендер!
Көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатқан заманда біз Сіздерден тың дүниелер күтеміз. Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер!
Мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында жастық жалынмен аянбай еңбек етіп, ел үмітін ақтайды деп сенеміз.
Баршаңызды бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтай келе, зор денсаулық, әр істеріңізге сәттілік, асқақ абырой тілеймін!

Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов
12 тамыз 2022 ж. 613 0