Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

ЖАСТАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев
 

Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Елдің ертеңгі бейнесі бүгінгі жас буынның қолында екенін Мемлекет басшысы әр сөзінде атап келеді. Бүгінгі ақпараттық дәуір, технологияның қарыштаған кезеңі жастарға бұрын-соңды болмаған мол мүмкіндік сыйлап қана қоймай, жауапкершілік жүгі мен талапты да арттырып отыр. Осындай өзгерістер кезеңінде жастардың әлеуетін дұрыс бағыттап, олардың кәсіпкерлікке, білімге, мәдениет пен спортқа бейімделуіне қолдау көрсету – мемлекеттің де, жергілікті органдардың да маңызды міндеті.
Сол міндетті Арал ауданында жүзеге асырып отырған негізгі мекеме – Арал аудандық Жастар ресурстық орталығы. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіпкерлікке баулу, құқықтық мәдениетін арттыру бағыттарында орталық жыл сайын жүйелі жұмыс атқарып келеді. Биылғы нәтижелер – соның нақты көрінісі.
Арал ауданы – жас буынның белсенділігімен ерекшеленетін өңір. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аудан халқының саны 78 829 адам болса, оның 25 743-і 14-35 жас аралығындағы жастар, яғни жалпы тұрғындардың 31,2 пайызы.
Жыл басынан бері жастар саясатын жүзеге асыру бойынша 12 бағытта 186 іс-шара өткізіліп, 11 564-тен астам жас түрлі бағдарламалармен қамтылған. 
Атап айтсақ, «Жас маман» жобасы аясында – 21 кездесу, «Дін және жастар» бағытында – 24 жиын, «Еріктілер мектебі» бойынша 23 мәдени шара, «Жастар қоғам назарында» жобасы негізінде 28 рейд ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Мен спортты таңдаймын» жобасымен 16 спорттық шара, «Жас кеңесші» аясында 14 кездесу, ал «Jas Kasipker» жобасы бойынша 35 бейнеролик түсіріліп, кәсіп бастаған жастармен кездесулер өткізілген.
NEET санатындағы жастармен жұмыс – орталықтың маңызды бағыттарының бірі. Жыл басындағы 360 жас өзектендіру жұмыстары нәтижесінде 107-ге дейін азайды. Бұл санаттағы жастар үшін 12 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
2025 жылы «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 6 914 адам тіркеліп, оның 1 463-ін жастар құрады. Жыл басынан бері 443 жас тұрақты жұмысқа орналасса, 380 жас жастар тәжірибесінен өтуге жолдама алды. Сонымен қатар 236 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 15 адам әлеуметтік жұмыстарға бағытталды.
Жаз мезгілінде «Жасыл Ел» еңбек жасағында 110 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Оның ішінде Арал қаласында – 70, Сексеуіл кентінде– 20, Жақсықылыш кентінде 20 жас жұмыс істеді.
Жастар кәсіпкерлігі де қарқынды дамуда. Ауданда тіркелген 4 984 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 1 903-і жастарға тиесілі. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 94 жоба қаржыландырылып, оның 31-і жастардың үлесінде. Сонымен қоса, қайтарымсыз гранттар бойынша 146 жоба қолдау тапса, оның 62-сі – жастардың кәсіпкерлік бастамалары.
Жастарға арналған «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында ауыл және кент жастарына түрлі мемлекеттік бағдарламалар, тұрғын үй кезегіне тіркелу, кәсіпкерлік бастау жөнінде кеңестер берілді.
«Арал ауданы бойынша жастар саясатын жүзеге асыру» жобасына 3 млн теңге бөлініп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында көптеген мәдени-спорттық шаралар өткізіліп келеді. Соның ішінде: еркін күрестен турнир, қол күрес пен гір көтеру сайыстары, отбасылық эстафета, «AILAQ ACOUSTIC» жанды дауыс кеші, Жайдарман лигасы, «Айбын» әскери-патриоттық сайысы, «Үздік көрме» байқауы, «Кітап оқы жас дос» кездесулері, тарихи мұражайларға саяхаттар ұйымдастырылды.
Жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында мобильді топ түнгі рейдтерді тұрақты жүргізіп келеді. Әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарды анықтау бағытында да бірлескен жұмыстар атқарылуда.
«Жас Толқын» еріктілер тобы ардагерлер мен мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларында белсенділік танытып жүр. «Taza Qazaqstan» республикалық акциясы аясында 1500 түп ағаш отырғызылды. Төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жыл бойы жүргізілді.
Жастар саясатының орындалуы, жетістіктер мен атқарылған жұмыстар туралы әлеуметтік желілерде 346 пост, 123 бейнеролик, ал жергілікті баспасөзде 11 материал жарияланды.
Игі бастамалар мен жұмыстар турасында Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Берік Сұлтаниязов:
– Мемлекет басшысы айтқан әлеуметтік лифттер біздің ауданда нақты іске асып келеді. Басты міндетіміз – әрбір жастың орнын табуына, талантын ашуына, мақсатқа жетуіне жол көрсету. Арал жастары биыл өздерінің белсенділігімен, ізденісімен, бірлігімен үлгі бола білді. Бұл – жаңа мүмкіндіктерге бастайтын үлкен жолдың басы. Алда да еңбек жалғасады, – деп пікір білдірді.
Иә, Аралдың бүгінгі жастары – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақ. Олардың белсенділігі, табандылығы, арманы мен қажыр-қайраты барда ауданның да, елдің де болашағы жарқын болмақ. Арал жастары – жаңа мүмкіндіктерді игеруге дайын, ал орталық – сол мүмкіндіктерге апарар сенімді көпір.

Г.САҚТАПОВА
 
06 желтоқсан 2025 ж. 63 0