Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастармен жанданған тіршілік

Жастармен жанданған тіршілік

Біз жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Бұл – бизнес ашу, білім алу, жұмысқа орналасу, табыс табу деген сөз. Өз өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жастар – ол елдің ертеңі, кемел келешектің бүгінгі бастауы. Сондықтан мемлекет ғана емес әрбір саланың жарқын бастамаларын жасайтын жаңалыққа жаны құмар жас ұрпақ. Қазір ақпараттық технологиялардың көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан дәуірінде жастарға да мол мүмкіндікпен қатар, жауапкершілік жүгі артылып отыр. Білімге құштар, ізденімпаз жанға қоғамда төрден орын бар. Қоғамның қай саласында болмасын жастар өздерін жақсы қырынан көрсетіп жүр. Айдын өлкенің жастарын да елдең ертеңі деп мақтанышпен айта аламыз. Жыл көлемінде мәуелі ісімен мәртебелі биіктен көрінген аудан жастарының атқарған жұмысын саралап көрген едік.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, аралдықтардың 25473-і 14-35 жас аралығындағы жастар құрайды. Мұны пайызбен бағамдасақ халықтың 24,2 пайызын жастар дегенді білдіреді. Ал ауылдарда 15 747 жас тұратын болса, мектеп пен арнаулы оқу орнында 14-17 жас аралығындағы 5366 жасөспірім бар екендігін айтады статист мамандар.
Арал аудан жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін аудандық жастар ресурстық орталығы жыл көлемінде аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, жақсы іске жұмылдыра білу мақсатында түрлі ақпараттық, танымдық, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
– Бізде жастарға арналған түрлі жобалар бар. Сол бағыттар бойынша кездесу кештерін ұдайы ұйымдастырып отырамыз. Мәселен «Жас маман» жобасы бойынша әр салада табысты еңбек етіп жүрген жастармен студенттер арасында 16 кездесу кешін өткіздік. Сондай-ақ қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі дін тақырыбында «Дін және жастар» жобасы негізінде дін өкілдерін қатыстыра отырып 24-ке жуық кездесу өтті. Айта кету керек, ауданда ерікті жастар баршылық. Олар қоғамның мәселесіне немқұрайлы қарамай, әркез қол ұшын беруге әзер тұрады. Сол жастарымыз «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша жастарды жақсылыққа баулу мақсатында 23 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырды. Және «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында түнгі уақытта кәмелет жасына толмаған жастардың беймезгіл жүруін қадағалау мақсатында құқық қорғау саласы мамандарымен бірлесіп рейд жұмыстары жүргізілді. «Мен спортты таңдаймын», «Жас кеңесші» жобалары бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. «Ашық есік» акциясы және кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлермен «Jas kasipker» жобасы бойынша ақпараттық-насихаттау жұмыстары да жүргізілгендігін атап өтуге болады, – дейді орталықтың басшысы Ақтілек Есекеев.
Жастар орталығы тек мәдени-іс шаралармен ғана шектеледі деп ойласаңыз, қателесесіз. Сонымен бірге жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру үшін де Жақсықылыш және Сексеуіл кенттерімен, Аққұм, Аралқұм, Бөген, Бекбауыл, Жаңақұрылыс, Сапақ ауылдарына арнайы барып кездесу өткізген.
– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұрын диплом алған жастар ауылға барудан қашатын еді. Қазір «Дипломмен ауылға» бағдарламасының арқасында ауылда еңбек етуге құлшынатын жастар көбейді. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, әркімнің өз сүйікті ісін кәсіпке айналдыруына мүмкіндік берген кәсіпкер жастарға арналған қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық төмендетілген несиелер жастардың кәсіпкерліктің алуан түрін ашып табысқа жетуімен қатар, халық қажетін өтеуге де мол мүмкіндік беріп отыр. Орталық мамандар мемлекеттік осы және өзге де бағдарламалар шеңберінде толыққанды ақпарат беруден әсте жалыққан емес, – дейді жастар жетекшісі.
Ағымдағы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген 2009 адамның 694-сі жастар. Жыл басынан бері қараша айының соңына дейінгі уақытта 365 жас жастар тәжірибесіне, 198 жас қоғамдық жұмыстарға, ал 1407 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жасыл Ел» еңбек жасағында маусымдық жұмыс жасаған сарбаздар саны 203 жасты құрады.
– «Мансап» орталығымен бірлесіп адрестік жұмыстар жүргізілу барысында NEET санатындағы жұмыссыз жастарға аудандағы бос жұмыс орындары ұсынылды. 2023-2025 жылдарға арналған қоныс аударуды ынталандыру жөніндегі "Жол картасына" сәйкес Арал ауданына қарасты, Сексеуіл кентінің тұрғыны, жұмыссыз жас Әлімов Ұланбек Мақсатбекұлы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал-Ақын ауданы, Сергеевка қаласына тамыз айында қоныс аударды, – дейді А.Есекеев.
Сонымен қатар, жаз мезгілінде жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін «AILAQ acoustic» шарасы аудан көлемінде 8 мәрте өткізіліп, 800-ге жуық жастар қамтылған. Жастар қайырымдылық шараларынан да тыс қалмайды. Тіпті ел ішіндегі еңсесі түскен, көмекке мұқтаж жанға жұмыла жұдырық болып қолдан келген көмегін беру жастардың сүйікті әрі сауапты ісіне айналған. Қайырымдылық бағытында жастар бастамасымен 15 шара өткізіліп, үйі өртенген 1 отбасыға 2 млн. теңге қаржы жинап берген.
Жуырда Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің қатысуымен жастар жылды қорытындылап кеш өткізді. Шара жас кәсіпкерлер көрмесінен бастау алып, әрі қарай аудан әкімі мен жастардың диалогіне жалғасты. Және басқосуда әр саланың үздік жастары анықталып, оларға «Жыл үздігі - 2023» номинациясы табысталды.
Иә, біз мемлекет басшысының сөзін тектен-текке әңгіменің басында арқау еткен жоқпыз. Президенттің жастарға сенім артып, қолдау көрсетуі мемлекеттік бағыты айқын, болашағы жарқын екендігін көрсетіп тұрғандай. Бүгін біз мақалаға арқау еткен Аралдағы жастар ресурсық орталығында жалынды жастар абыройлы еңбек етіп, Аралдың атын шығарып жүргендігін айта кетуіміз керек. Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың өзі «Мен жастарға сенімін» деп ұрандатқандай, біз де ұлының сөзін ұлықтап, жастарға сенім артамыз.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
26 желтоқсан 2023 ж. 269 0