Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастармен жарқын болашақ

Жастармен жарқын болашақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің міндеттерінің бірі» деп атап өтіп, жастарға ұдайы қолдау көрсетілетіндігін тіге тиек еткен болатын. Бүгінде егемен елдің қозғаушы күшіне айналған жастар қоғамның қай саласында болмасын белсенділігімен көзге түсіп, елдің ертеңі жолында жастық жігерін аямауда. 12 тамыз – Халықаралық Жастар күніне орай Арал аудандық «AILAQ» жастар ресурстық орталығының жұмысына тоқталатын боламыз.
Аудан халқының 24,8 пайызын жастар құрайды. Яғни, 14 пен 35 жас аралығындағы 25473 жас бар. Ауданымызда орта арнаулы оқу орындарында 303 студент жастар білім алуда. Ал мектептерде 14-18 жас аралығындағы 5192 оқушы оқиды.
Аудан жастарының қоғам өмірімен араласып, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп отырған аудандық «AILAQ» жастар ресурстық орталығы мекемесі бар. Орталықта 23 адам еңбек етеді. Басшысы Ақтілектің айтуынша штат бірлігіне сай бөлінген қызметкерлер аудан жастарына қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, аудан орталығында ғана емес кент және ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі 22 маман еңбек етуде.
– Қазіргі күні жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту бірінші кезекте тұрған мәселе. Әрине, кәсіп ашуға ынталы жастар көп. Бұл бізді қуантады. Мемлекет тарапынан да жастарға жасалып жатқан қолдауларды аралдық жастарда сезінуде. Десе де, жыл басынан бергі 6 айдың мәліметі бойынша жұмыспен қамту орталығына 1846 адам жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Оның ішінде679жастар екен.Тиісінше, жастар тәжірибесіне 98 жас, ал қоғамдық жұмыс орындарына 183 жас жіберілдіп отыр, – деді орталық басшысы Ақтілек Есеев.
«AILAQ» жастар ресурстық орталығы жыл басынан бері түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырып келеді. Өз мәселесімен келген 1075 жасқа кеңес берген. Жыл көлемінде орталық 12 бағыт бойынша жоба әзірлеп, жоба бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтар болсақ, «Жас маман» жобасы бойынша, «Дін және жастар» жобасы шеңберінде кездесулер, «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша мәдени-көпшілік шара, «Жастар қоғам назарында» жобасы аясында рейд жұмыстары, «Мен спортты таңдаймын» жобасы бойынша спорттық шара және «Жас кеңесші» жобасы аясында «Ашық есік» акциясы ұйымдастырылған.
– Сондай ақ, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «AILAQ ACOUSTIC» жобасы өз жалғасын тауып Арал қаласында 3 мәрте өткізілді.Сонымен қатар, аталған жоба ауданға қарасты Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерімен бірқатар ауылдық округтерде өткізу жоспарланып отыр. Жоба жастардың шығармашылығын дамытуға бағытталған. Жалпы біздің орталық мамандары аудан жастарының өз тұлғасын қалыптастырып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында тынбай еңбектенуде. Әрбір жастың мәселесі бізді бей-жай қалдырмайды, – дейді мекеме басшысы.
Сонымен қатар жаз маусымында жастарды жұмысқа орналастыру жұмыстары бойынша «Жасыл Ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысы өз жалғасын табуып, аталған жобаға аудан бойынша 153 жас қамтылған.
«Мен жастарға сенемін» бұл сөзді Алаш Арысы Мағжан Жұмабаев жырына қосқан еді. Расында кемел келешектің тұтқасын ұстайтын жастар. Бүгінде Жаңа Қазақстанның жастары жақсылық жолында аянбай еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жүр. Бұл біздің болашағымыздың жарқын боларының кепілі десек те болатын шығар. Ең бастысы ел дамуын еселейтін ерік-жігері мол жастар аман болсын!
Н. МАРАТҚЫЗЫ
12 тамыз 2023 ж. 205 0