Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Оразаға дайынсыз ба?

Оразаға дайынсыз ба?

Рамазан айы келген сайын Құдай алдындағы құлшылығының кемшіліксіз болғанын қалайтын көпшілікті түрлі сұрақтар мазалай бастайды. BAQ.KZ тілшісі солардың ішіндегі ең өзекті және жиі қойылатын сұрақтар төңірегінде Республикалық Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтан сұрап білді.

- Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Имамдар бұл айға алдын ала дайындалу керек дейді. Сонда қалай дайындалу керек?
- Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Иә, Раббым, бізге Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр» деген дұғасы бар. Бұл екі ай – Рамазан айына дейінгі дайындық айлар. Рамазан айында бірден тағамнан тыйылу адам ағзасына да, нәпсісіне де ауыр соғуы мүмкін. Сондықтан алдыңғы екі айда мүмкіндігінше жиі нәпіл оразалар ұстап, құлшылықты арттырған абзал. Заманында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы айларда өте жиі ораза ұстап, құлшылығын көбейткен екен. Біз де осы Ережеп пен Шағбан айларында күнімізді оразамен, түнімізді құлшылықпен өткізсек сауабы көбірек болады. Бұл парыз емес нәпіл болғандықтан, бұл екі айда ораза ұстау міндетті емес, бірақ ұстаған сауап болады. Дегенмен, рухани тазарып, Рамазан айына дайындықпен келген кісіге оразада көп жеңіл болады. Имамдардың «Рамазан айына дайындалу керек» дейтіндері осы.
- Жалпы бұл ораза кімдерге парыз?
- Рамазан айында Ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, денсаулығы бар адамдардың барлығына парыз. Алла Тағала қасиетті Құранда «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер» дейді.
- Ал кімдерге парыз емес?
- Сапарда жүрген кісілерге парыз емес. Ол кісілер келесі айда қазасын өтесе болады. Денсаулығы нашар кісілерге парыз емес. Олар да денсаулығы жақсарғаннан кейін оразасын өтеу керек. Кейбір кісілер болады, ешқашан ораза ұстай алмайтын. Ораза ұстаса денсаулығына зияны тиеді. Мұндай кісілер күніне бір міскінді тамақтандыру арқылы оразаның қарызын өтей алады. Мұны фидия садақасы дейді.
- Оразаны қалай өткізген дұрыс? Тағамнан тыйылғаннан басқа.
- Әрине, Рамазан айында ең алдымен тағамнан тыйыламыз. Бірақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Рамазан айында ораза ұстап жүріп біреумен ұрысқан кісінің аш жүргеннен басқа ештеңесі қалмайды» деген. Бұл айда тек қана аш жүру емес, сонымен қатар көзді, тілді, құлақты, аяқты, қолды барлығын жаман нәрселерден тыйып, бойымызды тазартуымыз керек. Егер өсек айтудан, ғайбаттаудан, арам заттарды ұстаудан, ұрыс-керістен өзімізді тоқтата алмасақ, аш жүргенімізден еш сауап жоқ екен.
Бұл айда адам қарапайым ғана қара судың соншалықты дәмді екенін сезінеді. Күнделікті өмірде шашып ішіп, шайқап төгіп жүретін небір дәулетті кісілер аш жүрудің қандай екенін біліп, кедейлердің жағдайын түсінеді. Осы айда сол байлығынан жағдайы төмен жандарға зекетін беруге, көмектесуге ұмтылады. Адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы артады. Мұсылмандар арасында ғана емес, исламды жамандаудан жалықпайтын батыс елдерінің саясаткерлерінің өздері дәл осы Рамазан айында бауырмалдығы оянып, мұсылмандарға ауыз ашар береді.
- Ұзақ күнге аш жүрудің артықшылығы қандай?
- Барлығы біздің ниетімізге байланысты. Бұл айда тек қана Алланың разылығы үшін деп ораза ұстауымыз керек. Ал аш жүрудің адам ағазасына пайдасы ұшан-теңіз. Оны әлемдік деңгейдегі біраз ғалымдар дәлелдеген. Кезінде немістің бір ғалымы аты жаман аурумен ауырып, дәрігерлер үмітін үзген екен. Сол ғалым өзін ашығу арқылы емдеп, сауығып кеткен. Кейін еуропаның бірнеше жерінен ашығу арқылы емдейтін орталықтар ашқан.
Негізі ашығу арқылы мидың жұмыс жасау, құлақтың жақсы есту, көздің көру, жаттау қабілеттері артады. Сонымен қатар бұл айда адамның денесі бір жыл бойы жиналып қалған қалдықтардан тазарып, ағзасы демалады.
- Көп адамдар сәресі мен ауыз ашарда кестеге жүгінеді. Ал кейбірі кестеге емес, таңның атқаны мен күннің батқанына қарайды. Осының қайсысы дұрыс?
- Кезінде аталарымыз ораза ұстаған уақытта бүгінгідей арнайы ораза кестесі болған жоқ. Ол кісілер таңның атысы мен күннің батысына қарап ораза ұстаған. Сәресі яғни ауыз бекіту уақыты таң намазының кіруімен байланысты. Таңның атуына да аса мән беру керек, таң алдында бірінші найзадай болып қана күннің шапағы көрінеді, кейін көкжиектен арайлап, шашырап көріне бастайды. Осы кезде ауыз бекітуіміз керек. Ал, күн ұясына толық батқан кезде ауыз ашар уақыты келеді. Қазіргі таңда қалалық жерлерде биік ғимараттардан таңның атқаны мен күннің батқанын бақылау мүмкін емес. Сол себепті Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бекіткен кестеге жүгінгеніміз жөн. Аудандық, ауылдық жердегі кісілер облыс орталығы бекіткен кестемен бекітсе болады.
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының келгені мен сәресі, ауызашар уақыттарын қандай мәліметтерге сүйеніп бекітеді?
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі В.Г. Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратады. ҚМДБ шариғи үкімді негізге алып, сол ғылыми зерттеу жұмысының нəтижесін бойынша, сонымен қатар, Орталық Азия елдері мүфтиятының шариғат жəне пəтуа бөлімінің ғалымдарымен ортақ пəтуа қабылдай отырып, рамазан айының бірінші күнін белгілейді.
- Оразаны не бұзады?
- Ораза ұстаған кісі мына қарапайым дүниені білуі маңызды. Адам денесінен шыққан нәрсе дәретті бұзады, ал адам денесіне енген, яғни кірген нәрселер оразаны бұзады. Кейде тырнақ алған, шаш алған, тіс шайған, түкірік жұтқан, шомылған, біреудің бетінен сүйген жағдайда ораза бұзылады ма деп сұрап жатады. Бұлардың ешбірі оразаны бұзбайды. Ораза кезінде дәрі ішу, екпе салдыру оразаны бұзады. Бірақ, екпенің де бірнеше түрі бар. Мәселен, адамға сол сәтте күш бермейтін, қандай да бір сырқатқа қарсы егілетін екпелерден ораза бұзылмайды. Ал тамырдан егілген жағдайда ораза бұзылады.
- Белгілі себептермен оразасын бұзған кісі қарызын қалай өтесе болады?
- Оразаның алғашқы күндері өзінің ораза екенін ұмытып, тамақ жеп қоятын кісілер болады. Енді біреулерге сапарға шығу керек болады. Біреулер сырқаттанып қалады. Мұндай жағдайда оразасын ашып, тамағын, дәрісін ішкен дұрыс. Бірақ Рамазан айынан кейін бұл күндердің қарызын өтейді. Егер ораза екенін біліп тұрып, еш себепсіз ауызын ашып жіберсе, сол бір күннің орнына алпыс күн ораза және бір күн қарызын өтейді. Сонда алпыс бір күн ораза ұстау керек болады.
- Өмірден өтіп кеткен жақындарының атынан ораза ұстауға болады ма?
- Болады. Бұл туралы пайғамбарымыздан жеткен хадис бар. Бір кісі келіп Мұхаммед (с.ғ.с)-нан: «Өмірден өтіп кеткен ата-анамның атынан ораза ұстасам болады ма?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Өмірден өтіп кеткен ата-анаңның қарызын төлеуге болады ма?» – деп қайыра сұрақ қояды. Әлгі кісі: «Әлбетте», – деді. Сонда пайғамбарымыз: «Ендеше өмірден өтіп кеткен ата-анаң үшін ораза ұстауға да болады», – деп жауап береді.
Бірақ, ол оразаны Рамазан айында емес, өзге айларда ұстай алады. Себебі, бұл айда әркім өзінің парыз оразасын ұстау керек.
- Биылғы пітір садақаның мөлшері 300 теңге көлемінде белгіленді. Бұл қалай есептеледі?
- Пітір садақаның көлемі бидайдың, миіздің, құрманың бағасымен есептеледі. Біздің елде ең арзаны бидай болғандықтан, бидайдың бағасымен есептеледі. Негізі, бұл пітір садақаны беру шариғат заңы бойынша жағдайы жақсы, зекет беруге шамасы бар кісілерге ғана парыз етілген. Ал, ондай жағдайы жоқ кісілерге пітір садақасын беру міндетті емес. Дегенмен, біздің елімізде Аллаға, дінге, танымға деген құрметтің жоғарылығынан кез келген кісі үйіндегі жан басына пітір садақаны беруге асығады.
- Рамазан айында Қадір түні бар. Бұл түнінің өзге түндерден ерекшелігі неде?
- Биылғы Рамазан айының Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні деп бекітілді.
Бұл түні пайғамбарымызға (с.ғ.с) Қадір сүресі түсірілген. Сондықтан да Рамазан айын – Құран айы дейді. Рамазан айының тағы бір артықшылығы – бұл айда Қадір түнінің болуы.
Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түрлі себептерге байланысты Құран сүрелері түсіп отырған. Бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабаларына өзіне дейін өмір сүрген Исрайыл ұрпақтарының бірі өзінің өмірінің сексен жылын құлшылықпен өткізгендігі туралы айтады. Себебі, ертеректе адамдар ұзақ жасаған. Нұх пайғамбардың (ғ.с) тоғыз жүз елу жыл өмір сүргендігі туралы Құранда айтылады. Сонда сахабалар: «Шіркін-ай, біздің де жасымыз сондай ұзақ болғанда, біз де ұзақ жыл Аллаға құлшылық қылар едік», – деп армандайды. Осы оқиғаға байланысты Алла Тағала Қадір сүресін түсірген. Бұл түн – мың айдан да қайырлы. Бұл түнгі құлшылық 83 жылға тең делінген. Алла Тағала бізге сонша ұзақ өмір бермесе де, осындай нығыметке, берекеге толы бір түнді берген.
https://baq.kz
02 мамыр 2019 ж. 1 418 0