Еркебұлан ӘБДІКЕРОВ: Салық жүйесіндегі жаңашылдық әділеттілік пен ашықтыққа бетбұрыс
– Еркебұлан Өмірсерікұлы, Жаңа Салық кодексіне жалпы тоқталып өтсеңіз. Бұл реформаның басты мақсаты неде?
– Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – салық жүйесін барынша әділетті, ашық және түсінікті ету. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл құжат бизнесті қолдауға, қарапайым азаматтарға артық салмақ түсірмеуге және салық әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған. Ең бастысы – «көп табыс тапқан көбірек төлейді» деген қағида нақты іске аса бастайды.
– Жаңа кодексте қарапайым азаматтарға тікелей әсер ететін қандай өзгерістер бар?
– Азаматтарға қатысты өзгерістер бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі – жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы. Яғни жылдық табысы 8 500 АЕК-ке дейінгі азаматтар бұрынғыдай 10 пайыз төлесе, осы сомадан асатын табысқа 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған норма.
– Көлік салығындағы өзгерістерге нақтырақ тоқталсаңыз.
– Көлік салығында басты басымдық – экологиялық және әлеуметтік теңгерім. Қозғалтқыш көлемі үлкен, қуаты жоғары, құны қымбат автокөліктерге салық мөлшері артады. Ал күнделікті тұрмыста пайдаланылатын, қозғалтқыш көлемі шағын көліктер үшін салық жүктемесі айтарлықтай өзгермейді.
Сонымен бірге электрлі және экологиялық таза көлік түрлеріне жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұл – қоршаған ортаны қорғау және «жасыл» технологияларды қолдау бағытындағы маңызды қадам.
– Ал мүлік салығы бойынша қандай жаңалықтар бар?
– Мүлік салығында да сараланған тәсіл енгізіледі. Құны жоғары, элиталық тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарға салынатын салық өседі. Ал қарапайым тұрғын үйлерге, әлеуметтік маңызы бар нысандарға бұрынғыдай қолайлы деңгей сақталады.
Бұл жерде де басты мақсат – әлеуметтік осал топтарға салмақ салмай, табысы жоғары азаматтардың бюджет алдындағы жауапкершілігін арттыру.
– Жер салығы мәселесі ауылдық аймақтар үшін өте өзекті. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?
– Дұрыс айтасыз, жер салығы – әсіресе ауылдық жерде маңызды мәселе. Жаңа Салық кодексінде жерді тиімді пайдалану басты назарға алынған. Пайдаланылмай жатқан немесе мақсатсыз қолданылып отырған жер учаскелеріне салынатын салық мөлшері бірнеше есеге дейін өседі. Ал жерді тиімді пайдаланып отырған шаруа және фермер қожалықтары үшін жеңілдіктер сақталады. Бұл – жерді бос ұстамай, экономикалық айналымға енгізуге бағытталған нақты қадам.
– Салық төлеушілер үшін есептілік пен әкімшілендіру жағынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Салық есептілігі айтарлықтай жеңілдетіледі. Декларациялардың бір бөлігі автоматты түрде толтырылады, есеп нысандары қысқарады. Камералдық бақылау жазалау құралы емес, қателікті өз еркімен түзету мүмкіндігіне айналады.
Яғни салық органдары бақылаушыдан гөрі кеңесші, сервистік қызмет көрсетуші орган ретінде жұмыс істейді.
Жаңа Салық кодексі – халыққа қарсы емес, керісінше әділетті қоғам құруға бағытталған құжат. Сондықтан әрбір салық төлеуші бұл өзгерістерге түсіністікпен қарап, заң талаптарын сақтайды деп сенемін.
– Кімдер салықтан босатылды?
– Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік әділеттілік қағидатына сәйкес бірқатар азаматтар мен қызмет түрлері салықтан босатылды немесе айтарлықтай жеңілдіктер алды. Атап айтқанда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар айына 300 АЕК-ке дейін табыс тапқан жағдайда жеке табыс салығынан толық босатылады. Мәселен, мал шаруашылығына тән қызмет, сұлудық салон қызметтері, такси қызметі сынды қырық қызмет түрі қамтылған. Олар тек 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлем төлеп, салықтық есептілік тапсырмайды.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін ұйымдар үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Егер кәсіпорында қызметкерлердің кемінде 51 пайызы мүгедектігі бар адамдар болса және табыстың негізгі бөлігі солардың еңбегі арқылы қалыптасса, мұндай ұйымдар корпоративтік табыс салығынан 50 пайызға дейін, ал кейбір жағдайда толықтай босатылады.
Әлеуметтік маңызы бар салалар да қолдаудан тыс қалған жоқ. Білім беру және денсаулық сақтау саласында қызмет көрсететін ұйымдар үшін корпоративтік табыс салығы төмендетілген мөлшерлемемен есептеледі, ал кейбір қызмет түрлері бойынша салықтан босату немесе кейінге қалдыру тетіктері қолданылады.
Ауыл шаруашылығы саласында жерді тиімді пайдаланып отырған шаруа және фермер қожалықтары үшін бірқатар салық түрлері бойынша жеңілдіктер мен босатулар сақталып отыр. Бұл – ауыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған нақты қадам.
Сонымен бірге қоғамдық маңызы бар қызмет атқаратын бірқатар ұйымдар мен қорлар, сондай-ақ әлеуметтік әлжуаз топтарға көрсетілетін қызмет түрлері бойынша да салықтық босатулар көзделген.
– Жаңа салық режиміне өту үшін кәсіпкерлер не істеуі керек?
– Кәсіпкерлер ең алдымен осы режимді қолдануға қойылатын талаптарға сәйкес келуі қажет. Атап айтқанда, кәсіпкердің жылдық табысы заңнамада белгіленген шектен аспауы, қызмет түрі рұқсат етілген салалар тізімінде болуы және қызметкерлер саны нормадан артық болмауы тиіс. Осы талаптар сақталған жағдайда кәсіпкер салық органына арнайы өтініш береді. Өтініш электронды түрде, «e-Salyq Business», «eGov» порталы немесе салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы тапсырылады. Жаңа тіркелген кәсіпкерлер бұл режимді тіркеу кезінде немесе тіркелгеннен кейін белгіленген мерзімде таңдай алады.
Оңайлатылған режимге өткен кәсіпкерлер салықты табысынан белгіленген пайызбен төлейді және есептілікті жеңілдетілген декларация арқылы ұсынады. Бұл режим шағын және орта бизнесті қолдауға, есеп жүргізуді барынша оңайлатуға бағытталған.
Ең бастысы – кәсіпкерлер таңдаған салық режимінің талаптарын қатаң сақтауы керек. Егер белгіленген шектерден асып кетсе немесе талаптар бұзылса, жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне ауыстырылады.
– Арал ауданы тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең басты кеңес – салық заңнамасындағы өзгерістерді дер кезінде біліп отыру. Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Мен бүгін ең негізгі өзгерістерге назар аударып, ақпарат беруге тырыстым. Бірақ Жаңа салық кодексінде өзгерістер өте көп. Кез келген азамат немесе кәсіпкер бізге жүгініп, кеңес ала алады.
– Аудан тұрғындары үшін өте маңызды ақпараттар бердіңіз. Әңгімеңіз үшін рақмет!
Әңгімелескен Назерке МАРАТҚЫЗЫ










