Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Назарбаевтан бата алған: Гарвардқа оқуға түскен қазақстандық оқушы өзін вундеркинд санамайды

Назарбаевтан бата алған: Гарвардқа оқуға түскен қазақстандық оқушы өзін вундеркинд санамайды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінен бата алып, әлемнің ең үздік бірнеше университетінің шақыртуына ие болған Ақназар Қажымұрат өзін вундеркинд санаймайды. Дүние жүзіндегі ең дарынды балалардың бірі берген сұхбатында әлемнің ең мықты университеттерінің ішінен неліктен Гарвардты таңдағанын айтып, оқушының ата-анасымен бірге сабақ оқуына қатысты пікірін білдірді.

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі - Жәутіков, Эйлер, Жаңа Сібір, Қытайлық ірі-ірі олимпиадаларда топ жарып, білімі мен дарынының арқасында жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпар атанған. 
Әрине, осындай көрсеткіштерге жеткен адамды данышпан деп атамау мүмкін емес. Алайда, Ақназар өзін данышпандардың қатарына қоспайды екен.
"Өзіме баға бере алмаймын. Оның үстіне өмірімде Гиннес рекордын орнатқан жоқпын. Вундеркинд сөзі түсінігімде басқаша мағынаны білдіреді. Сондықтан мен үшін оның ауылы алыс. Әр жыл сайын он мыңдаған адам Гарвард немесе сонымен дәрежесі бірдей: Йель, Принстон, MIT (Массачусетстік технологиялық институт) сияқты университеттерге тапсырады. Мүмкін адамдар олардың барлығын вундеркинд санайтын шығар. Бірақ мен басқа пікірдемін", — дейді жас дарын. 
Ақназар, бізге білімге оқуға деген құштарлығыңыз қайдан бастау алды?
Бала күнімде физика мен математикадан қызықты кітаптарды оқитынмын. Мектеп қабырғасында білім алып жүргенімде жетінші сыныптан бастап өте білікті мұғалімдермен араласу мүмкіндігі туды. Олар маған физикалық феномендердың қаншалықты алуан бола алатынын түсінуге көмектесті. Бір философиялық себеп жоқ, жай ғана қызық болды. 
Ата-анаңыз сабақты орындауға көмектесетін бе еді? Жалпы оқушының ата-анасымен бірге үй тапсырмасын орындауы сіздің пікіріңізше дұрыспа?
Қателеспесем, үшінші сыныпқа дейін апам көмектесті. Педагог емеспін, сондықтан бұл дұрыс не бұрыс деп айта алмаймын. Бірақ менің ойымша, баланың өне-бойында тәуелсіз ойлай білу қабілеті қалыптасуы керек. Бұл маңызды. Балаға бағыт-бағдар беруге болатын шығар, бірақ менің ойымша сабақты бірге оқудың қажеті шамалы. 
Әкеңіздің айтуы бойынша, бала күніңізде де бос уақытыңыз болмапты. Барлығын тастап, бала сияқты ойын ойнағыңыз келген шығар?
Көңіл аулайтын уақыт үнемі болды. "Бос уақыт" дегеннің астарында ешнәрсемен айналыспайтын кезең деген мағына жатса, ондайдан қашуға тырысамын. Демалысты тиімді немесе тиімсіз өткізуге болады. Алайда, оны дұрыстап өткіземін деп жоспарлау аса қатты маңызды емес секілді.
Логикалық сұрақтар жауабымен. Логикаңызды тексеріп көріңіз >>>
Шетелде оқуды армандадыңыз ба? Көптеген университеттердің ішінен таңдауыңыз неліктен Гарвардқа түсті?
Армандадым деп айта алмаймын, солай ниеттендім. Бұл менің басты мақсатқа жетуіме көмектесетін уақытша мақсатым болды. "Шетел" дегеннің Қазақстан сыртындағы кез-келген мемлекет екенін ұмытпау керек. Университеттегі білім беру жүйесі Қазақстанмен салыстырғанда төмен мемлекеттер бар. Сондықтан шет елдер деп нақтылап атағанымыз жөн. 
Гарвардта маған қызықты тақырыптарды жақсы меңгерген мықты мамандар бар. Бұл университетті таңдауымның себебі осында. Маған ұнайтын алгебралық геометрияны да сол оқу орнында терең зерттейді.  
ACT және SAT тесттеріне дайындалуға қанша уақыт кетті? Қандай әдістер арқылы дайындалдыңыз?
Шамамен алты апта. Дайындық техникаларын интернеттен іздеп табуға болады. 
Жасөспірімдерге берер кеңесіңіз? Көбінесе олар өзіне не керек екенін нақты айта алмайды. 
Қазақстанның немесе өзге мемлекеттердің еңбек нарығын зерттеген жоқпын. Осыған байланысты пайдалы кеңес бере алатыныма күмәнданамын. Олар маған қарағанда өздеріне не керек екенін жақсы білетін болар. 
Бос уақытта немен айналысқанды жақсы көресіз?
Анда-санда компьютерілк ойындарды ойнаймын. 
Елбасының алдында жобаңызды таныстырдыңыз. Назарбаевпен кездескенде қандай сезімде болдыңыз? Ол кісі сізге ақыл-кеңес айтты ма?
Ол кісімен кездесіп, үлкен құрметке бөлендім. Елбасымен кездесуге мен ғана емес, өзге де НЗМ-нің (Назарбаев зияткерлік мектебі) өзге де оқушылары келді. Ол кісіге басқа да жобалармен танысып шығу керек еді. Маған кеңесін бермесе де, бірнеше сұрақтарын қойып үлгерді.
Қазір қандай жобамен жұмыс істеп жатсыз? Жобаның мақсаты?
Қазір мен арифметикалық геометрия жайында кейбір мақалаларды оқып, оларды зерттеуге тырысып жүрмін. Мақсат — осы тақырыпта жазылған келесі мақалаларды түсіну үшін қазір оқып жатқан мақалалардың техникасын ұғыну және сол техникаларды өз жұмысымда пайдалану. 
Тілді үйренудің пайдасы жайлы көп айтылады. Қандай тілдерді оқуға кеңес бересіз?
Ағылшын тілі. Егер осы тілде сөйлей білсеңіз, өзге тілдерді меңгеруге ешқандай қажеттілік тумайды деп ойлаймын.
Айта кетсек, Ақназар Қажымұрат ACT, SAT Subject Tests атты халықаралық емтихандарынан ең жоғары балл жинап, рекорд орнатқан жігіт үздік көрсеткіштердің арқасында әлемнің кез-келген оқу орнында білім алу мүмкіндігіне ие болған.
Жасөспірім ACT емтиханынан 36-ның ішінде 36-ны, SAT Subject Tests бойынша 2400-ден 2400 балл жинап шықты. ACT және SAT Subject емтихандары не үшін керек және ол Ақназар Қажымұратқа не береді?
АСТ (American College Testing) емтиханын Америкадағы түлектердің басым бөлігі елдегі жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырады. Мықты университеттер талапкерлерді ACT бойынша жинаған ортақ көрсеткіштерімен, яғни 30-36 баллмен қабылдайды. АҚШ-та тестілеуден өткен түлектердің тек 0,1 пайызы ғана ACT-дан 36 балл жинайды. Ал шетелдіктер арасында максималды баллды жинайтын адамдардың саны өте аз. ACT бойынша орта көрсеткіш — 21, 1 балл. 
SAT Subject Test —  әдетте АҚШ-тағы беделді ЖОО-ға түсу үшін таңдау пәндерінің біреуінен тапсырылатын емтихан. Тесттің мақсаты —  таңдалған бес сала бойынша және сол бес саланың ішіндегі белгілі бір бағыттар бойынша білімді тексеру. Ақназар математика, физика, биологиядан тест тапсырып, әрқайсысынан максималды 800 баллды жинап шықты. Сонымен қатар, ол халықаралық IELTS емтиханынан 8.0. балл жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізген.
24 маусым 2019 ж. 1 162 0