Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Омикрон – қауіпі күшті қатал індет

Омикрон – қауіпі күшті қатал індет

Дүйім дүниені дүрліктірген коронавирус дерті әлі де басылмады. Қыс келе қайта күшіне еніп келе жатқан вирустың тағы бір түрі таралып жатыр. Жалпы бұл аурудың да екі түрі болады. Кей науқас жеңіл түрде өтсе, ендігі біреуі ауыр түріне шалдығады. Оның ерекше асқынулары вирустық пневмония, жіті респираторлық дистресс-синдромға, тіпті өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар аурудың ең көп тараған белгілеріне дене қызуы, шаршағыштық және құрғақ жөтел жатады.
Иә, қазіргі бүкіл дүние жүзіне таралып жатқан қауіпті вирусқа таяуда ДДСҰ «омикрон» деген атау берді. Ұлыбританиялық вирусологдардың айтуынша, бұл вирус түрі көптеген мутацияға ұшырауына байланысты адамға өте қауіпті екен. Сондай-ақ Лондондағы Импер колледжінің өкілі Том Пикоктың мәлімдеуінше, алғашқыда В.1.1.529 деп аталған дерт қорқынышты 32 мутацияны біріктірген. Басқа да мамандардың айтуынша, В.1.1.529 иммундық жүйесі әлсіз адамға, мәселен, АҚТҚ немесе ЖҚБТ-мен ауыратын адамда пайда болуы мүмкін деп болжады. Сонымен қатар бұл штаммның алғашқы белгілері коронавирустың әдеттегі белгілеріне ұқсас. Айта кететін ақпарат, қатты шаршау сезіміне шағымданған жастар және жүрек соғу жылдамдығы мен жоғары температурасы бар алты жасар балада жаңа симптомдары байқалған. Бірақ науқастың ешбірінде дәм мен иіс сезу қабілеті төмендемеген. Дәрігерлер вакцина салдырмаған адамдар, сондай-ақ қарттар мен созылмалы аурулары бар науқастарда ауруды өткеру ауыр түрде болатынын айтып өтті.
Өткен тәулікте ел өңірлерінде коронавирус 2216 адамнан анықталды. Ал облыста 37 адам тіркелген. Қазіргі таңда аймақта ахуал бақылауда. Бүгінгі күні коронавирус пандемиясы толықтай жойыл деуге кейлмей тұр. Әлі де ортамызда ауырып жатқан науқастар саны баршылық. Сол үшін қоғамдық орындарда карантиндік талаптарды сақтап, бетперде тағып жүргеніміз абзал. Жақындарымыздың денсаулығы үшін вакцина алғанымыз да жөн. Жау жағадан алғанда етекке жармасқан бұл індет те бүгінгі таңда бей-жайлықты кешірмек емес. Сондықтан әрбіріміз өзіміз үшін сақ болғанымыз абзал.
А. АЛПАМЫС,
қала тұрғыны
---
11 қаңтар 2022 ж. 227 0