Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Елші туралы елеулі еңбек

Елші туралы елеулі еңбек

Жақында қолыма түскен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Қазақ университеті" баспа үйінен үстіміздегі жылы таралымы 150 данамен жарық көрген, түрлі-түсті суреттермен әсем безендірілген "Дипломат" атты көлемді естелік кітапты қызыға оқып шықтым. Кітап кейіпкері – кіндік қаны Арал қаласында тамған, елу сегіз жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған көрнекті мемлекет қайраткері, танымал дипломат Дархан Әлиұлы Бердалиев.
Кітаптың беташарында Қазақстанның құрметті жазушысы Молдахмет Қаназ жазғандай, тәуелсіз еліміздің сыртқы саясаты мен дипломатиясының нәтижесінде ел мен елді жақындастырған, табыстырған, таныстырған талантты дипломат Дархан Әлиұлының елшілік қызметі кеңінен қамтылғанын көреміз. Көпвекторлы саясатқа иек артқан егеменді еліміз бұл орайда жер шарының басқа елдеріне үлгі болып отыр. Осының бәрі "Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан" дегендей, еліміздің сырт елдерінде біршама жылдар дипломат қызметін мінсіз атқарған Дархан Бердалиев сияқты елшілеріміздің еңбегі десек артық айтқандық болмас.
Туған қаламызда 1963 жылы 15 желтоқсанда ерлі-зайыпты ұстаздар Әли Бердалиев пен Лиза Кәрімқызының отбасында дүниеге келген Дархан №14 орта мектептің 6 сыныбын тәмамдаған соң одан әрі Алматыдағы О.Жәутіков атындағы физика-математика арнаулы мектебінде оқуын жалғастырады. Мектеп табалдырығын алғаш аттағаннан бастап математика пәнін айрықша меңгерген ол осыдан соң Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің математика факультетіне оқуға түсіп, оны 1986 жылы бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" дегендей, алғашқы еңбек жолын анасы дәріс беретін Алматы қаласындағы №92, №7 мектеп пен мектеп-интернатында математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1989-1992 жылдары Алматы Көлік қатынастары академиясында комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқара жүріп, Мәскеудегі КСРО дипломатиялық жоғарғы академиясының тыңдаушысы болады.
Осыдан кейін-ақ Дархан Бердалиевтің елшілік қызмет баспалдағы басталады. Академиядағы оқудан кейін Алматы-Сеул қаласы инвестиция Агенттігінің президенті, Вашингтонда Сауда-экономика өкілдігінің жауапты қызметкері, Астана қаласында департамент директоры, Чехия республикасындағы елшілік қызметте, Қазақстан Республикасының Кореядағы Елшісі (бұл қызметті жерлесіміз 2008-2012 жылдары екінші мәрте абыройлы атқарыпты), ал 2012 жылдан өткен жылы соңғы демі үзілгенше Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің елшілік бөлімінде абыройлы қызмет атқарады.
Шетелдердегі өзінің жауапты қызметтеріне қарамастан елге, жерге деген перзенттік парызын Дархан бауырымыз ешқашан ұмытқан емес. Мемлекет қайраткерінің ұлтжандылығы мен елжандылығына мына төмендегі жүрек жылуы да айқын дәлел болса керек: Аралмен төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кентінен Жанқожа батыр мешітін  салдырып, мешіт алдына екі арыстанның мүсінін өз ақшасына орнаттырып, шетелдерден өзі бас болып тарттырған инвестиция нәтижесінде Қазақстандағы көптеген мектептерге компьютер, қаншама мүгедек жандарға қоларбалар алдырды. Бұл Дархан сияқты дарабоз дипломаттың туған еліне, оның адамдарына жасаған ізгілікті істерінің бір парасы ғана.
Елге жасаған адал қызмет ешқашан елеусіз қалмайды. Мемлекетке сіңірген елшілік зор еңбегі үшін ол Чехиядағы Масарик атындағы Академияның алтын медаль иегері, Кореядағы Каннам университетінің құрметті докторы, Сеул, Ульсан, Тэгу қалаларының, Қазалы ауданының құрметті азаматы, І, ІІ сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл, бірінші сыныпты кеңесші, бірнеше мемлекеттік, мерекелік марапаттар мен медальдардың иесі.
Аталмыш естелік кітапта марқұмның тірі кезінде, шетелдік сапарларда, қызмет барысында еліміздің бұрынғы, қазіргі Президенттері Н.Ә.Назарбаевпен, Қ.К.Тоқаевпен, АҚШ-тың экс Президенті Билл Клинтонмен, оның бауыры, ірі бизнес өкілі Роджер Клинтонмен, өзі елшілік қызмет атқарған Оңтүстік Корея республикасының Президенті Ли Мен Бакпен және басқа көптеген мемлекет басшыларымен қатар атақты былғары қолғап шебері Серік Қонақбаевпен бірге түскен суреттері,  мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртай Әбіқаевтың, Зағипа Балиеваның, Серік Үмбетовтің және басқаларының Дархан Бердалиев туралы естелік әңгімелері орын алған. Сондай-ақ бұл кітапта жерлестеріміз Атабай Қылышбаевтың, атақты ақын Шөмішбай Сариевтің елші туралы өлеңдері, мектептес жан досы, Арал қаласындағы өнер мектебінің білікті музыка маманы Талғат Дәрменовтің жүрек түкпірінен шыққан жазбалары жан тебірентерліктей екенін оқып білдік.
Бір сөзбен айтқанда, егеменді еліміздің игілікті істеріне лайықты үлес қосқан, артына өшпес із қалдырған Дархан Бердалиев сияқты жерлесіміз туралы естелік кітап көпшілік көзайымына айналған елеулі еңбек болып шығыпты.
Толыбай АБЫЛАЕВ
---
02 тамыз 2022 ж. 358 0