Ел атын асқақтатқан елші
Туған жерден түлеп ұшып, аты алты Алашқа белгілі болған дара тұлғалардың өмір дерегін табу, жинап жүру – қолына қалам алған журналистің бір рәтті ісі. Айдынды Аралдың тумасы, қазақ мемлекеттік дипломатиясының талантты өкілі Дархан Бердалиев туралы жылт еткен әрбір мәліметке назар аударып жүретінбіз. Егемен еліміздің көк байрағын желбіреткен әуелгі жылдары алыс-жақын шетелдермен байланыс жасауға кіріскенде, осы саланың мамандары жетіспегенін білеміз. Сол жылдары жас та болса топ жарып, ел мен елді жақындастыру жолында өлшеусіз еңбек еткен, қарымды қажырын танытқан қайраткерлердің бірі – Дархан Әлиұлы екенін осы күні біліп отырмыз. Және де ол туралы аралдық жерлестерінің барынша білгені дұрыс деп есептейтініміз айқын.
Жер-жаһанның біраз бөлігін шарлап, біршамасында қызмет етсе де, ол туған жерін ешқашан ұмытпаған екен. Атамекеніне деген оның сүйіспеншілігін "Алтын бесік – туған жер" атты жазбасынан көріп отырмыз. Перзенттік тебіренісі адамның жан-дүниесін баурайтындай алабөтен-ақ. Енді, міне, соған көз жүгіртейік.
"Мен өмірімнің көп уақытын шетелдерде өткіздім. Бір адамның өміріне жетерлік жақсылықтар мен қызықтарға кенелдім. Маған ол маңызды емес. Маған қымбаты – туған жер.
"Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Алдындағы бір-екі қарасы мен ұсақ малын бірде жоғалтып, бірде тауып алғанына мәз болып, табылмай кетсе, "бас садақасы" деп сылтау-мақалмен өзін де, өзгені де жұбатып қойып жүре беретін қазекең туған жер туралы осы мақалды қапысыз-ақ тауып айтқан-ау, жарықтық. Біздің әңгімелеп отырған Мысыр шаһарымыз – қасиет пен парасат қонған Арал өңірі. Қазақтың теңіз жағасындағы қала деп туы тігіліп, мөрі басылған осы өлкеде қазақтың небір жайсаңдары өмірге келіп, түтін түтеткен. Бұл – кезінде жарты әлемді аштықтан құтқарған теңізді өлке. Демек, арғы атам билеген бұл топырақ маған ыстық, ең қасиетті өлке!
Мен де туған жерімді тамаша деп тамсана аламын. Саф ауасы таза, топырағы ақкебірге айналған ата-бабамның туған өңірі Арал төңірегіне жолым түскен сайын бойымды бір жұмбақ сағыныш билеп, жүрегімнің лүпілдеп кететіні бар. Туған жер, кеніш өлкемнің топырағын басып, елмен жиі дидарласуға бейім тұрамын. Бұған мені тәрбиелеген – әкем мен анам. Туған топырақтан кіндігіміз үзілмеуіне, әсіресе, анамның зор үлесі бар.
Туған жерге барған сайын тазарып қайтамын...".
Мұндай керемет ішкі толғанысты оқып, оның азаматтық биік арлы үнін естігендей болдық. Мемлекетке деген сүйіспеншілік туған жерге деген махаббаттан басталады екен ғой. Иә, Дархан Бердалиев – теңізді емген Аралдың біртуар ұлы еді. Бұл турасында онымен кішкентайынан тонның бауындай бірге жүрген, бірге өскен, айырылмас жан досы, белгілі музыкант Талғат Дәрменовпен әңгіме-сұхбат барысында біраз ақпарат алдық. Асып туған арда азаматтың, бүкіл өмірі мен қызметі анық көрсеткен мемлекетшіл қайраткердің ақкөңіл де адал досы бізге ақтарыла сыр шертіп отырды.
– Біздің үйіміздің арасы жақын болды. Олардың отбасы Панфилов көшесінде, ал біздің үй Мектеп көшесінде-тін. Бірақ бізді бір-бірімізге етене жақындатқан №14 орыс орта мектебінің қабырғасы еді. Ол жылдары онда қалада тұратын түрлі-түрлі ұлт өкілдері оқитын. Мектеп табалдырығын 1971 жылы аттадық. Сынып жетекшіміз ұлты грек Любовь Ивановна Гошкадерия болды. Қара портфелімізді арқалап Дархан екеуіміз мектепке бірге барамыз, бірге қайтамыз. Бос уақыттарымыз да бірге өтеді. Жаратылысынан алғыр Дархан барлық сабақты өте жақсы оқыды. Мұғалімдеріміз оны үнемі мақтайтын. Сол үлгілі оқушы Дархан 6-сыныптан кейін сынақтарын сәтті тапсырып, Алматы қаласындағы Орынбек Жәутіков атындағы дарынды балалардың республикалық физика-математика мектебіне барып, берілген сынақтардың бәрінен өтіп, оқуға түсті. Соған байланысты бізден жырақ кеткені шындық. Алайда достық қарым-қатынасымыз еш үзілмеді. Оның әр каникулда астанадан келуі мен үшін де және Аралдағы кешегі бірге оқыған сыныптастары, бірге жүрген достары үшін үлкен мереке болатын.
Дарханның әкесі Әли Бердалиев қаламызда ашылған үлкен білім ұясы №83 мектептің алғашқы директоры болды. Менің әкем Оңғар да өмірін білім саласына арнаған. Яғни екеуіміз ұстаздар әулетінен едік. Және ол кісілер дос-жар болды. Екеуміздің анамыз №86 сегізжылдық мектепте ұстаз. Дарханның анасы Лиза неміс тілінің маманы болса, менің анам Күлпаршын физика-математикадан сабақ берді. Екі ананың өзгелерге үлгі боларлықтай достықтары бар еді. Жұрттың бәрі оларға қызыға да сүйсіне қарайтын. Аудан мектептері арасындағы үнемі өтіп жататын мерейтойлық, басқа да байқауларда менің анам әрдайым конферансье болып концерт жүргізсе, Лиза апай әуен-сазды тамылжытатын нағыз күміс көмей, бұлбұл үнді әнші болатын.
Мен қашан да Дарханның қызметтік өсу белестеріне тілеулес болып жүрдім. "Аралдың ақ құмын сағынып жүрмін..." – деп қандай кез болса да, қандай қызметте жүрсе де жыл аралатып Аралға да келіп тұратын...
– Талғат, халық таныған қайраткер досыңның өмір жолын, қызметтік өсу соқпақтары туралы айтсаң, –деп өтіндік.
– Иә, жерлестеріміз ол туралы көбірек білсе, жақсырақ таныса деймін. Мемлекетімізге еңбек сіңірген дарабоз азаматты аралдықтар мақтаныш тұтса деймін.
Дархан Әлиұлы 1963 жылы 15 желтоқсанда Аралда туған. Жаңа айтқан Алматыдағы физика-математика мектебін бітірген соң, 1981 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне түсіп, 1986 жылы жақсы бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды. Алматыдағы №92 мектепте, №7 мектеп-интернатта математикадан сабақ беріп, әулет дәстүрі бойынша ұстаздықтан бастады. Белсенді жігіт еңбекқорлығымен көзге түсіп, Алматы теміржол институтының жастар комитетін басқарады. Еңбек ете жүріп Дипломатиялық Академияның тыңдаушысы болды. Мұнан кейін оның шетелдегі жұмыстары басталды. Әуелі Алматы-Сеул қаласы инвестиция Агенттігінің президенті, сонан соң Вашингтонда Сауда-экономика өкілдігінде жауапты қызмет атқарды. Бұл Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары еді. Тұралаған ел экономикасына қан жүгірту үшін шетелдік қаржы көздерінің маңызы зор-тын. Дархан осы салада білгір маман ретінде танылды...
– Ел билігі оның осы еңбектері үшін елшілік қызметке ауыстырған болып тұр ғой...
– Дәл солай. 2001-2003 жылдары Еуропа төріндегі Чехия республикасындағы елшілігіне жіберді. Ал 2003-2006 жылдары ол Қазақстан Республикасының Оңтүстік Кореядағы Елшісі мандатын алды. Қиыр Шығыстағы технологиясы жедел дамыған бұл елмен қарым-қатынасымыздың нығаюына көп еңбек сіңірді. Соның арқасында екі елдің экономикалық байланысы тіпті нығайды. Араға екі жыл салып 2008-2012 жылдары екінші рет Қазақстанның Кореядағы Елшісі болып тағайындалды. Ал 2012 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни 2021 жылға дейін Астана қаласында Сыртқы Істер министрлігінің Елшілік бөлімінде жауапты қызмет атқарды...
– Қарап отырсақ, оның дипломат ретіндегі қызметтік өмірбаянында Кореяның алатын орны ерекше екен. Елші ретіндегі қызметінің осы кезеңі мемлекетіміз үшін өте жемісті болған секілді-ау...
– Сыртқы қарым-қатынаста да, жаңа нарық заманындағы бизнесте де әбден ысылған Дархан Әлиұлы Оңтүстік Кореяда елшілікте қызмет істеуіне еліміздің сол кездегі Сыртқы Істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сенім білдіріпті. Ол қызмет барысында сол сенімді барынша ақтады. Көптеген сала бойынша тиімді келісімдер жасады. Тіпті, корей сериалдарын біздің елде көрсетуге жол ашты. Осы елдің Кангнам университетінде қазақ тілі кафедрасының жұмыс істеуіне мұрындық болды. Медицина саласында қазақ балаларының сол елде демалуына жұмыс жасалды. Елімізге жаңа медициналық аппараттардың келуіне атсалысты. Корей жерінен компьютерлердің әкелінуіне жағдай тудырды. Үлкен жобаларға қомақты қаржы әкелді...
– Бір қызығы, Дархан Әлиұлы Корея еліне арасына бір-жар жыл салып екінші мәрте Елші болуының сыры неде екен деп ойлап отырмын...
– Оныңыз дұрыс. Бұған оның жеке басының ерекше қасиеттері себеп болған екен. Сеул қаласының мэрі Ли Мён Бак біздің Дарханның жақсы досы болатын. Сол азамат 2008 жылы халықтың қолдауымен Оңтүстік Кореяның Президенті болып сайланады. Осы жай мемлекетімізге пайда әкелетінін біліп, батыл ойлы Дархан еліміздің басшылығына дереу: "Менің досым Ли Мён Бак Президент болды. Мені тағы да Корея еліне елшілікке жіберуіңізді сұраймын. Мен елге тиімді келісімдер жасауға себепкер боламын" деп хат жазып ұсынады. Содан білек сыбанып қызметіне кіріскен Дархан Балқаш атом энергостанциясы сияқты миллиондық үлкен жобаларға бастамашылдық танытты. Елде орын алған дағдарыс кезінде инвестиция тартуда барынша қарқынды қимылдады. Екі корабль алдыруға көмектесті. Тау-кен өнеркәсібіне қаржы тартты. Корея мен Қазақстан арасында алғашқы тікелей әуе жолын ашып, әлемді таңғалдырды. Бұлар оның елшілік қызметіндегі істердің бір парасы ғана...
– Дарынды дипломат Дархан Бердалиев еліміздің және шетелдің ірі тұлғаларымен жақсы адами қарым-қатынаста болыпты...
–"Жігітті жолдасына қарап таны" деген емес пе... Еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер тарландары Нұртай Әбіқаев, Серік Үмбетов, Ғани Қасымов, Айткүл Самақова, Асқар Мусинов, Ерболат Төлепбай, Серік Қонақбаев, Шөмішбай Сариев... айта берсек тізімді жалғастыра беруге болады. Соның ішінде Чехияда жүргенінде жерлесіміз белгілі ақын Шөмішбай Сариев бастаған біраз өнер адамдарына Еуропаның белгілі марапаттарын алып беруге септескені де бар екен. Өзі бас болып қазақтың басты перзенттерін "кәрі құрлыққа" таныстырған. Соның арқасында Шөмішбай ақын Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты атанады. Есімі біраз елге мәшһүр болады. Шөмішбай Сариев "Ұлы Кафка елі" өлеңінде:
Уақыт өтер, танып-біліп ұғармыз,
Қайда болсын биікке ұшар шынар құс.
Дархан інім, қуат берсін бір Алла,
Дархан інім, бәрімізден мың алғыс!!! – деп зор ризашылығын білдіреді.
Ал шетелдік достарына келсек, жаңа Корея Президенті Ли Мён Бак туралы айттық. Бұл достықтың өзі халқына үлкен пайда келтіруге себеп болған жоқ па. Ол корейлік кәсіпкер Ким Саймон, АҚШ Президенті болған Б.Клинтонның бауыры Роджер Кэссиди Клинтон, АҚШ-тың Ерекше істері жөніндегі елшісі Эдуард Акопян, палестиналық кәсіпкер Мухаммед Аблиехая, америкалық Спиро Контогурис, тағы басқа да танымал кісілермен жіті араласқан. Олардың Дарханға деген ниетін Р.К.Клинтонның: "Көптеген жылдар бойы әлемді аралап, кездестірген адамдарымның ішінде өміріме өзгерістер енгізіп, түбегейлі әсер қалдырған адамдар саусақпен санарлық. Дархан Бердалиев сол адамдардың ішіндегі бірегейі болды.
Мен Дархан досымды әрқашан сағынамын. Және мақтанышпен жүрегімде естелік етіп сақтап жүрмін. Ол менің өміріме мәнді әрі көрікті өзгерістер енгізді" деп жазған керемет сөздерінен білеміз. Және де қазақ баласына американдық азаматтың бұлай деп баға беруі кім-кімді де риза етеді. Әрбіріміз шет жаққа шыққанда осындай дәрежеде мәртебеміз көтеріліп жүрсе бір бақыт емес пе.
– Әлемдік саясаттың дүрлерімен етене араласқан, мемлекет үшін, ел үшін алғаусыз қызмет еткен жан досыңыз туған жеріне де шарапатын тигізген болар?
–Қазақша рулық-аталық жолды шежірелеп, таратып айтсақ, Дархан қазақ халқының атақты батыры, әулие Жанқожа батырдың тікелей ұрпағы боп келеді. Бабаларынан тамыр тартып келген тектіліктен шығар, ол қайда жүрсе де кіндігін туған жерінен, атамекеннен үздірмеді. Содан да болар, Қазалыда батыр бабасына арнап үлкен мешіт үйін салдырып, жамағатқа тарту етті. Бұл Алланың үйі ерекше ғимарат болып шықты. Қазір бұл мешіт Қазалы аудандық орталық мешіт аталады. Осы қалаға келген әрбір адам осынау мешітке бір соқпай, батыр рухына тәу етпей кетпейді.
Ол қайырымдылық жасауды азаматтық парызым деп білді. Қазақстандағы тұрмысы төмен 575 мүгедек жанға қоларба сатып алып берді. Республикадағы мектептерге 770 компьютерді тегін сыйға тартты. Сондай-ақ Аралдағы өзінің әкесі басшылық еткен №83 мектепке қайырымдылық істеп, бір келгенінде мал сойдырып, мектеп асханасына табыстаған еді. Тағы бір сапарында Арал қаласында тұратын оншақты мүгедек балаға қоларба сыйлағаны бар. Мұның бәрін ол атақ үшін істеген жоқ, атына заты сай болып, көңілі дариядай дархандығын көрсетіп, туған жерге бір көмегім болсын деп шынайы атқарып жүрді. Туған жеріне жасаймын деген істерінің көптеген жоспар-жобалары болатын. Алайда оны жүзеге асыруға қатал тағдыр, мейірімсіз ажал таршылық етті.
Досы жайлы сұхбат беруден әсте шаршамай, қайта ол туралы әртүрлі оқиғаларды, деректерді айтқан сайын жігерлене түскен, дос есімін айтқан сайын мерейлене түскен Талғат бауырымыз арқалы азамат, мемлекетіміздің бір үлкен қайраткері, атақшы елші Дархан Бердалиев туралы әлі талай әңгіменің алтын сандығын ашатын түрі бар.
Халқымызда ежелден келе жатқан «Батыр ортақ, би ортақ» деген даналық сөз бар емес пе. Сырт жерде, өзге мемлекеттердің биік трибуналарында еліміздің атынан сөз сөйлеген, жас мемлекетіміздің мүддесін қалтқысыз жүзеге асырған Өкілетті және Төтенше Елші Дархан Әлиұлы Бердалиев бүкіл қазақ жұрты сияқты аралдықтардың да ерекше мақтаныш тұтатын тұлғасы болды. Ер есімі ел есінде мәңгілік қалса дейміз.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі