«Артыма қайырылып қарасам да ұялар ештеңем жоқ...»
Газеттің өткен (№59 26 шілде, 2022 жыл) санында әйгілі хатқа іспен жауап қатқан жанкешті балықшылардың қатарында болып, табанды еңбек еткен Сүлеймен Есенов жайында жазған едік. Енді Сүлеймен баласы Қайып мырза жайлы сыр шертейін. Ол міне қарсы алдымда отыр. Омырауы марапатқа толы. Нағыз маңғаздың өзі екен. Қозғалысы жеңіл. Үсті-басы мұнтаздай таза. Апыр-ау, мына өңді тастан құйғандай сұлу мүсін, ауыр салмақты машиналарды емес, үлкен-үлкен кәсіпорындарды басқарып, үйіріп әкететіндей деңгейдегі азамат-ау, деп ойлағандайсың. Әлде оқу-тоқу жағы кемшін болды ма екен?
–Теңіз жағалауында өстім, – деді Қайып баяу үн қатып, –«Тәуір» деген шағын қыстақта 1937 жылдың 6 маусымында жарық дүние есігін ашыппын. Әкем Сүлеймен балықшы, Разия анам үй шаруасында. Кедей-жарлымыз. Қыстақтағы бастауыш мектептен соң «Кіші түбектегі» жетіжылдықтың 5-сыныбына түстім. Аралық 6-7 шақырым. Жаяулап қатынаймыз. Бұл 1948 жылдың күзі ғой. Үйде жалғыз галош. Соны кезек киеміз. Соғыстан кейінгі қиындау кез. Киім-кешек тапшы. Болса да аларға қаржы жоқ. Он бір жастамын. Қалың қарда мектепке қарай жалаңаяқ зымырағаным да есімде. Осындай күндердің бірінде балдар дүкенге тәпішкі түсіпті деді. Қазіргі үй ішіне киетін жеңіл аяқ киім. Оны кию бізге арман. Дүкенші Жұпан есімді соғыстан қайтқан солдат. Әкесі Тәжімбет мешіт ұстаған ишан болыпты деседі.
Сосын ба, Жұбанды жұрт қатты сыйлайды. Келіндері алдынан кесе өтпейді. Онда менің шаруам қанша? Маған тәпішкі зәру. Аяққа мықтап байлап алып жүгірсем деймін. Өзімше жоспар жасадым. Іңір қараңғысы, екі қосшым бар. Бірі қарауылда қалды. Екі бала терезеге келдік. Дүкеннің үп-үлкен терезесін орнынан көтеріп алдық. Мен ішке ендім. 5 пар тәпішкіні қойныма тықтым. Сыбағама тиген екеуін қолыма алып, үйге әндетіп келе жаттым... Кенет! Иә, кенет! Есік алдына жете бергенімде бір тылсым күш "Тоқта!" деп жекіріп жіберді. Зәрем зәр түбіне кетті. Жан-жағыма қарадым. Ешкім жоқ. Қалт тұрып қалыппын. Алға басуға аяқ қозғалмайды. Айқайлайын десем үнім шықпайды. Ой келді. Ми жарықтық ақыл қосты. «Ал үйге кірдің,тәпішкіні көрсеттің. Қайдан алдың дейді. Не дейсің? Ақшаң жоғы белгілі. Мектепке киіп бардың. Әй-Әйекең, пұлы қанша дейді? Нендей жауап қайырасың? Құрысын! Басым қатты. Құтылу керек. Қораны айналып жүрдім. Үйден анашым шықты.
– Қайып-ау, қайдасың! Кір үйге, неғып жүрсің. Тоңдың ғой. Көйлекшең кетіп ең!
Бетім-ай. Қораның қуысына, шөп-шалаңның арасына екі пар тәпішкіні тыға салып, дым білмегендей шай дастарқанға отырдым. Менен үй іші әлденені сұрағандай ау-у, жауап қатсаңшы дегендей-ау! Түк демедім. Расында құлағым тас болып бекітіліп қалды.
– Сәл демалсаңшы,– дедім Қайыпқа, борша-борша болып терге малынған сұхбаттасымды аяп.
***
–Жеті жылдықтан кейін Арал қаласындағы №13 мектептен аттестат алып автошколдың бір жылдық оқуына түсіпсіз. Онжылдықтағы бағаларың тым-тәуір екен. Әрі қарай талап жасамадың ба?
– Жағдай болмады. Анашым сырқатқа ілінді. Әке қартайды. Зейнет жасына жетті. Ал жүргізуші мамандықты әжептәуір игеріп алдым.
– Е-е, оныңыз дұрыс. «Аралавтобазасының» жүк машинасын табан аудармастан он жылдай заулатыпсың. Омырауыңа «Социалистік жарыс озатының» белгілері тағыла бастапты. Ол тұста Аралавтобазасына кімдер басшылық етіп еді?
– Директорымыз О.Ерекешов, бас инженер М.Қаратаев болды. Мұхамидияр Қаратаев білікті инженер-тұғын. Кейін Қызылорда қаласындағы «АТП-1»-ді басқарды.
– Сіз де 1967 жылы, нағыз кемелденіп, отызға толған шағыңда осы «АТП-1»-ге ауысыпсыз?
– Дұрыс, көке! Өмірдерегімді шолып өткен екенсіз! Қаратаев директор креслосына отырғасын қосшыларына майталман, өз ісіне мығым, әрі таза, еш пәлеге ілінбеген, авария жасамаған, жолда жүру ережесін ешбір бұзбаған жүк машинасын жүргізетіндерді аудан-ауданнан іздеп, тізімін жасаңдар, оларға тиісті қамқорлық болады,– деп тәртіп береді.
Сол тізімге мен де іліндім. Шақырды. Бардым. Қалаған машинаны берді. Сенімді ақтауға күш салдым. Осы «АТП»-дан зейнетке шықтым. Алғаным алғыс болды. Құрметке бөлендім. Сый-сияпаттан, мерекелік мақтау қағаздарынан құр қалмадым. Машинамның маңдайшасында «Еңбек озаты» жалаушасы желбіреп тұрды. Тұрақты түрде. Менің өндірістік көрсеткішіме ешбір әріптесім жеткен жоқ. Оның бәрін алдыңызда жатқан куәліктер анықтайды. Осы «АТП-да» 4 (төрт) басшымен—М.Қаратаев, А.Балғазиев, Б.Сыздықов, Қ.Шамшаевпен істес болдым. Сыйластық. Еңбегімді жоғары бағалады. Ища деспедік. Дос болып тарастық. Сенбейсіз бе? Маған жазған мінездемелерін оқыңыз!
***
Қайып Сүлейменовтің марапат қағаздарын шолып едім, ол «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медалін 1974 жылы омырауына тақса, екінші кезекте 1979 жылы «Оныншы бесжылдықтың екпіндісі» белгісі тұр. 1941-1945 жылдардағы Отан соғысы жеңісінің 70 жылдық мерекелік медалін республика Президентінің жарлығымен, ал оның 75 жылдық мерекелік медалін Ресей федерациясы президентінің Жарлығымен алған. Демек, шетел лидері де Еңбек даңқына бас игені-ау! «Қызылорда облысының автокөлік саласының құрылғанына 80 жыл» мерекелік медалін облыс әкімі тапсырса, «Үздік автокөлікші» төсбелгісін Қазақстан Республикасы Индустрия және инфракұрылымдық даму министрінің қолынан алған.
Құрметті Қайып Сүлейменұлы!«Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесіңіз үшін Сіз Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен» марапатталдыңыз» деген облыс әкімі мен мәслихат хатшысының жолдау хатын да аса қанағаттылықпен оқыдым. Мұндай жүрекжарды лебіздер Қайып автокөлікшінің архивінде баршылық екен. Қайып мырзаңыз алтын құрсақты жұбайы Жаңагүл Ахметқызы екеуі екі ұл, бір қыз өсіріпті. Олардан 10 немере, екі шөбере сүйіп отыр. Ерлі-зайыпты екеуі кіші ұлы Марат пен аса ибалы келіні Гүлбаршынның қолында. Екеуі де танымал кәсіпкер. Ата-аналарын алақанына салып, құрметке бөлеуде. Қариялардың ұл-қыздан күткені де осы ғой.
***
Ең соңғы сұраққа тірелдім. Қайып Аралға жиі келеді. Ағайын-туыстың той-томалағынан қалған емес. Есіту бойына жетіп келеді. Оны Қайып, Қайып мырза атандырып жүрген де осы елгезек қасиеті болса керек.
– Айтыңызшы, жас кезде жасаған «Ағаттық бір айыбымды арада 63 жыл өткенде өтедім», деп едің-ау! Тек маған емес, оқырмандарға да ой салар дерек-ау!
– Бұл сауалды өзім де күткенмін, – деді Қайып күліп, – расында да осы бір болар-болмас оқиғада үлкен мән жатқанын кейін білдім... Үйлі-баранды болдым. Жұмыста жарқырап көріндім. Бірақ осы бір қара дақ көңілден кетпеді. Қалай құтыламын? Сұрастырсам Жұбан аға дүниеден озған. Қымбат жеңгей сол шаңырақта отыр деді.
2011 жылдың күзінде Бөгенге келдім. Мешітке соғып, аға рухына Құран оқыттым. Бір қызығы, әлгі мешіт Тәжімбет ишанның атында да, оның имамы Жұбан ағаның баласы Әнуарбек екен. Қымбат жеңгеме барып сәлем бердім. Осылай да осылай деп «жырлап» бес пар тәпішкінің құнын өсімімен төлеп: – «мені кешір, батаңды бер» деп өтіндім.
– Ой-и, айналайын-ай! – деді жеңгей сөз төркінін түсініп, – пәленбай жылғы шалыстықты ұмытпай алдыма келіп тұрған саған рақмет. «Кештім, кешірдім, жай қолыңды» – деп ақ батасын берді. Бойым жеңілдеп қоя берді. Өзімді сергек сезіндім. Қамыстыбас стансасынан пойызға отырдым. Бойым балқып ұйықтап кетіппін. Ақ таяқты ақсақалды кісі тұр. Ар жағында бағдаршам. Қызыл жанып тұр. Әлгі кісі «көріп тұрсың ба?» дегендей қызыл жарықты нұсқады. Оянып кеттім. Есіме баяғы, он бірімде екі пар тәпішкіні қолыма алып келе жатқанымда «Тоқта!» деген өктем дауыс оралды. Апыр-ай, бағдаршам болып пәле-жаладан қорғап жүрген сол Тәжімбет ишан болғай, деп тілімді кәлимаға келтірдім.
***
Қайып кең көшеге түсіп жаяу тартып кетті, Әбдіраштың Жарасқаны жырлаған «Ақын кетіп барадысы» ойға түсті.
Ақын кетіп барады көшеменен
Екпінінен бір дауыл еседі ерен...
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
Кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!
Әрине, Қайып Мұқағалидай ақын емес. Десе де жүріс-тұрыс жігерінде ұқсастық бар. Қайыптың екпінінен де бір дауыл есіп, найзағай ойнап жатады.
Сыртынан сүйсіне қарап тұрып: – «Ұмытпа сен, өткен жолың тарих боп қатталып сайрап жатыр...» деппін.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Қызылорда облысының «Құрметті ардагері».
Арал қаласы