Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақжал толқынмен алысқан

Ақжал толқынмен алысқан

Иә, әйгілі хатқа, пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына арнап жазған хатына биыл 100 жыл, тұтас бір ғасыр толады. Содан бері Арал балықшыларының аштыққа ұшыраған Поволжье халқына көмегін, яғни 14 вагон шикі балық жөнелткені ұмытылмай айтылып келеді. Өйткені біздің балықшылар өздері ішер асқа, киер киімге жарымай отырса да, қайырымдылықтың ғажайып үлгісін көрсетті емес пе?!
Осыны ұдайы көптің есіне салып келген баспасөз ұжымдарына алғысым шексіз. Әуелі бұл тарихи оқиғаны «Арал әлемі» (редакторы Е.Абдулла) газеті бастаған екен. Сол газеттің 2018 жылғы 6 шілдедегі санында менің туған әкем Саржан Дүйсенбайұлының да суреті жарияланыпты. Бірақ оны кезінде байқамаппын. Себебі қазір Алматы қаласының тұрғынымын ғой. Десе де кейін біліп, ардақты әкем туралы аз-кем білетінімді жаздым да. Ол 2020 жылдың 26 маусымында жарық көрді.
Енді аудандық «Толқын» газетіндегі «Әйгілі хатқа – 100 жыл» айдарымен беріліп жатқан мақалаларды оқып, бұған да үн қосуға шешім қабылдадым. Әкем Саржан Дүйсенбайұлы 1886 жылы туған. Жас¬тайынан Аманөткелдегі бай-көпес орыстарға жалданып, тіл үйренген. Шешем Ұлмекен, руы – Төртқараның Ақкиізі, бай, би Құлдықтың қызы. Кешегі 20-жылдардағы байларды қуғындаған кездері Сыр бойына ауысып келіп, әкеме тап болған. "Әкеңнің орыс жолдастары көп болатын-ды. Үлкен атан түйеге мінгесіп, он шақты баспақтай-баспақтай иттерімен келіп, үйде жатып, шошқа аулайтын. Балаларымыздың үйренгені сондай, жаңағы иттердің үстіне мініп, ойнайтын-ды" деп айтып отыратын шешем.
Әкем балық тұздаудың шебері болыпты. Бұл да болса сол орыстардан үйренгені шығар. Ертеректе Аманөткелде балық зауыты болған. Оған Аққұлақ, Ақшатау, Қызылжар, Қосжар пункттері қарапты. Әкем Баяннан, Жаңғылыш аралынан, басқа да жерлерінен балық қабылдап, Қамбаш станциясына жеткізіп тұрудың бригадирі болыпты. 1972 жылдары бұрын Қаратереңде тұрған Сыдық молда деген ағамыз үйге шешеме сәлем бере келіп: "Ой, жарықтық, Саржан ағамды айтсаңшы, талай рет жақсы ат шанамен үйге келіп қонып, жеңгесінің шайын ішіп жүретін-ді" деп айтатын-ды.
Сонымен әкем Қамбаш балық тресінде жұмыс істеп жүріп, 1930 жылы Арал балық тресіне балық тұздаушы болып ауысыпты (архив материалдарынан). Әкем өз руының, ағайынның белделді басшысы бола біліпті. Көп мәселелерді әкеммен ақылдасып отырыпты. Кешегі уақыттарда көп жеңгелерім марқұм болып кетті. Олардың бәрі де маған жалаң аяқ қара балаға: "Қайын аға мен шешейдің баласы ғой, ой, садағаң кетейін, қайын аға қандай адам еді" деп, жастарының үлкендігіне қарамай, еңкейіп сәлем ететін. Әрине мен ұялғаннан қара тер болып, қысылып, кейде осындайдан қашып жүретінмін. "Жақсы әке балаға қырық жыл азық болады" деген сөздің ақиқаттығына сол кезде көзім жетті.
Әкем 1941 жылы қайтыс болып, жетім бала, "кекшіл бала" болып өстім. Сол бір жылдары, жақсыдан қалған жалғыз тұяқ қой деп жан жүрегімен рухани және материалдық көмек көрсеткен аға-жеңгелеріме, апаларыма әркез бас иемін. Әкемнің азаматшылығы туралы Аралдың белгілі ақсақалы Әзен Қаленов ағамыздың естелік кітабында "Сарытоға" деген әңгімесі толық Саржанға арналған. 1921 жылдардағы Лениннің хатына жауап ретінде 14 вагон балықты бір-екі ай ішінде аулау, қабылау, жинау Қамбаш станциясына жеткізуде Саржан Дүйсенбайұлының қатысқаны анық. 1970-1980 жылдары бұл деректі жазбағаным, ол кезде өзім балық өңірінің басшысы болғасын әбессіндім.
«Арал балық тресінде» балық өңдейтін маман бола жүріп, 1941 жылы тіл-көзден қайтыс болды деп айтып отыратын шешем. Жерленген жері Аралдағы "Жарбол" қорымы. Әлі есімде төрт жасар кезім, әкем маған "Морс" деген сусынды ішкізетін. Дәмі әлі аузымнан кетпейді. Әрдайым мойнына мінгізіп жүретін. Кейін ауырып, мен де науқастанып, екеуіміз бір бөлмеде жатқанымыз есімде. Қара сақалы өзіне жарасқан, ажарлы кісі көз алдымда. Қалай қайтыс болғаны, қалай жерлегені есімде жоқ. Алланың шапағаты тиіп, топырағы торқа болғай.
Құдайберген  САРЖАНҰЛЫ,
Мемлекет, қоғам қайраткері, экс-министр, ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер
20 сәуір 2021 ж. 948 0