Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » НЕСІБЕСІ МОЛ ШАРУАШЫЛЫҚ

НЕСІБЕСІ МОЛ ШАРУАШЫЛЫҚ

Көк теңізден несібесін теріп өскен Арал маңының балалары үшін балықшылықтан артық кәсіп жоқ. Ол сұрапыл дауылда толқынмен алысады, ұшы-қиыры жоқ көк айдынға жүрексінбей аттанады. Азапты сапардан оралған соң, енді қайтып су көрмей кететін шығар дейсің. Жоқ, таң алакеугімнен қара қайықтың азынасына тағы да жайғасады. ..
Мен балықшылардың ауыр еңбегін көріп өсіп, әке жолымен балықшылықты кәсіп еткен жанның бірімін. Әкем Нарғали Демеуовтен алған тәжірибем мол. Жылымының өзгелерге қарағанда неге майланатынына, әр балық түрінің жылдың әр мезгілінде қалай жүзетініне, қай жерлерде үйездейтініне байланысты екенін де әкемнен үйрендім. Балықшының «алтын айы» атанған көктем айында уақытпен санаспай еңбек етуді дағдыға айналдырғанмын. Шүкір, еңбегім де еленуде. Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын иеленуім – Арал балықшыларына көрсетілген құрмет.
 Қазіргі кезеңде теңіздегі балық қоры молайып, тұрғылықты халықтың игілігіне айналды. Өз кезегінде көлемі 20- 30 мың гектардан асатын ондаған ірі көлдер қалпына келіп, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік жасады. Бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрінің қайта келуінің өзі берекенің белгісі. Балық аулау көлемі де жыл санап артуда. 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсіп, қазіргі таңда 400-ден 8000 тоннаға жетуі – Үкімет тарапынан жасалып отырған қолдау мен балықшылар еңбегінің нәтижесі. Аудан бойынша 31 балықшылар бригадасы болса, оларда 405 адам жұмыс атқарып, ата кәсіптің арқасында отбасының берекелі тіршілігін кіргізуде.
Балық шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан балықшылар қауымын мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеймін.
Жеңіс ДЕМЕУОВ,
балықшы.
11 шілде 2018 ж. 1 196 0