Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұмытпа сен, өткен жолың тарих боп қатталып сайрап жатыр...

Ұмытпа сен, өткен жолың тарих боп қатталып сайрап жатыр...

Қызылорда қаласынан хабарласып тұрмын, – деді жуан дауыс гүрілдеп, алдағы тамыз айының орта тұсында ата-анама орталық мешітте ас бермекпін. Соған шақырамын Сізді.
 – Әкеңіз кім еді?
–  Сіз ол кісіні білесіз. 1921 жылдың күз, қыс айларында В.И.Лениннің
Арал балықшыларына жолдаған хатына лайық аштыққа ұшыраған Поволжье халқына 14 вагон шикі балық жөнелткен жанкештілердің бірі Есенов Сүлеймен деген балықшы қария.
– Ал өзің ше?
– Өзім сол Сүлеймен баласы Қайыппын. Автокөлік саласының ардагерімін. «Үздік автокөлікші» төс белгісінің иегерімін.
– Әлгі ауыл дүкенінен бес пар тәпішкі ұрлайтын «ұры» Қайыппысың?
– Ұры дейсің бе? Иә, иә... онда он бір жаста едім. Қазір 85-темін.
Хе, хе... Арада 63 жыл өткенде ол айыбымды  әлденеше өсімімен төледім ғой. Хе... Хе!.. Етжеңді адамның күлкісі телефоннан анық естіліп тұрды.
Қос куәгердің сөзі
Әуелі Қайыптың әкесі Сүлеймен Есеновпен қалай кездескенімді айтайын.
Сірә, 1980 жылдың соңғы айларының бірі болса керек. Аупарткомның насихат-үгіт бөлімінің меңгерушісі Райғани құрдасым: «Маған келіп кетші, сен танысатын бір хат түскен еді» деді. Бардым. Хатты оқыдым. Екі қарияның қолы қойылыпты. 1921 жылдың қазан айында В.И.Лениннен келген әйгілі хатқа қалай жауап бергенін, өздерінің қосқан үлестері жайында баян етіпті. Солар тұратын мөлтек ауданға жүгірдім. Есімдеріне сырттай таныспын. Бірақ көзбе-көз кездесе алмағанмын. Сәті енді түскеніне қуандым.
Сүлеймен Есенов пен Сағындық Әлімбаев бір көшеге қатар қоныс теуіпті. Ауылда да, қалада да бір-бірінен ажырамас достар екенін білдім. Жастары 80-нен асса да сөз арасында қалжындасып, күлісіп отырды.
– Шырағым,– деді Сүлеймен көке ақжарқын көңілмен, –өзгелердің аты-жөнін баспасөзден оқимыз, ал мына Сағындық екеуміз жоқпыз. Пролетариат көсемінің хатына іспен, жанкешті еңбек еткендердің сапында біз де болдық. Балдарымыз сұрайды.
– А-та,сонда сіздер қайда едіңдер, –деп. Айтамыз. Әйтсе де қағазда хатталғандай бола ма?
– Ал, айтыңызшы, ол өзі қалай болып еді?
– Екеуміз де теңіз жағалауындағы Бөген ауылына жақын «Тәуір» аталатын шағын қыстақта тұрдық. Бір қоспыз. Табыс серікпіз. Бөгенде Красников, Марков, Кесин деген үш орыс байлары болды. Біз Красниковқа жалдандық. Әкелеріміз де осы байға қызмет еткен. Ау-құрал, қайық, ескек таяу, қыста сүймен күрек аламыз. Тапсырған балығымызға азық-түлік, киім-кешекпен есеп жасайды. Ақша бермейді, ақша берсе қалағанымызды алар едік. Кейде құрттаған ұн береді. Соны елеп, балық қармасын жасаймыз. Байлар жазда тіпті шіренеді. Балықты арзанға алады. Оны сақтайтын  мұзқаланың бізде жоғын біледі. Оларда бәрі бар. Мұзқала да, желкенді қайықтары да бар. Сонымен 1921 жылдың қазан айының 15-тері шамасында шағын қыстақта 13-14 жастардағы бала айқайлап тұрды:
– Пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына жазған әйгілі хаты оқылады. Соны тыңдаймын дегендерің Бөгенге жүріңдер!
– Неғыл дейді? Сондай әлемге танымал үлкен адам бізге, қу кедей балықшыларға арнап хат жазған ба, деп таңырқастық.  Екеуміз  Бөгенге келдік.  20-22 жас шамасындағы зіңгіттей жігітпіз. Біраз балықшы жиналған. Садақбайдың Медеубайы, Жайсақбайдың Сыдығы, Қуанышбайдың Шарабы, Төлегеннің Дәуіті, Бисенбайдың Өтегені, Күмісбайдың Ақбаласы, Кінәзбайдың Нұрғалиі, Көшенбайдың Симағанбеті, Нұрсейттің Ізмағамбеті, Өтеғұлдың Өтебі, Қозыбақтың Жақасы және-жәнелерін жазбай таныдық. Екі жігіт келді. Бірі бізге таныс ауылдық кеңестің хатшысы Гриша Дубовик қазақшаға судай. Жергілікті орыс. Соғыстан оралған солдат. Екіншісі – мойыл қара шашты қазақ жігіті. Оны танымадық. Сол сөйледі. Біраз түсінік жасап барып, В.И.Ленинің Арал балықшыларына арналған хатын оқыды.
«Сіздердің Арал теңізінде балық аулаудың жайы жаман емес және сіздер онша жаман тұрмайсыздар. Сіздер аулаған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан ісіп кеткен кемпір-шалдарға. Күйзелген 8 миллион еңбеккерлерге, ақыры бәрінен де бұрын қырылып кетуі мүмкін 7 000 000 балаға беріңіздер! Арал балықшылары мен жұмысшылары жомарт көмектеріңізді аямаңыздар!
Халық комиссарлары советінің председателі В.И.Ленин.
7 қазан,1921 жыл»
***
Ал мұндайда кім қалыс қалады. Әсіресе бала дегенде балық емес, жан пида дейтін ақкөңіл халық емеспіз бе? Жайсаңбайдың Сыдығы қол көтерді.
– Аға, не айтасыз!
– Екі айлық табысымды бердім! – деді дауысы дірілдеп.
– Ауу, деді біреу, алда қараша мен желтоқсан айлары тұр қаһарланып, жұтамын деп. Абыржы. Не қара су емес, не қатқан мұз емес, абайласаңшы!
Айтқаным айтқан, еш кері қайтпаймын, теңіз-таныс жау, таныс жау«алыспаққа жақсы» деген. Алысамын, жеңемін. Аянарым жоқ, – деп ол қайраттана түсті.
– Өзгелері не деді?
Не десін, қосылдық,– деді бір дауыспен.
Жиынға байлардың сөз тасушылары да қатысып тұрған-ды.Көбісі орыс тілділер еді. Жағаларын ұстады. «Мына кедей қазақтар бір күнде-ақ өзгеріп кетіпті ғой, сірә үгіт-насихат өтіп кеткен-ау» деп күбірлесіп, әрі енді байлардың күй-жайы не болар екен» деп шошынды да.
– Ақыры қалай болды?
– Асымдық норманы алдық та, 2,5 ай бойы аулаған балығымызды тегін түйе керуенге тапсырдық. Түйе шанаға тиелген мардан толы қаптарға көз салғанда өз-өзімізге, қу кедей болсақ та ғажайып қайырымдылық жасағанымызға разы болдық.
Түйе керуендері күн сайын Темірші стансасына қарай жөнеп бара жатты. Көргендер:
– Әй, бәрекелді-ай! – деп қол соқты.
1921жылдың 25 желтоқсанында, яғни 2,5 айдан кейін Мәскеуге, Кремльге мынадай телеграмма жолданды: «Қымбатты Владимир Ильич Ленин! Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатысты. Арал совдепінің председателі Т.Медетбаев».
– Әні, осылай да осылай болған, қарағым, – деп қос қария әңгімесін аяқтады. Сүлеймен мен Сағындық көкелеріміз сол әйгілі хаттың соңғы куәгерлері ретінде есімдері тарихта қатталып қалды.
Шөмішкөлдік Қуаныш
Аралдан Сыр бойына бет алып, дариядан өткенде Қызылжар елді мекенінен кейін Шөмішкөл ауылы бар. Қасында айнадай жарқырап Шөмішкөл көлі жатыр. Әлгі ауыл осы көлдің атымен аталған. Бұл жерді ежелден Арданалардың жері дейді. Өйткені мұнда Айдарбектің бір баласы Арданалар қоныстанған. Теңіз тартылып, Қасқақұлан елді мекені тарағанда мұнда Қасқақұлан ауылдық кеңесі орналасып, Шөмішкөл өз алдына үлкен мекенге айналды.
Міне, осы Шөмішкөлде кешегі бір жылдарда Қуаныш Қондыбаев деген жігіт болды. Мен аудандық мәдениет бөлімінде аға инспектор болып жүргенімде, ол осы ауылда ұзақ жылдар бойы ауылдық клуб меңгерушісі болып жұмыс істеді. Осы ауылда Үсейін Оразғұлов деген ағамызда көп жылдар ауылдық кітапхана меңгерушісі болды. Іссапармен осы ауылға барғанымда ара-тұра Үсейін ағаның үйіне түскенім болмаса, көбіне Қуаныштың үйіне баратынмын. Жанұясы адам жатырқамайтын сондай ақжарқын болатын. Ал Қуаныштың өзі болса үнемі күліп жүретін, кіршіксіз таза, ақкөңіл жігіт еді. Клуб жұмысын тексеруге барып отырсам да, Қуаныштың риясыз адал көңілін қия алмай тексеруді жайына қалдырып, суретші болғандықтан бір күнге кідіріп, клубтың көркемдеу жұмысына кірісіп кететінімді байқамай қалатынмын.
Сол Қуаныш кейін келе өнер шығарып, ақын болды, ақын болғанда суырыпсалма айтыскер ақын болды, тілші болды. Оның жазған мақалалары осы басылымда жиі жарияланып тұрды. Шөмішкөлдің, жалпы сол өңірдің тыныс-тіршілігін, бүкіл ахуалын Қуаныш арқылы біліп отыратын едік. Оның туған ауылы Шөмішкөлге деген махаббаты аса күшті болатын. Шөмішкөл десе Қуаныш, Қуаныш десе Шөмішкөл еске түсетін. Өлеңдерінің көпшілігі осы Шөмішкөлге, табиғатқа, достарына арналған. Ол не нәрсеге де бейжай  қарамайтын, бәріне де өзі араласқанды тәуір көретін. Былайша айтқанда «темпераментный» болатын. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына да белсене  қатысты. Ауданның белгілі сазгері, сол жылдарда осы Шөмішкөлде ауылдық  кеңесте хатшы болып істеген Дабыл Омаров: «Қуанышсыз жұмыс істеу маған қиын болған болар еді» деп оны мақтап отыратын.
Ауданда жыл сайын өткізіліп отыратын көркемөнерпаздардың аудандық байқауына шағын ауылдан ол көптеген өнерлі қыз-жігіттерді жинап, байқауға үлкен ұжым болып қатысатын және жүлделі орындарға да ие болатын. Сол жылдарда ауылдан бірқатар өнерлі жастардың өсіп шыққанының куәсі болдық.
Қуаныш қалаға әр келген сайын ар жақ-бер жағымыздан бір шығып, әйтеуір клубқа керекті музыкалық аспаптар мен сахналық киімдерді алмай кетпеуші еді. Сондай бір келгенде менің де ізімнен қалмай, үйге келіп «Шөмішкөл ауылдық клубы» деген паспорты мен бірнеше стенділерді жасатып алып кеткені бар.
Ол бірнеше рет аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі бірінші және екінші орындарды иеленді. Аралдың «Тамаша» ойын-сауық отауына әзіл скетч-интермедиялар жазып беріп жүрді.
Міне, осындай абзал азаматты тағдыр арамыздан ерте алып кетті. Негізінде, Алла тағала дарынды, талантты адамдарға ұзақ өмір сүруді жазбаған-ау, сірә. Қазақтың бағына біткен марғасқалары Шоқан, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Бейімбет, Сәкен, Күләш, Нәжмеддин, Мұқағали, Нұртуғандар өмірден ерте кетті. Солардың тағдырын біздің өңірден Рысбек, Бекұзақ, Сұраған, Темірхан, Қуаныштар қайталады.
Бірақ өздері ерте кеткенмен, олардың артында кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын мол мұралары қалды. Солар тұрғанда олардың есімдері ешқашан ұмытылмақ емес.
Биыл 28 шілдеде Қуаныш жетпіске толады. Тірі болғанда әлі де талай шығармаларды дүниеге әкелетіні сөзсіз еді. Осы айтулы күнге орай ұрпақтары оның шығармаларын жинақтап, «Әкемнің ізгі арманы» деген атпен жеке кітап етіп шығарыпты. «Ұрпағы бардың шырағы бар» деген осы. Қуаныштың көзін көрген, онымен ұзақ жылдар жұмыстас болған бізге оның есімі жадымызда ұзақ сақталады.
Ж. ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
26 шілде 2022 ж. 816 0