Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрғақшылық дүмпуі

Құрғақшылық дүмпуі

(Аралдықтар да жоңышқа егеді екен-ау!)
Көлігіміз «Қамыстыбас» станциясынан өте бере тоқтады. От алмады. Жүргізуші әрі-бері әуреледі де 2-3 сағатық жөндеу керектігін айтты.
– Апырай ә, –дей үрпиісіп қалдық.
Желдей зулаған джипке қол көтердім. Оң жақтағы есікті ашқан келімді, егде әйел:
– Отырыңыз, – деді.
– «Қыз бен ешкінің жүрмейтін жері жоқ» деген ғой ағасы, Бөген дей ме, сүген дей ме, осы жаққа оқу бітірген немере қызым ойда жоқта кетіп қалыпты. Көрсетем оған күйеуге шыққанды! Түркістандай жер жұмағы тұрғанда, маса-сонасы бөріше талаған, үстерінен балық исі мүңкіген бір сүмелекке  құмар болғаны несі-әй!
Бәйбіше біразға дейін сілтеді. Бір кезде маған қарап:  – дегенмен жолдарыңыз жақсы екен. Бәрі асфальт. Айнадай тегіс. Жүйткіп келеміз. Рахат! Мен бұлай деп ойламап едім.
– Бәйбіше, бізде бәрі жақсы. Әлгіде сіз «Үстері балық сасыған» деген жігіттеріміз аулайтын балықтың бірі – көксерке. Онда холестерин  болмайды. Сондықтан да шетелдік кәсіпкерлерАралға қарай ағылуда.
– Аха-ха! Балыққа ма! Піш-ту!..
Пролетариат көсемі В.И.Лениннің 1921 жылы Арал балықшыларына хат жазып, өлердегі сөзін айтып, аштыққа ұшыраған Поволжье халқына қайырымдылық көмек сұрағанынан сіз бейхабар болдыңыз-ау! Сендер жаққа ондай үлкен адамның хаты бармаған болар. Бізге келді. Қараша-желтоқсан айларында, өзен-көлдер мен теңіздің абыржы кезінде Арал балықшылары қауіп-қатерге қарамай 14 вагон (әр вагон 60 тонналық) шикі балық жөнелтті. Сонда айрықша көзге түскен сіз бара жатқан құдаларыңыз бөгендіктер болды.
– А-а, бөгендіктер дейсіз бе? Мұныңыз қызық екен. Дастарқанда сөз беретін шығар. Мақтауыма факті табылды-ау! Сіз де сол Бөгенге барасыз ба?
– Жо-қ, мына алдағы ауылда егілген жаңа жоңышқа бар. Соны көруге келемін.
Бәйбіше артына бұрылып:
– Неғыл дейді! Аралдықтар да жоңышқа еге ме? Сырдарияның баяғы жойқын ағысты тұсында екпеген дақылды, енді дарияның жылап аққан кезінде бірдеңе алмақ па? Піш-ту! Бұл қайдан келген идея?!
Тағы да аха-халап күлді де, білдім-білдім деді. Қос қолын шапаттап: – Балыққа тойып алып, пырылдап ұйықтаған балықшылар жоңышқаға неғып мойын бұра қалды десем, құрғақшылық дүмпуі екен-ау сендерді оятқан...
***
«Кәрі бөгетке» жеткесін машинадан түсіп қалдым. Өйткені оңтүстіктік құдағидың сайқы-мазақ күлкісі өлтіріп барады...
Захир ЖҰППАМБЕТ,
дербес зейнеткер
Арал қаласы
02 шілде 2022 ж. 565 0