Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата кәсіпті ардақтағандар

Ата кәсіпті ардақтағандар

Маусым – балықшылар үшін ерекше ай.  Өйткені бұл айда Арал айдындарында су маржанын сүзіп жүрген барша балықшы қауым төл мерекесін дүбірлете тойлап, айрықша атап өтеді. Айтулы күнге «Қамыстыбас балық пи­томнигі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны да жоғары еңбек көрсеткіштерімен,  толағай табыстарымен келді. Мекеменің құрамындағы 114 жұмысшы-қызметкердің бәрі де өз істерінің мамандары. Іргесі 1966 жылы қаланған балық өсіру питомнигінің мүшелерінің бәрі осы Қосжар елді мекенінде кіндік қаны тамған төл тумалары. Қамыстыбас көлінің жағасында шаңырақ көтеріп, ауыл тұрғындарының жұмыс орнына айналғанына 53 жыл толған бұл мекемені бүгінгі жұмысшылардың әкесі де, атасы да жұмыс істеп, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған киелі кәсіпорын деп айтуға болады.
Ұрпақ сабақтастығы мен ертеңгі күнге сеніммен қадам басып келе жатқан мерейлі мекен жыл санап қанатын кеңге жайып, ауыл мәде­ние­тін де айшықты көтере түсуде. Елба­сы­ның Аралға келген айтулы сапарында арнайы ауылымызға соғып, «Қамыстыбас балық питомнигі» өсірген бекіре балығына сырға тағып, көлге жіберуі, айдын көлдің жағасында тігілген ақ отаудың дастарқанынан дәм татуы– біз үшін үлкен мақтаныш, ұмытылмас естелік.
Елбасының тікелей ұсынысымен «Ға­сыр құрылысы» атанған Көкарал бөгетінің салынуы Кіші теңіз бен көлдер жүйесінде балық қорының молайып, жеткілікті өсуіне мол мүмкіндік туғызуда. Әсіресе балық питомнигіне қарасты «Қамыстыбас» көлін ерекше айтуға болады. Бүгінде біздің мекеме мемлекет тапсырысы бойынша 49 млн дана балық тұқымын су тоғандарына жіберіп, өсіріп отыр. Олар осында өсіп-өнгеннен кейін, күз айларында Қамыстыбас көлі арқылы ауданның барлық су айдындарына жол тартып, балық қорын молайтатын болады. Қазіргі күндері су тоғандарында 19,1 млн дөңмаңдай, 2,3 млн ақ амур, 27,9 млн тұқы балығының тұқымын өсіріп отырмыз.
Питомникте балық өсірудің барлық жүйесін жолға қойып, өз кәсібінің маманы атанған жұмысшы-қызметкерлеріміз аз емес. Солардың арасында өндіріс меңгерушісі Алмас Сүлейменов, питомник директорының орынбасары Айдос Есепбаев, аға балық өсіруші Шынболат Күлмашев, жұмысшылар Аманғос Жеткергенов, Нұрлан Нұрмановты ерекше айтуға болады. Мұнымен бірге Тастақ бөлімшесін басқаратын Аслан Дүйсенғалиев, жұмысшы Асылболат Дәндібаев – ортақ іске лайықты үлес қосып отырған өндіріс озаттары.
«Қамыстыбас балық питомнигі» Қазақтың балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалымен бірлесе отырып, көксерке балығын қолдан өсіруге ден қойып отыр. Қазір бізде бұл балықтың  1,5 айлық тұқымы жақсы өсіп-жетілуде. Бұл жұмыс ойдағыдай орындалғанда Аралдың су айдындарында балықтың тағы бір құнды тұқымы өсіп-өнетін болады. Біздің ұжым осылайша үлкен ізденіспен, жаңалық атаулыға жақын тұрып, еңбек етуде.
Питомникте жұмысшылардың қа­лып­ты еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Қажетті техника, осы заман­ғы жаңа құрал-жабдықтар жеткілікті. Біздің ұжым ауылдың мәдени-көпшілік жұмысына да ден қойып, қолдан келген көмегін көрсетіп отырады. Мекемеден зейнетке шыққан ардагер ақ­са­қалдарымызды құрметтеу, ауыл­дағы тұр­мысы төмен отбасыларына  қам­қорлық көрсету, кейбір тұрғындардың өтініші бойынша қажетті техникалар бөлу сияқты шаралар да біздің назарымыздан тыс қалып отырған жоқ. Қосжар ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бірден-бір мекеме болғандықтан, ауылға қатысты қандай бір жұмыс болса да, одан шет қала алмаймыз.
Бүгіндері балық аулайтын құры­лымдар мен балық өңдейтін шағын зауыттар, цехтар қалада да, ауылда да көптеп саналады. Бұл ауданда балық шаруашылығы жылдан-жылға дамып, балықшы қауымның тұрмыс-тіршілігінің жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе Арал балығының шет елдерге экспортқа шығуының өзі де аудан үшін мақтаныш. Осынау игілікті істе «Қамыстыбас балық өсіру» питомнигі ұжымы еңбегінің мол екенін айта аламыз.
Ауданда балық шаруашылығын қайта жаңғыртып, дамыту, су айдындарында балық қорын молайтып, ел дәулетін еселеп арттыру сияқты үлкен міндеттерді орындауда питомник ұжымы игі ізденіспен еңбек ете беретін болады.
Нұрқабыл Құланов,
«Қамыстыбас балық питомнигі» мемлекеттік қазыналық
кәсіпорнының директоры
10 шілде 2019 ж. 1 018 0