Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

Аташ: –“сендерді ме!” дегендей көкбеттеніп терісіне сыймай  және онысын байқатқысы жоқтай интернаттың келесі бөлмелерінің тағы бірінің есігін қағып: “түгелсіңдер ме, рұқсатсыз үйіне қайтқан кімдер бар?– деп түн ортасы ауғанша шарлаумен болды.   
***
Қалиядағы үш байдың – Красников, Кесин мен  Марковтың мұндағы балық өңдейтін өндірісінде 120-дай қыз-келіншек балық тұздап, оны қатырып, түйе шаналарға, ал жазда кемелерге тиеуші еді. Бұл промысельдерде күн сайын 2,5-3 мың пұттай балық қабылданатын. Балықтың әр пұтын 5 тиынға алатын олар осыны да көпсініп, ендігі жерде балықты тек азық-түлікке айырбастауға өзара ұйғарым жасады. Ал бұлай ету балық өткізушілерге өте тиімсіз еді. Шіріген, құрттаған, ескірген азық-түліктерін берді. Ал ақша болса байлардың дүкенінен қалағанын алады. Осы арада халық көтерілді. Ақыл сұрап Дубовикке келді. Жиырмасыншы жылдары ауыл-ауылда әлі де байлардың өктемдігі басым-ды. Сондықтан ауылнайдың тәртібін орындауды байлар тіпті де ойламайтын. Дубовик мынадай пікір қосты: – Балық өлшейтін құрылғы (гір) таба аласыздар ма? – деді.
– Табылып қалар, – деді Жұбекеш Байсалбаев.
– Онда балықты өздерің қабылдаңдар?!
– Қалайша?! – деп таңданды Жұбекеш.
– Ешқандай қалайшасы жоқ, – Дубовик темекі тартқалы әскери гимнастеркасының төс қалтасынан алтын жалатылған мүштүгін алып жатып, – балықтың әр пұтына 5 тиыннан ақша төлейсіз. Балық қабылдаушы етіп Кенжеғұлдың Серімбетін тағайындаңыз. Алған балығыңды Бәсібектің Өмірі түйе керуенімен Теміршіге (Қамыстыбас) апарып, сондағы дүкен ұстаған саудагер байларға сатады . Олардың балық өндейтін цехтары да бар. Демек, олар жас балыққа зәру. Онда халыққа да, өздеріңе де пайдалы іс істейсіз. Әрі Темірші  стансасына жеткізілген балықтың әр пұтына 20 тиыннан ақша төлеуіне мен кепіл. Сонда шығын өтеліп, пайдаға шығасыз.
– Ал-л, алынған балықты кім қатырады? Түйе керуеніне кім тиейді? Жұмысшы қолы жоқ қой бізде?!
– О жағын маған жүктеңіз. Ал Сіз мұз үстінен қора соғып, балық қабылдауға кірісе беріңіз, – деді Гриша нық сөйлеп.
Теңіз үстіне қамыстан қора соғу пәлендей қиындыққа түспейді. Мұзды әр тұстан сүйменмен ойып, қада ағашты мұзға қатырады да, соның өн бойына қамыстан буылған шомды қазіргі үйлердің қабырғасын тұрғызғандай сырып шығады. Бұл дайын болды. Балық қабылдана бастады. Бірсыпырасын тиеп, түйе керуендері Теміршіге жол тартты. Осы күндердің бірінде Дубовик қыздардың жатақханасына келді. Үш бай өзара жарысқандай құм төбенің етегіне оқушылар интернатымен қатарластыра  жатаған үйлерді  тізіп тастапты.
     – Сізге кім керек? – деді  алдыңғы үйден шыққан егде әйел.
– Жұмысшы қыздардың жатақханасын іздеп едім…
– Ым… қайсысы керек?
– Бәрібір маған...
– Жігіттер Фаяны сұраушы еді, ал сіз бәрібір дейсіз, – деді әйел күліп, – дегенмен анда барыңыз, әні, анау көк есіктен кіріңіз!
Қыз-келіншектер ауылнайдың хатшысын көріп, үрпиісіп қалды.
– Төрлетіңіз, жолдас хатшы, – деді секпіл бет, жуантақ қыз.
– Жұмысқа неге шықпадыңыздар?
         –Қайдағы жұмыс? Байларымыз шіріген ұнын өткізіп байыған үстіне байи түсеміз деп бізді асым балықтан да айырып отыр, – әлгі жуантақ, секпіл бет қыз оған жақындай түсіп, екі-үш күннен бері промысельге балық түспейді. Бөтен біреулер қабылдауда көрінеді.
– Сіздерге қайдан істегенде бәрібір емес пе? Анау Жұбекештің промыселіне барыңыздар?
Жөтел аралас шиқылдаған күлкі есітілді. Гриша кірген кезде байқамаған екен, жиырмадай кереует орналасқан үлкен бөлменің қабырғаға таяу бетіне шымылдық құрып тастапты. Күлкі со жақтан. Бұл бір кәттесі болды-ау, деп ойлады.
– Жұбекештің промыселі дейсіз бе?– деді әлгі дауыс шымылдықтың арғы жағынан, – қалайша аузыңыз барып промысель деп атайсыз? Бар болғаны мұз үстіне қондырған қоражай ғой. Және оның өмір сүруі де онша ұзаққа созылмас. Басқасын айтпағанда, соңыра мұз еріп, көктем келгенде балықты тұздайтын тұз екеш тұзды да мұнда жеткізе алмайды ғой. Байлар болса ерте қамданып, тұз дегеніңізді тау ғып үйіп тастаған. Жас балықты сақтайтын мұздатқыш орындары және дайын.
– Сіз бері шығып әңгімелеспейсіз бе, – деді Гриша шынында да оның мықты екенін байқап.
– Немене, маған сөз сала келіп пе едіңіз? Онда қалың малыңды дайындай бер, – деді ол тағы да жөтел аралас шиқылдай күліп, – жә, онан да бұйымтайыңыздың тоқетерін айтыңыз?
– Тоқетерін айтсам – сонда барып жұмысқа қосылыңыздар, байлардың төлегенін олар да береді.
– Ау-у, жақсы жігіт, бізді де ойлаңыз. Байлар ертең мына алтын сарайынан қуып шықса қайтеміз? Қайда барып паналаймыз? Дегенмен, Сізді сыйлағаннан қолғабыс беруге барайық. Әрі асым балық алармыз. Барамыз ба, қыздар?
– Барамыз! – деді бәрі шулап, – тіпті зерігіп біттік.
– Алайда, бір өтініш бар. Сіз осыны орындаңыз, – шымылдықтың арғы жағындағы дауыс келісімшарт жүргізгендей салмақтана түсіп, – бүгін бе, ертең бе, байлар балықтың әр пұтын 5 тиыннан қабылдауға көнеді. Сол кезде әлгі Жұбекештің промыселіндегілер "10 тиыннан сатамыз балықтың пұтын" деп шалқая түссін. Сол кезде біз де айқайға басамыз: – жалақымызды көбейт, әйтпесе кетеміз деп. Қызыл мұрын байларыңыз сонда екі оттың ортасында қалып, байи түсу ниеттерінің нендей пәлеге әкеліп соқтырғанын кештеу болса да сезетін болады.
– Ал он тиынға көнбей, теріс айналса қайтеміз? Өзіңіз айтқандай жаз айлары да таяу ғой, – деп Гриша қорқа соғып еді:
– Ой-дә, сізді соғыстан қайтқан солдат деп есіткенім бекер болды-ау! Жаңбырша жауған оқтан қайтпаған жүрегіңнің май басқан, өздері қазір үрейлі байлардың пысылынан сескенгенің қалай? Жолы жіңішке әйел құрлы сөзіңде тұрмайтын болсаң, мұнда несіне келдің! Қап, Нарке антұрғанмен алысам деп суға малынған штаным мен көйлегімнің кеппей тұрғаны, әйтпесе, сол екеуін де сізге сыйға тартар едім, сонда сіз үйіңе әйел болып оралар едіңіз!
– Ха-ха-ха! – әйелдер үйді басына көтере күлді, ха-ха! Несі бар, әрі еркек, әрі әйел болып шыға келесіз, ха-ха-ха!..
Гриша жай басып шығып кетті. Сыртта тұрып енді қарқылдап өзі де күлді.
– Әй, қыздар-ай! Әзілдерің не деген ащы еді. Бірақ бәрі шындық. Шымылдықтан шықпай-ақ қатырды. Әлгі «Жын соққан» Фаясы осы шығар. Ой, антұрған. Оның ішкі киімдерінің кеппегені де абырой болды-ау!..
***
Шұбатылған көйлек киіп, шарқаттарын кимешекке ұқсатып баса тартқан қыз-келіншектер балық қабылдау алаңына толып кеткенде, Жұбекеш таңырқаған жоқ. Бұл Гришаның ісі екенін білді де, оларды әр жұмысқа жекті. Балықты қабылдап, оны қатырып жөнелтудің сырына қанық қыздар жұмысты дөңгелентіп-ақ игеріп әкетті!..      
– Құрыдық, – деді Нарке иесіне жетіп келіп, – анау антұрған Фая бастаған қыздар Жұбекештің қабылдау пунктінде жүр.
– Неғып жүр? – деді алғашқыда оны түсінбеген Красников.
– Жұмыс істеп жатыр, түге! – деп Нарке қызырып, – е-е, жұмысқа кірді десейші, деді  Красников кекетіп, әрі креслоға шалқая түсіп, – неге өйтеді, ә? Өзгелері ше? Марков пен Кесиннің жұмысшылары қайда?  Олар да барды ма?
– Бүйте берсек, олар да барар. Ашқұрсақ отырғанды кім жақсы көреді дейсіз? – Нарке қаймықса да төтесіне көшіп. 
– Тарт тіліңді! – Красников қорбаңдап орнынан тұрды, –итше қуамын  бәрін де. Тез ауылнайды шақыр маған!
– Құп! – Нарке домаланып есікке беттеді.
Ауылнайы – иретілген ұзын сары Солодовников. Көпшілік оны «Аманөткелдегі» қамауға жазда бекіре балығын жинап, қыста сататын ірі бай манап Афонның інісі ретінде біледі. Қырықтың үстіне шықса да бала кездегі қожасына жалтақ мінез мүлде өзгермеген. Промысель ұстағандардың бәрін ол өзіне ие санайды. Кеңес мекемесін басқарса да оның негізгі мақсатына терең үңіліп, білейінші деген ниет онда болған емес. Афон не айтады, Красников не айтады деп солардың аузын бағумен болады. Және олардың тапсырмасын орындап жатқаны да шамалы. Көзін жыпылықтатып, құлағын тосып зейін қоя тыңдаған кейіп білдіргенімен, ізінше-ақ бәрін ұмытып кетеді. Қаладан шақыру келсе: Гриша, сен мені жақсы білесің, мен жол жүруге жоқпын ғой, жоғары жаққа өзің барып қайт, –деп жалбарынып бағады.
Өмірбаянында қу кедей, ата-бабасынан бері өмір бақи жалшы деп жазылғанымен оның байларға бір табан жақын, әрі солардың бұйрығын бұлжытпай іске асыруға тырысу сырын Гриша мүлде түсінбей-ақ қойды. Өзін бір түрлі аяйды. Сол себепті де бастығы ретінде жөнді тапсырмаларын тындырудан бас тартқан емес. Сол Солодовников ауылдың ағасы дәрежесінде емес, промысель иелеріне бәзбір бағынышты адамдардай-ақ Нарке барысымен ас ішкен дастарқаны жиналмастан тура жүгірді.
    Солодовников генералдың алдына келген солдаттай иіле қалды.
– Жұбекештің не істеп жатқанынан хабардармысың, – Красников түйіле сөйледі, – көз жұмып қашанғы отыра бермексің. Айтпақшы, сен әлгі Кеңес өкіметінен екенсің-ау! Кешіре көріңіз. Білмей қалыппын. Соларға болысып, айтақтап жүрген өзің болмағай. Таптым ғой, ә! – деді Красников күлген болып.
– Жо-қ, айта көрмеңіз, – деп Солодовников аузына  сөз түспей тұттығып қалды, – мен білген емеспін. Білсем де, біз араласа қоятын іс емес. Ауылдық кеңес өндіріске тәртібін жүргізбейді. Оның өз иелері бар. Солар жауап берсін!
– Араласпасаңдар, – анау хатшың неғып жүр? Ақылгөйі сол деседі ғой бұған не дейсің?
Солодовников “О жағын білмедім” дегендей иығын қиқаң еткізді. Ол білмейді емес, бәрін де сырттай бақылап, біліп “шоқ-шоқ” деп алақанын уқалап, Афон Агаповичтің бір бұйымтайы орындалатын болды, деп қуанышы қойнына сыймай жүрген. Афонның басты бір мақсаты – мұндағы үш байдың үшеуін де сүріндіру еді. Афон Агаповичті бұлар о баста есуасқа санап, мазақ еткені, сырттай даттап сылқ-сылқ күлгендерінің қарымтасын қалайда қайыруды ол әсте ұмытқан емес. Сол үшін де Жұбекештің түйе керуендеріндегі балығын жол-жөнекей сатып алып, өздерін тезірек кейін қайыруға асығатын. Жұбекештер бұған қуанбаса, өкінген жоқ. Өйткені жетпіс-сексен шақырымдық жолдың толайым отыз шақырымы қысқарады және балықты Теміршіге апарғаннан пәлендей кемге де алмайды. Осы іс ең болмаса екі-үш айға созылса – Қалияға қоныс тепкен байлардың едәуір пайдадан айырылып, іштері күйетіні анық еді. Афонның  Солодовниковке сол басы-қасында болмаса да осы бастамаң жөн, жалғастыра түс, деп жанұшыра тапсырғаны содан еді.
–    Ертеңгісін Жұбекештің балық қорасында боламыз, – деді Красников серейіп тұрған Солодовниковқа, өзі асығыс киіне бастап, – сол араға азанғы ондар шамасында бар, ал қазір жатақханаға кіріп шығайық. Біздің қыздармен біраз әзілдесіп серігіп қайтқын!..

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері,
Бөген ауылы,
Арал ауданы

(Жалғасы бар)
09 шілде 2021 ж. 418 0