Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

ХХ ғасырдың  басында  патша өкіметінің  отарлау саясаты Орынбор-Ташкент темір жолы салынғаннан кейін Аралға да Ресейдің орталық аймақтарынан, Орал мен Жайық, Каспий мен Азовтан келушілер көбейді. Бұларға бірінші орыс революциясынан қашып-пышқандар қосылды. Ол жылдары бұл өңір Түркістан генерал-губернаторының Сырдария облысы, Қазалы уезінің қарамағында еді. Мұрағат деректерінде 1909 жылы Сырдария өзенінің теңізге құяр аяғынан 228 000 пұт балық ауланғандығын айтады. Патша өкіметінің өкілі Н.А.Зарудныйдың дерегінде олар үйді ағаштан орыс әдісімен салынғанын, ал жергілікті тұрғындар құрылысқа саз бен қамысты пайдаланған. Аралдан кейінгі үлкен мекен – «Бөгенде» (Қалияда) орыс-қазақтардың 480 отбасы болды, дейді. Біздің де бұл әңгімеміз сол «Бөген» ауылындағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы бір оқиғаға байланысты өрбімек.
***
Бөген ауылы. Құмшағылдың үстіне, биікке орналасқан. Еңкеуде көлбеп теңіз жатыр. Құмшағылмен керзі етігін күріп-күріп басып, соғыстан қайтқан солдат Гриша Дубовик келеді. Көп сеніп оны ауылнайға хатшылыққа сайлаған-ды. Жұрт жөн-жосықты білетін оған келгіштейді. Ол осы арада  туып-өскен, жұртқа көзтаныс. Осыны дүкен ұстаған саудагер ноғайдың мұғалім баласы Аташ көре алмайды.  Жастайынан “бәрі менікі болуға тиіс” деген пиғылда. Осындай ойдағы ол ересек оқушы қыздардың бірі – Балдырғанның қазақ тіліне судай Гришамен ақжарқын сөйлесіп, күлісіп тұрғанын көргенде қызғаныштан іші жарылардай болып:
– Оқушы қыздан аулақ жүр, – деді Дубовикке бұйыра сөйлеп.
Балдырған өз жөніне кете барды. Балдырған о баста бірнәрсе айтқалы Гришаны іздеп шыққан-ды. Әңгімеге Аташ киліккесін ол бұйымын айта алмады. Мұны Гриша да сезді. Екі жігіт қыз тұлғасына сұқтана қарап қалды. Жүрісінде ешбір асығыс тарпаң білінбейді. Айдында жүзген аққудай жер сызып барады. Осы көріністің өзі маңайлаған жігіттердің жүрегін теңіз толқынындай тулатып-ақ жіберетін. Сондай өрекпіген пасық көңілден өрескел сөз де шығатын.
– Ол қыз саған жоқ, – деді Аташ Дубовикке төніп, – сұлу қыз сенің не теңің!.. Онан да қарыныңның тойғанын ойла. Ұдайы балық жеп иістенгенше үйге соқ, қасқалдақтың бір-екеуін асатып жіберейін!
Гриша терісіне сыймай кетсе де май басқан Наркенің осылай бұрылғанын байқап үндемеді. Ал анау болса қоразданып дауысын көтере түсті.
– Қойыңдар, ау-у, қойсаңшы енді, – деді Нарке, –Аташтың жеңінен тартқылады,  –қайтесің сонымен байланысып. Қажет десең ол қызды бүгін-ақ қолыңа қондырып берейін. Ал бұған көксау Фая да жетеді.
– Не  дедің ! – Гриша ашуға булығып, Наркенің жанына жетіп барды.
– Көк соққыр Фаяны айтам. Ұрттайтыны болмаса, әйелдің сырттаны ғой, – ол сылқ-сылқ күлді.
Қалиядағы промысель иелерінің ішіндегі мықтысы Красников еді. Азық-түлікті жазда кемемен, қыста шана-шанасымен әкеліп, қоймаларға сықап тығып қоятын. Және өздерімен бірге бірнеше жалшы әйелдерді ала келген-ді. Олар үй жұмысына да, балықты қатырып, тұздап, тиеуге де көмектесетін. Солардың арасында жігіт-желеңге жақын жүретіні Фая еді. Сол Фаяны енді Гришаға да қосақтап тұр. Осы тұста Красниковтан шақырушы келіп, Наркені алып кетпегенде бір сойқан болатын еді. Әйтсе де Аташ тек кетпеді.
– Ол қыз иәки менікі болады, иәки басы кесіледі, –деп Балдырғанның  үкімін сол арада-ақ шығарып қойды.
Гриша оның қандай мұғалім екенін енді түсінгендей ту сыртынан таңырқай қарап қапты. Жүріс-тұрысына, киімді тәртіптеп киісіне, сөйлеген қызыл сөзіне сенсең кеңес мұғалімнің өзі. Ал ішкі сырына үңілсең ше?  Нағыз жаналғыштың өзі дерсің. “Шығар бұлардан!”, деп Балдырғанды іздеп еді, ол ұзап кетіпті.
Балдырғанның Дубовикке айтпақшы болған жайдың мәнісі былай-ды: – Бір бөлмеде төрт қыз жататын. Үшеуінің ауылы жақын. Демалысқа қарсы сұрап қайтатындар кілең. Аташ мұны ерте бастан ескерген. Осыларға төртінші етіп Балдырғанды қосқан. Оның ауылы шалғай. Елу-алпыс шақырымда. Және Қалияда қонып шығатын пәлендей ет жақыны да жоқ. Осы күні кешкілік Солодовниковты шайға шақырған. Бір қолайсыздық кездесе қалса ауылнайдың өзін куәға тартып, бәле-жәледен тазарып шыға келмек-ті. Мұнан мүлде бейхабар Солодовников арақты жұтыңқырап алып тысқа беттегенде оған Аташ та ерген. "Сізді шығарып салайын, әр  жол-жөнекей жатақханаға да соға кетейін" деген ол момақансып. Балдырғанның бөлмесіне келгенде ішкі ілмешегін пышақтың қырымен оп-оңай ашып:
 – Сіз осылай күте тұрыңыз,  –  деп Солодовниковке өтініш жасап, өзі май шамы жылтыраған қуысқа зып берген.
 – Ай-й, сүрбойдағым-ай, – деп оның түнгі жарығына ырза болғандай Солодовников қисаңдап сыртқы күзетте қалған.
Аташ ішке енгенде сергек қыз орнынан атып тұрып:
– Бұл қайсың, – деп май шамның пілтесін көтере түскен.
– Мен ғой, жаным! –Аташ жақындай түсіп, аршыған жұмыртқадай аппақ мүсінге отыз үшінде де ұшып-қонып, көрсеқызар атанған безеу бет, ысқынсыз көмірдей қара пәле құшағын жайып, сүйір тұмсығын шиедей қызыл ерніне тақай берген...
 – Аулақ! – Балдырған жанұшыра шыңғырып екінші кроватқа аунап түсті де, өзге қыздар жататын екінші бөлменің жұқа қабырғасын қос жұдырығымен ұрып үлгірді . Қырдың қызыл түлкісіне тас төбеден шүйілген қара бүркіттей Аташ қыз  үстіне төне бергенде есік алдынан айқай шықты.
 – Жіберіңіз, ішке!
– Сабыр, сабыр жолдастар!
Аташ атып тұрды. Дәмін алған тәттісін жұта алмағандай тамсанып, іш құса боп у жалағандай күйде тұрса да жіміскіленіп, сылқ-сылқ күліп, жайраң қағып.
Интернат оқушыларын түгендеуге келсек те ізімізге аңдушы салып қойған ба? – деп келгендерге одырая қарады.
– Құрметті ағай! Қашаннан бері оқушы қыздардың бөлмесін түн аралайтын болып едіңіз, – деді Фая әдейі кекештене сөйлеп, –онан да сүйсеңіз мейір қандыратын бізге келмейсіз бе? – Фаяның ізіне ергендер ха-ха-лап Аташты ажуалап жабыла күлді.
ШӘКІРАТ ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері
Бөген ауылы,
Арал ауданы   
(Жалғасы бар)
06 шілде 2021 ж. 366 0