Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

Бір ғасыр бұрынғы ереуіл

ХХ ғасырдың  басында  патша өкіметінің  отарлау саясаты Орынбор-Ташкент теміржолы салынғаннан кейін Аралға да Ресейдің орталық аймақтарынан, Орал мен Жайық, Каспий мен Азовтан келушілер көбейді. Бұларға бірінші орыс революциясынан қашып-пышқандар қосылды. Ол жылдары бұл өңір Түркістан генерал-губернаторының Сырдария облысы, Қазалыуезінің қарамағында еді. Мұрағат деректерінде 1909 жылы Сырдария өзенінің теңізге құяр аяғынан 228 000 пұт балық ауланғандығын айтады. Патша өкіметінің өкілі Н.А.Зарудныйдың дерегінде олар үйді ағаштан орыс әдісімен салынғанын, ал жергілікті тұрғындар құрылысқа саз бен қамысты пайдаланған. Аралдан кейінгі үлкен мекен – «Бөгенде» (Қалияда) орыс-қазақтардың 480 отбасы болды, дейді. Біздің де бұл әңгімеміз сол «Бөген» ауылындағы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы бір оқиғаға байланысты өрбімек.
***
«Бөген» ауылы. Құмшағылдың үстіне, биікке орналасқан. Еңкеуде көлбеп теңіз жатыр. Құмшағылмен керзі етігін күріп-күріп басып, соғыстан қайтқан солдат Гриша Дубовик келеді. Көп сеніп оны ауылнайға хатшылыққа сайлағанды. Жұрт жөн-жосықты білетін оған келгіштейді. Ол осы арада  туып—өскен, жұртқа көзтаныс. Осыны дүкен ұстаған саудагер ноғайдың мұғалім баласы Аташ көре алмайды.  Жастайынан “бәрі менікі болуға тиіс” деген пиғылда. Осындай ойдағы ол ересек оқушы қыздардың бірі – Балдырғанның қазақ тіліне судай Гришамен ақжарқын сөйлесіп, күлісіп тұрғанын көргенде қызғаныштан іші жарылардай болып:
- Оқушы қыздан аулақ жүр, - деді Дубовикке бұйыра сөйлеп.
Балдырған өз жөніне кете барды. Балдырған о баста бірнәрсе айтқалы Гришаны іздеп шыққан-ды. Әңгімеге Аташ киліккесін ол бұйымын айта алмады.Мұны Гриша да сезді. Екі жігіт қыз тұлғасына сұқтана қарап қалды. Жүрісінде ешбір асығыс тарпаң білінбейді. Айдында жүзген аққудай жер сызып барады. Осы көріністің өзі маңайлаған жігіттердің жүрегін теңіз толқынындай тулатып-ақ жіберетін. Сондай өрекпіген пасық көңілден өрескіл сөз де шығатын.
- Ол қыз саған жоқ, - деді Аташ Дубовикке төніп, - сұлу қыз сенің не теңің!.. Онан да Қарыныңның тойғанын ойла. Ұдайы балық жеп иістенгенше үйге соқ, қасқалдақтың бір-екеуін асатып жіберейін!
Гриша терісіне сыймай кетсе де май басқан Наркенің осылай бұрылғанын байқап үндемеді. Ал анау болса қоразданып дауысын көтере түсті.
- Қойыңдар, ау-у қойсаңшы енді, - деді Нарке,- Аташтың жеңінен тартқылады, - кәйтесің сонымен байланысып. Қажет десең ол қызды бүгін-ақ қолыңа қондырып берейін. Ал бұған көксау Фая да жетеді.
- Не  дедің ! – Гриша ашуға булығып, Наркенің жанына жетіп барды.
- Көк соқыр Фаяны айтам. Ұрттайтыны болмаса әйелдің сырттаны ғой, - ол сылқ-сылқ күлді.
Қалиядағы промысл иелерінің ішіндегі мықтысы Красников еді. Азық-түлікті жазда кемемен қыста шана-шанасымен әкеліп қоймаларға сықап тығып қоятын. Және өздерімен бірге бірнеше жалшы әйелдерді ала келген-ді. Олар үй жұмысына да, балықты қатырып, тұздап тиеуге де көмектесетін. Солардың арасында жігіт-желеңге жақын жүретіні Фая еді. Сол Фаяны енді Гришаға да қосақтап тұр. Осы тұста Красниковтан шақырушы келіп Наркені алып кетпегенде бір сойқан болатын еді. Әйтсе де Аташ тек кетпеді.
- Ол қыз иәки менікі болады, иәки басы кесіледі, - деп Балдырғанның  үкімін сол арада-ақ шығарып қойды.
Гриша оның қандай мұғалім екенін енді түсінгендей ту сыртынан таңырқай қарап қапты. Жүріс-тұрысына, киімді тәртіптеп киісіне, сөйлеген қызыл сөзіне сенсең кеңес мұғалімнің өзі. Ал ішкі сырына үңілсең ше?  Нағыз жаналғыштың өзі дерсің. “Шығар бұлардан-!”, деп Балдырғанды іздеп еді , ол ұзап кетіпті.
Балдырғанның Дубовикке айтпақшы болған жайдың мәнісі былай-ды:- Бір бөлмеде төрт қыз жататын. Үшеуінің ауылы жақын. Демалысқа қарсы сұрап қайтатындар кілең. Аташ мұны ерте бастан ескерген. Осыларға төртінші етіп Балдырғанды қосқан. Оның ауылы шалғай. Елу-алпыс шақырымда. Және Қалияда қонып шығатын пәлендей ет жақыны да жоқ. Осы күні кешкілік Солодовниковты шайға шақырған. Бір қолайсыздық кездесе қалса ауылнайдың өзін куәға тартып, бәле-жәледен тазарып шыға келмек-ті. Мұнан мүлде бейхабар Солодовников арақты жұтыңқырап алып тысқа беттегенде оған Аташ та ерген. Сізді шығарып салайын, әр  жол-жөнекей жатақханағада соға кетейін деген ол момақансып. Балдырғанның бөлмесіне келгенде ішкі ілмешегін пышақтың қырымен оп-оңай ашып:
- Сіз осылай күте тұрыңыз, - деп Солодовниковке өтініш жасап, өзі май шамы жылтыраған қуысқа зып береген.
- Ай-й, сүрбойдағым-ай, - деп оның түнгі жарығына ырза болғандай Солодовников қисаңдап сыртқы күзетте қалған.
Аташ ішке енгенде сергек қыз орнынан атып тұрып:
- Бұл қайсың, - деп май шамның пілтесін көтере түскен.
- Мен ғой, жаным! - Аташ жақындай түсіп, аршыған жұмыртқадай аппақ мүсінге отыз үшінде де ұшып-қонып, көрсе қызар атанған безеу бет, ысқынсыз көмірдей қара пәле құшағын жайып, сүйір тұмсығын шиедей қызыл ерніне тақай берген...
- Аулақ! – Балдырған жанұшыра шыңғырып екінші кроватқа аунап түсті де өзге қыздар жататын екінші бөлменің жұқа қабырғасын қос жұдырығымен ұрып үлгірді . Қырдың қызыл түлкісіне тас төбеден шүйілген қара бүркіттей Аташ қыз  үстіне төне бергенде есік алдынан айқай шықты.
- Жіберіңіз, ішке!
- Сабыр, сабыр жолдастар!
Аташ атып тұрды. Дәмін алған тәттісін жұта алмағандай тамсанып, іш құса боп у жалағандай күйде тұрса да жіміскіленіп, сылқ-сылқ күліп, жайраң қағып.
Интернат оқушыларын түгендеуге келсек те ізімізге аңдушы салып қойған ба? – деп келгендерге одырая қарады.
- Құрметті ағай! Қашаннан бері оқушы қыздардың бөлмесін түн аралайтын болып едіңіз, - деді Фая әдейі кекештене сөйлеп,-онан да сүйсеңіз мейір қандыратын бізге келмейсіз бе? – Фаяның ізіне ергендер ха-ха-лап Аташты ажуалап жабыла күлді.
Аташ:- “сендерді ме!” дегендей көк беттеніп терісіне симай  және онысын байқатқысы жоқтай интернаттың келесі бөлмелерінің тағы бірінің есігін қағып: “түгелсіңдер ме, ұлықсатсыз үйіне қайтқан кімдер бар?-деп түн ортасы ауғанша шарлаумен болды.    
***
   Қалиядағы үш байдың – Красников, Кесин мен  Марковтың мұндағы балық өңдейтін өндірісінде 120-дай қыз-келіншектер балық тұздап, оны қатырып, түйе шаналарға, ал жазда кемелерге тиеуші еді. Бұл промыслдарда күн сайын 2,5-3 мың пұдтай балық қабылданатын. Балықтың әр пұдын 5 тиынға алатын олар осыны да көпсініп, ендігі жерде балықты тек азық-түлікке айырбастауға өзара ұйғарым жасады. Ал бұлай ету балық өткізушілерге өте тиімсіз еді. Шіріген, құрттаған, ескірген азық-түліктерін берді . Ал ақша болса байлардың дүкенінен қалағанын алады. Осы арада халық көтерілді. Ақыл сұрап Дубовикке келді. Жиырмасыншы жылдары ауыл—ауылда әлі де байлардың өктемдігі басымды. Сондықтан ауылнайдың тәртібін орындауды байлар тіпті де ойламайтын. Дубовик мынадай пікір қосты:- «Балық өлшейтін құрылғы» (гір) таба аласыздар ма?»-деді.
- Табылып қалар, - деді Жұбекеш Байсалбаев.
- Онда балықты өздерің қабылдаңдар?!
- Қалайша?! – деп таңданды Жұбекеш.
- Ешқандай қалайшасы жоқ, - Дубовик темекі тартқалы әскери гимнестеркасының төс қалтасынан алтын жалатылған мүштүгін алып жатып, - балықтың әр пұдына 5 тиыннан ақша төлейсіз. Балық қабылдаушы етіп Кенжеғұлдың Серімбетін тағайындаңыз. Алған балығыңды Бәсібектің Өмірі түйе керуенімен Теміршіге (қамыстыбас) апарып сондағы дүкен ұстаған сәудегер байларға сатады . Олардың балық өндейтін цехтары да бар. Демек, олар жас балыққа зәру . Онда халыққа да, өздеріңе де пайдалы іс істейсіз. Әр темірше  стансасына жеткізілген балықтың әр пудына 20 тиыннан ақша төлеуіне мен кепіл. Сонда шығын өтеліп, пайдаға шығасыз.
- Ал-л, алынған балықты кім қатырады? Түйе керуеніне кім тиейді? Жұмысшы қолы жоқ қой бізде?!
- О жағын маған жүктеңіз. Ал Сіз мұз үстінен қора соғып, балық қабылдауға кірісе беріңіз, - деді Гриша нық сөйлеп.
Теңіз үстіне қамыстан қора соғу пәлендей қиындыққа түспейді. Мұзды әр тұстан сүйменмен ойып, қада ағашты мұзға қатырады да, соның өн бойына қамыстан буылған шомды қазіргі үйлердің қабырғасын тұрғызғандай сырып шығады. Бұл дайын болды. Балық қабылдана бастады. Бірсыпырасын тиеп, түйе керуендері Теміршіге жол тартты. Осы күндердің бірінде Дубовик қыздардың жатақханасына келді. Үш бай өзара жарысқандай құм төбенің етегіне оқушылар интернатымен қатарластыра  жатаған үйлерді  тізіп тастапты.
     Сізге кім керек? – деді  алдыңғы үйден шыққан егде әйел.
Жұмысшы қыздардың жатақханасын іздеп едім…
Ым… қайсысы керек?
Бәрі-бір маған...
Жігіттер Фаяны сұраушы еді, ал сіз бәрі-бір дейсіз, - деді әйел күліп,-- дегенмен анда барыңыз, әні, анау көк есіктен кіріңіз!
Қыз-келіншектер ауылнайдың хатшысын көріп, үрпиісіп қалды.
Төрлетіңіз, жолдас хатшы, - деді секпіл бет, жуантақ қыз.
Жұмысқа неге шықпадыңыздар?
   Қайдағы жұмыс? Байларымыз шіріген ұнын өткізіп байыған үстіне байи түсеміз, деп бізді асым балықтан да айырып отыр, - әлгі жуантақ, секпіл бет қыз оған жақындай түсіп, екі-үш күннен бері Промыслаға балық түспейді.Бөтен біреулер қабыдауда көрінеді.
Сіздерге қайдан істегенде бәрі-бір емес пе? Анау Жұбекештің промыслына барыңыздар?
Жөтел аралас шиқылдаған күлкі есітілді. Гриша кірген кезде байқамаған екен, жиырмадай кроват орналасқан үлкен бөлменің қабырғаға таяу бетіне шымылдық құрып тастапты. Күлкі со жақтан. Бұл бір кәттесі болды-ау, деп ойлады.
- Жұбекештің промыслы дейсіз бе?– деді әлгі дауыс шымылдықтың арғы жағынан, - қалайша аузыңыз барып промысл деп атайсыз ?. Бар болғаны мұз үстіне қондырған қоражай ғой. Және оның өмір сүруі де онша ұзаққа созылмас. Басқасын айтпағанда соңыра мұз еріп, көктем келгенде балықты тұздайтын тұз екеш тұзды да мұнда жеткізе алмайды ғой. Байлар болса ерте қамданып тұз дегеніңізді тау ғып үйіп тастаған. Жас балықты сақтайтын мұздатқыш орындары және дайын.
- Сіз бері шығып әңгімелеспейсіз бе, - деді Гриша шынында да оның мықты екенін байқап.
- Немене маған сөз сала келіп пе едіңіз? онда қалың малыңды дайындай бер, - деді ол тағы да жөтел аралас шиқылдай күліп, - жә, онан да бұйымтайыңыздың тоқ етерін айтыңыз?
- Тоқ етерін айтсам – сонда барып жұмысқа қосылыңыздар, байлардың төлегенін олар да береді.
- Ау-у, жақсы жігіт; бізді де ойлаңыз. Байлар ертең мына алтын сарайынан қуып шықса кәйтеміз? Қайда барып паналаймыз. Дегенмен, Сізді сыйлағаннан қолғабыс беруге барайық. Әрі асым балық алармыз. Барамыз ба, қыздар?
- Барамыз! - деді бәрі шулап, - тіпті зерігіп біттік.
- Алайда, бір өтініш бар. Сіз осыны орындаңыз, - шымылдықтың арғы жағындағы дауыс келісім-шарт жүргізгендей салмақтана түсіп, - бүгін бе, ертең бе байлар балықтың әр пұтын 5 тиыннан қабылдауға көнеді. Со кезде әлгі Жұбекештің промыслындағылар 10 тиыннан сатамыз балықтың пұдын деп шалқая түссін. Со кезде біз де айқайға басамыз: - жалақымызды көбейт, әйтпесе кетеміз деп. Қызыл мұрын байларыңыз сонда екі оттың ортасында қалып, байи түсу ниеттерінің нендей пәлеге әкеліп соқтырғанын кештеу болса да сезетін болады.
- Ал, он тиынға көнбей теріс айналса кәйтеміз? Өзіңіз айтқандай жаз айлары да таяу ғой, - деп Гриша қорқа соғып еді:
- Ой-дә, Сізді соғыстан қайтқан солдат деп есіткенім бекер болды-ау! Жаңбырша жауған оқтан қайтпаған жүрегіңнің май басқан, өздері қазір үрейлі байлардың пысылынан сескенгенің қалай? Жолы жіңішке әйел құрлы сөзіңде тұрмайтын болсаң, мұнда несіне келдің! Қап, Нарке антұрғанмен алысам деп суға малынған Штаным мен көйлегімнің кеппей тұрғаны, әйтпесе, сол екеуін де сізге сыйға тартар едім,сонда сіз үйіңе әйел болып оралар едіңіз!
-  Ха-ха-ха! - әйелдер үйді басына көтере күлді, ха-ха! Несі бар, әрі еркек, әрі әйел болып шыға келесіз, ха-ха-ха!..
Гриша жай басып шығып кетті. Сыртта тұрып енді қарқылдап өзі де күлді.
 Әй, қыздар-ай! Әзілдерің не деген ащы еді. Бірақ бәрі шындық. Шымылдықтан шықпай-ақ қатырды. Әлгі «Жын соққан» Фаясы осы шығар. Ой, антұрған. Оның ішкі киімдерінің кеппегені де абырой болды-ау!..
***
Шұбатылған көйлек киіп, шарқаттарын кимешекке ұқсатып баса тартқан қыз-келіншектер балық қабылдау алаңына толып кеткенде Жұбекеш таңырқаған жоқ. Бұл Гришаның ісі екенін білді де, оларды әр жұмысқа жекті. Балықты қабылдап, оны қатырып жөнелтудің сырына қанық қыздар жұмысты дөңгелентіп-ақ игеріп әкетті!..      
- Құрыдық, - деді Нарке иесіне жетіп келіп, - анау ант ұрған Фая бастаған қыздар Жұбекештің қабылдау пунктінде жүр.
- Неғып жүр? – деді алғашқыда оны түсінбеген Красников.
- Жұмыс істеп жатыр, түге! – деп Нарке қызырып,-е-е, жұмысқа кірді десейші, деді  Красников кекетіп, әрі креслоға шалқая түсіп- неге өйтеді ә? Өзгелері ше? Марков пен Кесиннің жұмысшылары қайда?  Олар да барды ма?
- Бүйте берсек – оларда барар. Аш құрсақ отырғанды кім жақсы көреді дейсіз? – Нарке қаймықса да төтесіне көшіп.  
- Тарт тіліңді! – Красников қорбаңдап орнынан тұрды, - итше қуамын  бәрін де. Тез ауылнайды шақыр маған!
- Құп! – Нарке домаланып есікке беттеді.
Ауылнайы – иретілген ұзын сары Солодовников. Көпшілік оны «Аманөткелдегі» қамауға жазда бекіре балығын жинап, қыста сататын ірі бай манап Афонның інісі ретінде біледі. Қырықтың үстіне шықса да бала кездегі қожасына жалтақ мінез мүлде өзгермеген. Промысл ұстағандардың бәрін ол өзіне ие санайды. Кеңес мекемесін басқарса да оның негізгі мақсатына терең үңіліп, білейінші деген ниет онда болған емес. Афон не айтады, Красников не айтады деп солардың аузын бағумен болады. Және олардың тапсырмасын орындап жатқаны да шамалы. Көзін жыпылықтатып, құлағын тосып зейін қоя тыңдаған кейіп білдіргенімен ізінше-ақ бәрін ұмытып кетеді. Қаладан шақыру келсе: Гриша, сен мені жақсы білесің, мен жол жүруге жоқпын ғой, жоғары жаққа өзің барып қайт, - деп жалбарынып бағады.
Өмірбаянында қу кедей, ата-бабасынан бері өмір бақи жалшы деп жазылғанымен оның байларға бір табан жақын, әрі солардың бұйрығын бұлжытпай іске асыруға тырысу сырын Гриша мүлде түсінбей-ақ қойды. Өзін бір түрлі аяйды. Сол себепті де бастығы ретінде жөнді тапсырмаларын таыдырудан бас тартқан емес. Сол Солодовников ауылдың ағасы дәрежесінде емес, промысл иелеріне баз бір бағынышты адамдардай-ақ Нарке барысымен ас ішкен дастарханы жиналмастан тура жүгірді.
    Солодовников генералдың алдына келген солдаттай иіле қалды.
- Жұбекештің не істеп жатқанынан хабардармысың, - Красников түйіле сөйледі, - көз жұмып қашанғы отыра бермексің. Айтпақшы: сен әлгі Кеңес өкіметінен екенсің-ау! Кешіре көріңіз. Білмей қалыппын. Соларға болысып, айтақтап жүрген өзің болмағай. Таптым ғой, ә! – деді Красников күлген болып.
- Жо-қ, айта көрмеңіз, - деп Солодовников аузына  сөз түспей тұттығып қалды, - мен білген емеспін. Білсем де біз араласа қоятын іс емес. Ауылдық кеңес өндіріске тәртібін жүргізбейді. Оның өз иелері бар. Солар жауап берсін!
- Араласпасаңдар, – анау хатшың неғып жүр? Ақылгөйі сол деседі ғой бұған не дейсің?
Солодовников “О жағын білмедім” дегендей иығын қиқаң еткізді. Ол білмейді емес, бәрін де сырттай бақылап, біліп “шоқ-шоқ” деп алақанын уқалап, Афон Агаповичтің бір бұйымтайы орындалатын болды, деп қуанышы қойнына сыймай жүрген. Афонның басты бір мақсаты – мұндағы үш байдың үшеуін де сүріндіру еді. Афон Агаповичті бұлар о баста есуасқа санап, мазақ еткені, сырттай даттап сылқ-сылқ күлгендерінің қарымтасын қалайда қайыруды ол әсте ұмытқан емес. Сол үшін де Жұбекештің түйе керуендеріндегі балығын жол-жөнекей сатып алып, өздерін тезірек кейін қайыруға асығатын. Жұбекештер бұған қуанбаса, өкінген жоқ. Өйткені, жетпіс-сексен шақырымдық жолдың толайым отыз шақырымы қысқарады және балықты Теміршеге апарғаннан пәлендей кемге де алмайды. Осы іс ең болмаса екі-үш айға созылса – Қалияға қоныс тепкен байлардың едәуір пайдадан айырылып, іштері күйетіні анық еді. Афонның  Солодовниковке сол басы-қасында болмаса да осы бастамаң жөн, жалғастыра түс, деп жанұшыра тапсырғаны содан еді.
-    Ертеңгісін Жұбекештің балық қорасында боламыз, - деді Красиков серейіп тұрған Солодовниковқа, өзі асығыс киіне бастап, - сол араға азанғы ондар шамасында бар, ал қазір жатақханаға кіріп шығайық. Біздің қыздармен біраз әзілдесіп серігіп қайтқың!..
Амал қайсы, ол да, Нарке де қорбаңдаған ашулы шалдың ізіне ерді. Солодовников екі дәудің арасына кеп қыстырылғанын енді білді. Екеуінің бірі тақымының арасына салып езіп жібермесіне кім кепіл? Не істемек?  Кімнен ақыл сұрамақ? Арқасындағы таудай панасы – Кеңес өкіметіне сүйенуді, соның атынан кесімді сөйлеп, дабыл қағуға бос кеуде жасқаншақтық жасады. Ол неде болса, бүгін де, ертең де тіл қатпауға бекінді. Ал бүгін соның сәті келіп-ақ кетті. Олар жатақханаға тойға жиналғандай қызыл-жасыл киінген, шырқата ән салып, дөңгелене би билеген қыздар қауымының қоршауында қалды. Төсек-орынның бәрі тау болып үйіліп, кең бөлменің бір бұрышында жатыр.
- Тоғарыңдар енді! – деген Красниковтың өктем даусын да ешқайсысы есітпегендей, оның өзін де қыздар тобы би құшағына алып, шыр айнала берді. Красниковтың түтігіп, әрқайсысына аса таяғын ала жүгіргенінен де дәнеңе шықпады. Қаймыққан, қаша жөнелген болып аулақтай түседі де қайта қоршайды. Әрқайсысына бір жүгіремін деп әбден діңкәсі құрып, әлі кетті. Солодовников пен Нарке болса, – айдында жүзген аққулардың ортасына кіргендей алғашқыда тәкәппарланағандарымен кейін бойлары балқып, өздерінің би толқынына қалай қосылып кеткендерін де байқамай қалды.
- Ой, оңбаңдар, оңбағырлар. Салдақы кілең, - деп бай қарғысты жаудырып  шығар есікке таман жылжи берді…
...
Жұбекештің балық жинайтын ат шаптырымлдай кең қорасына биіктен, назар салар болсаңыз – шаналарын түйеге, атқа, өгізге, ешекке жегіп, ал көлігі жоқтар шана толы балықты өздері тартып солай шұбап жатар еді. Бұрын үш бай қабылдаған балықты енді бір өзі алып, үлкен іске құлаш сермеген қияқ мұртты, шоқша сақалды, қызыл шырайлы, жүзі жылы, орта бойлыдан аласа, мығым денелі төтрбақ жігіт ағасы – Жұбекеште “тым тәуір басталған істі бүлдіріп алмасам жарар еді, -деген қауіп бар-ды. Байлар әр пұдын 05 тиынға келіссе бар балықты аудара салудан тайынар түрі жоқ-ты. Оған себеп, балық қырманы тіпті биіктеп, оны қатырып жөнелту жағы күннен-күнге сылбыр тарта берді. Атты тағалаудың өзі проблема еді. Оның ұстасы да байсыз тырп етпейді. Азық-түлік дүкендерін байлар жауып тастады. Қайсыбіреулердің үйді жағалап, балықты ұнға, шекерге, шайға айырбас жасай бастағандары да бұларға түрпідей тиді. Сосын жас балықтарды қатыру үшін мұз айдындарын қардан жалтыратып әлсін-әлі қолмен тазалау, тау-тау балықты айдалада күні-түні бірдей күзетудің қиыншылықтары да аз емес-ті. Осындай қарбаласта күн жылып, мұз ери бастаса қыруар дүниенің ит пен құсқа жем болмасына аршашы кім? Ондай күш бізде жоқ.
 -   Келе жатыр! – десті осы кезде балық тапсырушылардың бірі.
- Кімдер, - деп Жұбекеш жалт қарады.
- Байлар!..
- Ашыққан ғой!
- Жата-жата жанбастары іскен шығар?
- Енді балықтың пудына 10 тиын сұрайық.
- Қасқыр ішіктерінен жылы будың бұрқырауын-ай?!
- Әне бір мыртығы кім?
- Нарке та!..
- Ой, сол ма еді. Ал анау діңгектей биігі ше?
- Солодовников ауылнай емес пе?!
- Е-е, сыриған кім десем...
Бұлай деушілерге Жұбекеш сескене, үрке көз тастады. Гришаны іздеп еді, бесжұлдыз қызыл кепкасын одырайтып, солдат шинелін жалпақ белбеуімен қынай буып, әскери етігін жалтыратып, мұнтаздай киініп келіп, о да байлар беттеген балық қатырылған аумақты мұз айдынына шүйіліп, қоңырқай жүзі мың құбылып тұр еді. Оған да оңай тимей жүр-ау, деді Жұбекеш тағы да күбірлеп, - әнебір “Қанды өткелдің” қожасымын деп күркіреген көкжал Афоның да сенімсіз. Бағасын арзандат, деп кекірейіп шыға келсе кәйтеміз? Қайдам, осындайда Бекшенің Қаласы бір ой тауып кетпесе…
Байлар темекілерін бұрқырата жүріп мұзға жайған дәу сазандарды таяқтарымен тамсана түртіп-түртіп қойды. Одан ақ қайрандарға, сосын қызыл бауыр кеспелтек семіз тырандарға жақындағанда бәрі де жұтынып, Шыдамсыз Кесин шіңкілдеп тіл қатты:
- «Алтынның қолда барда қадірі жоқ!» – деп екі-үш апталық алай-түлейде қаншама кірістен айрылғанына іші удай ашитынын сездіріп алды.
- Солай байеке – деді оны жанай өткен қағылез қара жігіт.
- Несі солай? – деп Кесин кілт тоқтады.
- Біз де бұл алтынның нарқын білмей мұтқа, мүлде әшейін беріп, сіздердің байып шірене түсулеріңе қолма-қол жағдай жасап келіппіз, - мыжырайған түлкі құлақшынның солпы бір құлағын ішіне қайырған, қолдан иленіп, қолдан тігілген қой терісін тон етіп олпы-солпысымен үстіне іле салған бұжыр бет, жанарынан от шашқан жігер иесінен сескенгендей Кесин мырза тұрған орнында шегеленіп қалғандай қозғалмады.
- Сен менде нанбайшы болған, - деді ол бір кезде бетіне түгі шығып.
- Иә, болғанмын...
- Сен Бекшив!
- Иә,Бекшиев
- Сен ауды  қайдан алған?
- Үш тартым ауды Марков мырзадан бұзаулы сиырға сатып алған, - деді байға өз акцентінде жауап қайырып.
Өз есімін есіткен Марков та кері бұрылды. Шегір көзін жыпылықтатып, «Сені қайда көрдім» дегендей төне түсіп;
- Ә, білем. Жақсы білем. Қызыл сиыр сүтті көп берген, - деді жіміскі езу тартып, - көріп тұрмын, сен ол аумен балықты көп алған. Мына шанадағы балықтың өзі кемінде бес центнер болатын шығар!
- Болып қалар, - деді ол түлкі құлақшынының екінші құлағын да ішіне қайырып, - бірақ, бұл бір апталық  табысым. Үш тартым ауға не жөнді балық түссін!.. Оған қосымша “Тұщыға”, “Станға” қаза бастым. Тынымсыз мұз ойып, талай рет аударып та құрдым. Сондай еңбекпен тапқан балықтың пудына 0,5 тиын аламыз. Ол не? Түк те емес. Оған жүз грамм крандар да түспейді.
- Енді қаншадан сатпақсың? – деді Красников сөніп қалған темекісін қайта-қайта тұтатып әуреленіп тұрып.
- Кемі он тиыннан!..
- 10 тиыннан! – деп байлар бір-біріне қарасты, - Жұбекешке де осы бағамен өткізесің бе?
- Иә, осы бағамен!
- Алмаса ше?!
- Алмаса қойсын. Қиналар біз жоқ. «Теміршіге» немесе анау  “Бізге әкел!” деп құрақ ұшып отырған Афон мырзаға-ақ апарып береміз!
- Афонға?!
- Иә, Афонға. Сөйтеміз ғой, достар ә! – деп өзін қоршаған балықшылардың да пікірін есіттіргісі келгендей өзі кейін шегініп, өзгелерге жол берді, - Ал, айтыңдар енді!
- Айтсақ, сол. Он тиыннан кемі жоқ. Одан да үйге апарып жинап алғанымыз жөн. Кім біледі, абыржы ұзаққа созылса бала-шағаға асқатыққа жарап жатыр ғой, - деген Нұсқанның Тұрғанбайының сөзін Жайсаңбайдың Сыдығы,Тәшеннің Жүсібі, Жубанның Дүйсенбайы, Қозыбақтың Жақасы, Қуанышбайдың Шарабы, Төлегеннің Дәуіті, Бисембайдың Өтегені, және-жәнелері қоштады.
Афон аты аталғанда байлардың түсі бұзылып, бақталастықтың мылтықсыз майданына киліккендей сезінді. Ал «Темірше» станциясының сәудегерлерімен, оның баржағында Афон сияқты ірі тұлғамен әзіл өте қауіпті еді. Ілгеріде осы іспеттес тартыстың кесірінен «Теміршенің» сәудегерлері жүз елу түйе шанамен келіп, осындай жиналған балықтың 1,5 есе  қымбат бағасына алып, бір түнде тайып отырғанын есіне алған Красников өзінің жеңілгенін мойындап, айтқандарың болсын дегелі сөз сөйлеуге  ыңғайлана бастағанда:
- Красников мырза! – деген жіңішке әйел даусы саңқ етті, - біз де адамбыз ғой!  Ендігі жерде әйел де, еркек те тең праволы болады, бірінен-бірі жақсы көрсе қосылады, болмаса қосылмауына құқы бар деген лақап тарап жүр.
- Ой, сенің жақсы көргеннен садағаң кетсін, - деп Красников сілкініп қалды.
- Жо-қ, айтсын! – деп Дубовик алға ұмтылды.
- Айтсын! – деп әйелдер де, еркектер де шулады.
- Менің айтарым көп емес, - деді жұпыны әйел сөзін жалғап—біздің тапқанымыз тамағымыздан ауыспайды. Шаш тарақ та ала алмаймыз.Сондықтан да тамақты ақысыз – пұлсыз беруді талап етеміз. Біз кетпесін десеңіз – мынада жазылғандарды орындаңыз, - деп Красниковқа бір жапырақ қағазды ұсынды, - мұнда бізге үш мезгіл берілетін тегін тамақтың менюмі көрсетілген. Көп бас қатырғанымыз жоқ. Бостан-босқа дерлік келіп жатқан балықтан дайындап берсеңіздер болды.
- Ой, бейбақ. Мына антұрған менюге дейін жасаған ба? – деп Нарке  бұртиып.
 Марков пен Кесиннің де көздері атыздай болды. Өйткені, мұнда ол екеуінің промыслында істейтін қыз-келіншектер де түгел жиналған екен.
- Ал не дейсіздер бұған? – деді әлгі жіңішке дауыс,-талабымызды орындамасаңыздар,–осы тұрған жұмысшы қыз-келіншектер болып, түгелімізбен Темірше стансасына жетіп, поезға отыруға уәде байластық.
- Иә, бәріміздің де айтарымыз сол!
- Мейлі айтқандарың болсын!, - деді Красников даусы дірілдеп мойнына су құйылғандай ұнжырғасы түсіп.
- Міне, мұныңыз мырза деген атқа лайық, - деп құрбыларына оралған Фаяға шынында да Гриша сүйсіне қарап қалған-ды.
- Немене, ықыласың құлапты ғой, танымаушы ма ең, Фая деген «Ішкірің» осы, - деді Нарке оған сүйкене беріп.
- А-а, - деді Гриша таңырқап, - өзін жұрт «Маскүнем» дегенімен сөзі оңды ғой…
***
Мана, кеңсе жабыларда, бейтаныс картаң әйел Г.Дубовикке келіп, бір жапырақ қағаз ұстатып кеткен. Ашып қараса: «Балдырғанды құтқара көріңіз.Бүгін түнде» деген жазуды оқып,—байғұс  қызды Аташтың жезтырнағынан қалай аман босатудың айласын ойлап басын қатырумен отырып, өзінің қалғып кеткенін де сезбей қалды жүдә… Қалиядан онсегізінші жылдың күзінде екі жылдық сауат ашу мектебі ашылып, іске кіріскен күндердің бірінде “Домалақ” көлінің жағасына қоныс теуіп, содан балық аулап, қамыс орып, одан ауысқанын сатып күнелткен Сәнау есімді өзіндей қу кедей жолдасының үйінде болғаны бар-ды. Сонда осы 14-15 жастар шамасындағы сымбатты бойжеткен сып-сыпайы амандасып, қысылмай кең отырып шай құйып берген.
Қарындасың ба? – деді Сәнауға, - өзі қалада оқыған сияқты-ау!
Қайдан білдің? – деп Сәнау жалт қарады.
Өзге қыздардай басын жерден көтермейтін ұялшақ емес, жайдары екен, - деді.  
Екеуі де қарқылдап күлді. Балдырған болар-болмас ғана миығын тартты. Сонысының өзі қыздың жібектей ұлпа мінезін бейтаныс жігітке паш еткендей әдемі шықты.
- Тауып айттық, Сәнау досының сезімталдығына разылық білдіре сөйледі,- «Сұлутамда» (Қазалы) туған нағашым тұратын. Соның қолында тиіп-қашып бір жылдай оқыды. Жақында ол кісі дүние салды. Басқа қарасты адамы жоқ, семьясының күн көрісіне ортақтастырмайын деп көктемде алып қайттым. Содан үйде. Менің қаза басып, қамыс оруыма қолғабыс береді. Жеңгесінің де ыңқыл-сыңқылы көп. Қолымыз ұзарып қалды тіпі.
- Енді Кеңес өкіметінің мектебіне бер, - деді Гриша.
- Қайдағы?!
- Қалидан екі жылдық мектеп ашылып жатыр. Ұлдар да, қыздар да жатқханаға орналасады.
- Осы өзіміздің Қалидан ба?
- Иә, өзіміздің. Мақұл десең – ертең-ақ жеткізіп сал. Қағаз жағын реттеп қоям.
- Өзі білсін! – деді Сәнау.
Не айтасың, дегендей екеуі де мойын бұрып еді. Балдырғанның қос жанары от шашып, екі беті балбырап, қызыл шырайлана түсіп, баяу ғана:
Оқысам-оқиын, - деді.
Сәнау сөзінде тұрып, ертеңіне жаяу ерітіп әкеліп бас-көз боларсың деп Гришаға қолқа салған. Балдырғанмен оның тілдесуі Аташ теріс ұққандай ғашықтықтан емес, ағасымен жолдастықтан және қыздың өзімен жеке таныстықтан еді. Одан бері де жыл өтті. Балдырған бұрынғысынан да толығып, ол толықтығы өзі сымбат денесін сұлулай түсіп, жігіт-желеңнің көз жауын алатындай мінсіз мүсінге айналғанын Гриша осы күні байқап еді. Байқады да қайран қалды. Сол бейне енді махаббат иіріміне өзін де тартып баратқанын айқын сезді. Сезді де шошып кетті. Шошитын себебі – қазақ даласында қазақ қыздарының орыс жігітіне тұрмысқа шығуы ерсі көрінетін тіпті сирек оқиға еді. Екіншіден, Сәнаудан ұялды. “Сенген серкем сен болсаң, мүйізіңді отайын” деп теріс айналса не бетін айтпақ? Шошып оянып сағатына қараса түн жарымы болып қалыпты.
- Қап! – деді ол анасы қасына қойған бір стакан қызыл шайды сіміріп жатып, - кешікпесем неғылсын!
                                               ***
Түн мұндайда қараңғы болар ма!.. Көзге түртсе көрінбес тас қараңғы. Аспанға бұлт айналып, еріншектеу жаңбыр сіркірейді. Теңізден соққан желдің де қаһары онша емес. Бұлтты айдап, жаңбырды тоқтататындай қайраты жоқтығына өкінгендей ышқына соғады да  ішін тартып тына қалады.  Күн бата әр үйдің терезесінен тышқанның көзіндей жылтырайтын май шамдар да сөніп қалған. Гриша ештеңені айыра алмай есік алдында біраз тұрды. Көзі үйренгесін жүршек еді, осы тұста интернат жақтан абалаған иттердің даусын естіп, жаңбырға сілейіп тұра беруге тағаты болмай қою   қараңғылыққа  қойып кетті. Қыздар бөлмесіне кіретін жол қайырылысында ұзынды-қысқалы екі тұлғаға тап болды. Бірдеңені қолдап көтеріп, зытып барады. Гриша кілт тоқтап, бұға қалды. Олар өтіп кетті. Байқаған жоқ. Байқайтын да жағдайда емес. Гриша бұлардың кім екенін және не нәрсені алып бара жатқанын білген жоқ. Не де болса түн жорытқан қарақшылар ғой деген оймен ізіне түсті. Жағадан аулақта, теңізге шығар қосалқапта желкенде үш кеме тұр. Үшеуі де байлардікі. Қажет болса Темірке сияқты сәудегерлер жалдап алып пайдаланады. Онда да ара-тұра Промысыл қожаларының  өздерінен босай қалса.  Мұз ерісімен “Алтықұдыққа” қатынаудан босамайды. Теміржолға жазда балық арзанға түсетін су жолы арқылы жеткізіледі. Ұрылар солай жүрді. Жағалауға беттеді. Гриша қарақшылардың сол кемелерден екеніне шүбә келтірген жоқ. Енді кешіксе жағаға қалдырған қайықтарын отырып, құтылып кететіндерін де жақсы сезді. Сезді де арттарынан барын сала жүгірді.
       Ол қарақшыларға белуарына дейін құрлыққа сүйреп шығарған қайықтарын екеулеп итеріп түсіргелі жатқан кезде жетті. Әлгі дүниелерін қайда қалдырды деп аңырып қалды бір сәт. Ох! – деді қайықтың ішінде болуға тиісті екенін есіне түсіп. Аянары қалған жоқ. Бетін байлаған екеудің біреуін бар пәрменімен періп жіберді. Ол ұшып түсіп, еңкеудегі суға күмп етті. Бірақ, екіншісі бұған тап берді. Және жуық арада берісе қояр түрі байқалмайды. Фаяның “жираптай  ұзын мойын біреуі бар” дегені расқа шықты. Сол ұзын мойынмен Гриша итшығыс түсіп, қайта тұрып аянбай алысты. Суға құалағаны да тұрып келе жатты. Ол ұзын мойынға көмекке келуді ойламайтын сияқты. Қайықты суға түсірмек болып қара құсына арқасын тақап күшене бастады. Қалайда қайықты жібермеу керек, деп түйді Гриша іштей. Ұзын мойыннан босана беріп, екіншісін көк желкеден қондырды. Бұл жолы құламады. Өзщімен алыса кетті. Және бір аяғын қолына түсріп жібермеді. Енді қайықты ұзын мойын итерді. Жылжытып түсіріп барады. Гриша бір аяғымен секеңдеп жүріп етбетінен құлады. Анау арқасына қонып алып бас-көз демей соқты. Жан дәрмен тырбаңдап жатқан қолына құм жағадан Шағыр тас ілінді. Мұндай тас құм арасында көп болатын. Манадан есіне қалай түспегеніне өкінгендей қайта күш жинап, шалқалай беріп үстіндегіні шекеге таспен соқты. Ол ыңырана аунап түсті. Тұра салып қайықты суға салуға жақындатқан ұзын мойынмен алыса жүріп суға екеуі де құлады. Шалқалай түскен денесі қатты затқа тиіп, есі ауып басы айналып бара жатты. Бірақ ол осы кездегі таң шапағымен таласа арқадан ескен таң самалы арқылы “Балдырған, қайдасың, сен!” деп өзіне ең қымбат есімді атаған орыс-қазақ қыздарының осылай жақын келген айқай-шуын анық есітіп еді…           
Қыз құтқарылды. Бірақ жұрт сырттай тойшылағанымен «Ұрылардың» есімі аталмай «Құпия» қалды.
                                
ШӘКІРАТ ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері.
«Бөген ауылы»
Арал ауданы                                  
         
         
           
29 мамыр 2021 ж. 404 0