Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйгілі хатқа –100 жыл: Атаның әңгімесінен

Әйгілі хатқа –100 жыл: Атаның әңгімесінен

Биыл, яғни 2021 жылдың күзінде В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына артық-кемі жоқ жүз жыл (бір ғасыр) толады. Ата-бабамыздың сондағы қайырымдылық, жанкештілік іс-әрекетіне қайран қаламыз. Себебі қараша-желтоқсан айларында, теңізден абыржы кезінде балық аулау аса қауіпті-тұғын. Соған қарамастан аштыққа ұшыраған Поволжье халқына он төрт вагон балық жөнелткен ғой. Бұл шараға жас та, үлкендер де кіріскен. Соның бірі менің атам – Әбіл Қыстаубаев екен.
Атай Аманөткел ауылына қарасты Мырзаста дүниеге келген. Өзінің айтуынша, Нұртуған шайырдың баласы Зәйтүнмен бірге өскен. "Жасымнан жыр тыңдап, қиссалар оқыдым" дейтін. Есейе келіп балық аулап, үлкендерге көмектескен. В.И.Лениннің жолдаған хатына жауап ретінде қауіп-қатерге қарамай балық аулаған көрінеді. Сонда небәрі 12 жаста екен. «Қаракөл», «Тасты» сияқты балығы көп аймақтарға да барған. Ауланған балықты ат, түйе шанаға тиеп, «Қамыстыбас» стансасына жөнелтуге де қол ұшын бергенін шежіре ғып айтушы еді.  «Ақшатау» колхоз болып ұйымдасқанда, соған мүше болып кіріп, өндірістік жоспарын үнемі артығымен орындаған. Осындай әңгімесін тыңдай бергіміз келетін.
Атай 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысады. Және бір емес, екі рет барады. Әуелі ауыр жарақат алып, елге оралады. Жарақатынан айыққасын алты айдан соң тағы кетеді. 1946 жылы есен-сау елге келіп, Арал теңізі портында жүк тасушыларға бригадир болады. 1956 жылы «Ақшатау» учаске болып қалып, «Аманөткел» колхозына қосылғасын туған жерге келіп, ағайын-туыспен бірге бақуатты өмір сүреді. Атай турашыл, өтірікке жаны қас еді. Баласы Айкөрген де, келіні, мен де қара шаңыраққа ие болып отырған жайымыз бар. Соған шүкіршілік етеміз.
Пролетариат көсемі В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына жүз жыл толар алдында осы жолдарды жазуды өзіме парыз санадым.
Айымкүл ӘБІЛОВА,
келіні,
Аманөткел ауылы.
Арал ауданы
Суретте: Әбіл ҚЫСТАУБАЕВ
07 қыркүйек 2021 ж. 4 574 0